Бірде сиыр сауып, соның сүтін ,түрлі өнімдерін сатып күнелтіп отырған қарапайым бір жігіттің мектеп жасындағы баласы өзге дінді ұстанатын көршісіне екі литр сүт апарады. Алғашында көрші баланың ілтипатын сый деп қабылдаған ол мұның бірнеше күнге созылатынын білмеді. Келесі күні үш литр, тағы бір күні бес литр, басқа бір күні қайтадан екі литр сүт көтерген кішкене бала көршісін қуантып жүрді. Күйбең тірліктен қолы тимей жүрген әлгі көрші кісі бір күні сәті түсіп сүт әкеліп жүрген баланың әкесімен сыртта жолығып қалады. Көршісінен баласының күн сайын өзіне сүт әкеліп жүргенін, мұның себебін сұрайды. Сонда баланың әкесі: «Сізге айтуға бата алмай жүргенбіз. Оның үстіне үйіңізге күнде шаршап келесіз. Осылай сүт беріп тұрсақ, кешірерсіз деп ойладық,» – дейді. «Қандай кешірім?» деп көршісі таң қалады. «Өзіңіз білесіз, сіздің үйдің ауласы көк майсаға толы. Біздің сиырымыз қанша қайтарсақ та сіздің аулаңызға кіріп кетіп, күн сайын тойып шығады. Енді сіздің шөбіңізбен қоректеніп, беріп жатқан өнімді өзіміз ғана кәдеге жаратсақ, адал болмас еді әрі мұсылманшылыққа да жараспайды» деген көрші жігіт жымиған қалыпта үйіне кіріп кетті. Қаққан қазықтай тұрып қалған өзге дін өкілі мұсылман көршісінің бұл қарекетіне қатты таң қалады. Түнімен төсегінде ұйықтай алмай, келесі күні таңертең көрші жігіттің есігін қағады. Ислам дінін қабылдап, мұсылманшылықты қабылдағысы келетінін айтады.
Қандай ғажап оқиға! Кісі ақысына адалдық танытуының арқасында бір адамның Ислам дінін қабылдауына себепкер болды әрі арын да таза ұстады. Осындайда бұрынғы ғұламалардың «Кімде кім Алла үшін мұсылман бауырының алдында ақысын өтесе, Алла оған екі рет сауап жазады: өзіңе түскен ақыңды өтегенің үшін және Алланың жаратылысына сол арқылы тигізген пайдаң үшін» деген сөзі еріксіз еске оралады. Ізгілердің «Ең қайырлы ораза – ешкімнің ақысын жемеу. Ол өмір бойы ұсталады» деген сөзін мемлекет қамында жүрген азаматтар да, қарапайым жұмысшы да көзге жиі түсетін орынға, телефонының бетіне жазып қойса болатындай.
Аталған тақырыпта мағыналы мақаланы «Munara» газетінен оқып, үзіндісімен бөлістік. Қаласаңыз толық нұсқасын діни-танымдық газеттің өзінен оқи аласыздар.