Үбәй ибн Ка‘б – қасиетті Құран Кәрімнің көркем оқылуы жолында көп қызмет атқарған әрі Пайғамбарымызға түскен уахилерді хатқа түсіріп отырған (уахи катибі) шамшырақ сахабалардың бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол жайлы: “Құранды ең жақсы оқитын кісі” (Тирмизи, манақыб: 90.), – деген. Сондықтан да Үбәй ибн Кә‘б “Құран оқитындардың мырзасы” және “ансарлардың мырзасы” деген лақаппен де кең танылды. Хазіреті Үбәй ибн Кә‘б Құран Кәрімді сегіз түнде хатым етіп бітіретін. Пайғамбарымыздың тұсында Құранды бастан-аяқ жатқа білген саусақпен санарлық сахабалар санатынан-ды (Бухари, манақибуль-ансар, 17; Тирмизи, манақыб, 33.).
Екінші ақаба сертінен кейін мұсылман болып, Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) қолын қысқан Үбәй ибн Кә‘б Мәдинаға һижрет еткен кезде Жәннатпен сүйіншілінген он сахабаның бірі Саид ибн Зәйдпен бауырластырылды. Пайғамбары-мыздың көзі тірісіндегі бүкіл шайқастарға қатысты.
Құранды жақсы білгендіктен Пайғамбарымыз Үбәй Кә‘бты мұғалім етіп тағайындады. Пайғамбарымыздың мешітінде сахабаларға Құран үйрететін. Әбу Һурәйра және Абдуллаһ ибн Аббас секілді ғалым сахабалар да одан Құран үйренушілердің арасында еді (ибн Мажа, тижарат, 8.).
Зекет жинау әмір етілген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үбәй ибн Ка‘бқа Бәну Хузәйм, Бәну Қудама, Бәну Саид, Бәну Узрә тайпаларынан зекет жинау ісін тапсырды. Ол өзіне жүктелген жауапты қызметті адал атқарып шықты.
Үбәй ибн Ка‘б Құранды қалай терең білсе, Тәурат пен Інжілді де солай өте жақсы білетін (Сахабилер ансиклопедиси, 2: 624.).
Сахабалардың бәрінен Аллаһ разы болған. Алайда Құрандағы кейбір аяттарда сахабалардың аты ашық аталмаса да, ол аяттар оқылғанда сахабалар оның кім жайлы айтылғанын білетін. Мысалы: “Фәтх” сүресіндегі: “Мухаммадун Расулуллаһ уәл-ләзина ма‘аһу (Мұхаммед Аллаһтың елшісі және онымен бірге болғандар)” аяты оқылғанда, сахабалар хазіреті Әбу Бәкірге қараса, “Әшиддәу ‘алаль-куффар (Кәпірлерге қарсы өте қатал)” оқылғанда, Омарға, “Рухама‘у бәйнәһум (өз араларында тым мейірімді),” (“Фәтх”, 29) оқылғанда Османға қарайтын. “Минәль-муминина рижалун садақуу мә ’ахадуу (Мүминдердің арасында Аллаһқа деген уәделерін орындағандар)” (“Ахзаб”, 23) аяты оқылғанда, сахабалар Әнәс ибн Нәдірдің шейіт болуын елестететін. Бір ретінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үбәй ибн Кә‘бті шақырып:
– Аллаһ саған Құран оқуымды («Бәййнә» сүресін) әмір етті, – дегенде, Үбәй ибн Кә‘б сенерін де, сенбесінде білмей:
– Аллаһ менің атымды атады ма? – деп таңырқай сауал тастайды.
– Иә, сенің атыңды толық атады,–деді Пайғамбарымыз.
Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) аузынан кез келген адамға айтыла бермейтін қуанышты хабарды естігенде көзінен ыстық жас парлап:
– Уа, Расулаллаһ! Олай болса оқыңыз, – деді (Бухари, тафсир, 98; 1.).
Міне, Аллаһтың арнайы атын атаған ең бақытты жандардың бірі – Үбәй ибн Кә‘б.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәңгілік әлемге көшкеннен кейін хазіреті Үбәй өмірін Құран үйретуге арнайды. Ол шәкірттеріне Құранды әдемі оқуды, аяттардың мағына-ларына терең бойлауды үйретті. Хазіреті Әбу Бәкір, Омар және хас сахабалардың көпшілігі одан Құран үйренді. Міне Құранды үйренуге деген айрықша құштарлығынан Үбәй ибн Кә‘б Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігі мен сахаба-лардың құрметіне бөленді.
Омар Фаруқтың халифалығы кезінде талай мәрте қызмет ұсынылса да, ілімді таңдады. Хазіреті Омар қоймай өтініш жасағандықтан, кеңес алқасына мүше болуды қабыл етті.
Үбәй ибн Кә‘б қашанда тура сөйлейтін, мінез құлқы мен жүріс-тұрысы үлгі боларлық сахабалардың бірі еді. Бір күні хазіреті Омар оның қасында бір аятты жаңылыс оқыды. Әбу Үбәйда оның қатесін бірден тауып:
– Әй, Омар! Мен бұл аятты Аллаһ Елшісінен өз құлағыммен естідім. Мен оны естіп жаттаған кезде, сен Бақидегі базарда жүрген болатынсың, – дегенде Омар (р.а.):
– Өте дұрыс айттың. Сенің әрқашан тура сөйлейтіндігіңді білгендіктен әдейі осылай жасадым. Өйткені, көз алдында туралықты айтпайтын басшы – әділ басшы бола алмайды, – деді.
Үбәй ибн Ка‘б халифа Османның кезінде Құранның оқылуы мәселесінде пайда болған аздаған айырма-шылықтарды түзету үшін құрылған он екі адамдық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Бұл жауапты іске өзі жетекшілік етіп Құран оқыды, Зәйд ибн Сәбит одан естігендерін жазып отырды. Хазіреті Убәй ибн Ка‘б Құранның жинастырылуында теңдессіз қызмет атқарды. Сондықтан оның Ислам тарихындағы орны тіптен айрықша.
Үбәй ибн Кә‘б бос сөз сөйлемейтін. Мән-мағынасыз сұрақтарға жауап беруді жаны сүймейтін. Мәнді сұрақтар қойылса, ынта-шынтасымен жауап қайтаруға жанын салатын.
Дәрежесі қанша жоғары болса да, өмір сүруі өте қарапайым болды. Шәкірттеріне тәлім берген кезде олардан оқшау отырмайтын. Қырағат ілімі (Құранның оқылуына байланысты) бойынша білгір болумен қатар тәпсир саласына да сүбелі үлесін қосты. Ол аяттарға байланысты Пайғамбарымыздан сұралған мәселелерді, аяттардың түсу себептерін жетік білуімен ерекшеленді.
Бүкіл өмірін Құранға қызмет етуге арнаған Үбәй ибн Ка‘б Пайғамбарымыздан (с.а.у.) көптеген хадис те риуаят еткен. Сонымен бірге сөз саптаудың шебері еді. Бұған бір-екі мысал келтірейік:
“Мүмин төрт сипатынан белгілі: Басына түскен қиындыққа сабыр сақтайды. Нығмет берілсе, шүкір етеді. Тура сөйлейді. Үкім кескенде, қара қылды қақ жарар әділ болады”.
“Мүмин мына бес нұрға шомады: (Аллаһтың “нұр үстіне нұр” деуі бұған дәлел.) Оның сөзі – нұр, ілімі – нұр, кірген жері – нұр, шыққан жері – нұр және қиямет күні барар жері – нұр” (Муслим, Фадаиль:121; Усдул-ғаба, 1: 49-50; 1: 251-255.).
Құранға, Ислам үмбетіне қызметі сіңген, Пайғамба-рымыздың айтқанындай “көктегі жұлдыз” сахабалардың бірі Үбәй ибн Ка’б хижраның отыз бесінші жылында жарық дүниемен бақұлдасты. Жаназасын хазіреті Осман шығарды.