250 имам «Діни рәсімдер» семинарына қатысты

Жамбыл облысының рухани жүрегі облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде «Бірізді діни рәсім – ауызбіршілік пен тұрақтылық кепілі» атты семинар өтті.

Айтулы бас қосу «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы діни қызметшілердің ықпалы» тақырыбындағы іс-шараның екінші бөлімі ретінде жалғасын тапты. Алдында атап өткендей өнегесі мол мәслихатқа 250-ден астам дін маманы қатысты.

Семинарда ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев сөз бастап, келілі жиында келісті ой айтты. Сондай-ақ, өкіл имам «Алдағы уақытта «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы бойынша дін мамандары сынақ тапсырса» деген ұсынысын жеткізді.

Семинарға арнайы Оңтүстік Қазақстан облысынан ат артып келген облыстық орталық мешітінің найб имамы Еркебұлан Қарақұлов мазһаб ұстану, Құран мен сүннет, жат ағымда жүрген мұсылмандар қателесетін жайттар жайлы дәріс жүргізді. Ол: «Ауызбіршілік бар жерде бір ізділік болады. Кей елдер мазһабсыз дін үйреніп фитнаға тап болып, шатасу мен адасушылыққа ұрынуда» – деп атап өтті.

Ал Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов имамдардың сауалдарына жауап беріп отырды.

Алыс-жақын өңірлерден келген мамандар осынау семинарда біраз ой түйіп, жаңа серпіліс жасаған-ды.

Шара соңында кезектен тыс аудан имамдарының жиналысы өтіп, күнтәртібіндегі мәселелер қаралды.

 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы

баспасөз қызметі.

Return to Top ▲Return to Top ▲