Уақыт – Жаратушының адам баласына берген шексіз нығметі әрі сынағы. Нығметі дейтініміз – сіз сол уақыт аясында Алланы танисыз, құлшылық қыласыз, тәубе етесіз. Бір сөзбен айтқанда Алланың сүйікті құлы болуға әрекет жасайсыз. Ал сынағын айтар болса ол өте ауыр, әр сәтіңіздің қалай өткеніне есеп бересіз.
Алла өзінің Рахман, Рақым, Әділ сипатымен барлық адамға уақытты тең дәрежеде үлестірген, біреуге артық біреуге кем бермеген. Әр адамның үлесінде 24 сағат бар. Бірақ бір адамдар осы уақытты тиімді пайдаланса, енді бір адамдар уақытын рәсуа қылып не өзіне, не өзгеге пайдасын тигізе алмауда. Расында уақытты жүйелей білу – барлық берекенің бастамасы.
Әрбір мұсылманның өмірдегі мақсаты – Алланың сүйікті құлы болу, бастаған ісі берекеге ұласып, табысқа кенелу, балалары үшін мейірімді әке, ата-анасына мейірбан ұл, жарына ең сүйікті адам болу. Мұны қаламайтын, армандамайтын адам кемде-кем шығар.Алайда сол мақсатқа жету үшін біз қаншалықты күш жұмсаудамыз? Жауабы әрине күрделі, толғанарлық!!
Кейбір адамдар күйбең өмірінде тыным таппай бал арасы секілді ұшып-қонып жүргенімен жұмысының нәтижесі ретінде бал арасы секілді тәтті балын тата алмауда. Мұның басты себебі – Алланың аманат етіп берген уақытын тиімді пайдалана алмауы, уақытты жүйелі басқарудың тетігін білмеуі. Ендеше, өмірімізді жүйелеу жолын сатылап жазып көрелік.
Өзіңді таны. Көп адамдар бұл өмірде өзін танымай өтіп кетеді. Енді бір адамдар қиын іс басына түскен кезде ғана өзінің шама-шарқын біліп жатады. Алла Тағала адам баласын көркем түрде кемшіліксіз жаратқан. Алла Тағала Құранда:
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық» , –дейді.
Қысқаша түсіндірме:Яғни, адам баласын өте көркем, сұлу бейнеде жараттық. Бойына көркем сипаттарды дарыттық. Оның көркем түрде жаратылғанының белгісі – дене-мүшелерін кемшіліксіз жаратып, ерекше үйлесімділік берген. Оны тек көркем жаратып қана қоймай, оған түсінік, ілім, ақыл, пайым, сөйлеу, әдептілік қабілеттерін бердік. Мужаһид «керемет бейнеде» – деген Құран аятындағы сөзді: «ең жақсы түрде, жаратылғандардың кемелі» – деп, түсіндірген. Бұл аяттан біз адамның ең ұлы жаратылыс екенін байқаймыз.
Мақсат. Өмірде мақсатсыз адам болмайды. Бірақ өкінішке орай көп адамның мақсаты орындалмас арман болып қала береді. Мақсат – адам нәтижесіне кәміл сеніп, табандылықпен ұмтылатын, сол адам үшін ең маңызды болып табылатын дүние. Алайда мақсатты дұрыс қоя білу қажет. Себебі, мақсатқа жету – бұл өз қажеттіліктеріңді жай ғана қанағаттандыру емес, бұл – өзіңді-өзің жетілдіру, тұлға ретінде дамуың, жаңа деңгейге өтуің. Мақсатқа жету процесінің өзі сол мақсаттың өзіне, біздің күш-жігерімізге, қабілетімізге, міндеттерімізге, көңіл-күйімізге, сенімімізге байланысты ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Мақсат – бұл шешімі үшін бар күш салынған, нақты міндет. Өз алдыңызға қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттер қою қажет: бір күнге, аптаға, жылға және өмір бойына.
Адамның өзін дамытуы. Ілгерідегі ізгілердің сөзінде : «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен» – деген. Өмір үздіксіз алға жылжуда өмірдің алға жылжуымен техника, технология да алға жылжып келеді. Көп адамдар осы өзгерістердің соңына ілесе алмауда. Сол себепті өзіңізді әрдайым дамытып отыруыңыз қажет. Бүгінгі қолданылған телефоныңыз бір жылдан кейін бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін. Сол секілді игеріп отырған салаңызды «Осы деңгей жетеді» – деп, өзіңізді дамытпай тоқырап қалуға болмайды.Адам өмір көшінен қалмауы тиіс. Әуелбаста өзіңіздің салаңызда ең табысты маман болуға тырысуыңыз қажет. Әрине мүмкін номері бірінші маман болмауыңыз мүмкін бірақ соған жетем деп біраз белестерді артқа тастап қоюыңыз ғажап емес. Неғұрлым мақсат жоғары болса, соғұрлым жетер жетістігіңіз де жоғары.
Жоспардан шықпау. Үзілді кесілді жоспардан шықпауыңыз қажет. Соған бар күшіңізді салыңыз. Ай сайын ісіңізді қорытындылаңыз қандай жетістіктерге жеттіңіз, қайсыған жете алмадыңыз. Бес уақыт намазға мұқият болған адам секілді құрған жоспарыңызға да аса мұқият болуыңыз қажет. Кей кезде намаз қаза болып кететін секілді жоспарыңызды толық орындай алмай қалған кезіңіз болса, немесе күтпеген оқыс жағдайлар болуы мүмкін. Сіз жоспарға сай істі толық жасауға үлгере алмадыңыз ба ертеңгі күнге қалдырыңыз, бір сағат ұйқыңызды қиыңыз әйтеуір орнын толтырыңыз. Мысалы бүгін жоспар бойынша он бет кітап оқу керек болса, ол оқылмаған жағдайда ертеңіне жиырма бет қылып оқуыңыз ләзім. Сонымен қатар оқу сапасы да төмендемеу керек.
Өз-өзіңді күштеу. Адам әр кез нәпсісімен күресу үстінде пенденің алға қойылған мақсатына жетуіне шайтан барынша кедергі болуға тырысады. Әрине ол мақсат Алланың сүйікті істерінен болса. Сол себепті жоспарлар толық орындалмай жатса, аптаның бір күнін таңдап күндегідей сегіз сағат емес, он сағат жұмыс істесеңіз біраз істеріңіздің орнын толтырар едіңіз.
Көп адамдардың істері алға баспай орта жолда тұралап қалуының басты себебі – сол адамның жігерсіздігі, пысықтық көрсететін жерде көрсетпей ауылдан шықпай жатып, болдырып қалатын жаман мәстек аттың кейпіндеміз. Бұл жерде қысқаша тоқталғым кеп отырғаны – еріншектік . Жалқаулық пен еріншектік – жақсылық атаулыдан мақұрым қалдыратын бірден-бір себеп. Жалқаулығы басым адамның рухы сынғыш келеді. Сондықтан да ол көп нәрсені бастамай жатып-ақ қол сілтей салуы мүмкін. Бұдан құтылуымыз үшін не нәрсе істеуіміз қажет?!
Бірінші, өзіңіздің осы істе мықты маман екеніңізді, істі толық орындап шығатыныңызды өз-өзіңізге сендіріңіз. Өйткені, адам өзінің сенген нәрсесінің құлына айналады. Керісінше: «Жоқ, мен шаршап тұрған жоқпын! Қазір барлығы жасалады, бүгін ол озса, ертең мен озамын» – деген секілді сергектік сыйлайтын ойларға санаңызды жеңдіріңіз. Бір адам сізден озып жатса өз-өзіңе сұрақ қой: «Ол неге менен озып кетті, ол менен несімен мықты? ол да мен секілді еттен, сүйектен жаратылған ғой», деген сұрақтар қою арқылы өзіңізді алға сүйреңіз.
Екінші, Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
عَنْ صَخْرٍ الْغَامِدِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اللَّهُمَّ بَارِكْ لأُمَّتِي فِي بُكُورِهَا».
«Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» – деп дұға қылған .
Ендеше, осы сөзді басшылыққа алыңыз. Күннің берекесі сол күннің таң намазынан басталады. Егер, осы уақытта ұйқыдан оянып, дәрет алып, төрт рәкағат таң намазын оқитын болсаңыз, онда Ұлы Алла Тағаланың: «Ей, Адам ұрпағы! Мен үшін күннің басында төрт рәкағат намаз оқы, (сонда) Мен сені күннің қалған бөлігінде (зұлымдықтан, бәле-жаладан…) қорғаймын!» – деген уәдесіне сай амал жасап, Оның мейіріміне бөленесіз!
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, күн шыққанша тіліңіз зікірде, қолыңыз шаруада болса, сол күннің сіз үшін берекеге толы болатынына күмән жоқ.
Үшіншіден, Алладан талабы таудай, мықты адамдардың қатарынан болуды сұрап дұға жасаңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалқаулықтан арылғысы келген адамға:
وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ الْعَجْزِ وَالْكَسَلِ،
«Иә, Алла! Әлсіздіктен және жалқаулықтан Өзіңе сиынамын!» («Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл-ъаджзи уәл-кәсәл») – деген дұғаны үйреткен.
Төртіншіден, Тамақты мөлшерден тыс көп жеп қоюдан сақтаныңыз. Адам тамақты неғұрлым көп жесе, жалқаулық та соғұрлым желкесінен баса түседі. Сіз тамақты емес, тамақ сізді көтеретінін ұмытпаңыз!
Бесіншіден, Шама келгенше біреуді жұмсауды әдетке айналдырмағаныңыз дұрыс. Ілгерідегі сахабалар ат үстінде отырып, қамшысын түсіріп алса, оны көтеріп беруін ешкімнен сұрамай, өздері алатын болған. Ендеше, ешкімнің уақытын, мазасын алмай, қолыңыздан келсе, өз шаруаңызды өзіңіз атқаруға тырысыңыз.
Алтыншыдан, Бүгін бітетін істі ертеңге қалдырмаңыз! Әр күннің өз ісі бар. «Еріншектің ертеңі бітпейді» демекші, еріншекке бүгіннен ертең оңай көрініп тұрады. Ал өз уақытында жасалмаған жұмыс көбейе келе, ақыры еңсеңізді басып, уайымыңызды, шаршаңқылығыңызды одан әрі күшейте түседі. Сондықтан әр нәрсені өз уақытында тындыруға күш салыңыз.
Алла қасиетті Құранда: «Ал енді босай қалсаң тырыс, әрекет ет және Раббыңа қарай ұмтыл» , – деп бұйырған. Сондықтан босай қалсаңыз, қарап отырмай бірдеңеге жарап отыруға әдеттеніңіз. Себебі, адам өз ойларымен, әрекетсіз қалса, нәпсі мен шайтанның жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Иә, Алла! Мені қас-қағым сәтке де өзіммен-өзімді жалғыз қалдырма!..» ‒ деп дұға қылуды үйреткен.
Төмендегі сұрақтарға жауап берші!
– Ең алдымен өзіңнің кім екеніңді таныдың ба? қадіріңе жете алдың ба?
– Осыдан екі жыл ойыңда жүрген жоспарлардың неше пайызы орындалды?
– Уақытыңды жүйелеуде қандай жолды ұстанасың?
– Батыс ғалымдарының уақытты жүйеулеуге қатысты еңбектерін пайдаланасың ба?
– Бір істің шешімін білмегенде ақыл сұрайсың ба әлде өз ойыңмен істейсің бе?
– Жұмыстан жалыққан кезде не істейсің?
Түйін
– Барша адамдарға 24 сағат берілген алайда нәтиже әртүрлі;
– Адамның мүмкіншілігі өте зор ең бастысы өзіңе сенуі;
– Армандай білу де үлкен өнер;
– Қарғыстың ең жаманы өзің білме, өзгенің тілін алма;
– Бойыңдағы кедергілерді жою – уақыт үнемдеудің алғышарты;
Уақыт қадірін түсінген адам оның баға жетпес қазына, қайтып орны толмас нығмет екенін түсінеді. Алла берекеге толы күндерімізді көп қылғай!