Құпия сырды ашу

Құпия – өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке адам немесе қандай да бір ұйым басқаға айтпай ұстайтын ақпарат. Әркімнің жеке, отбасылық құпиясы, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялары бар.

Құпияның кейбір түрлеріне келетін болсақ:

  • Дәрігер мен емделушінің арасындағы құпиялар
  • Оқушы мен ұстаздардың арасында құпия
  • Қызметшілердің қожайының үйіндегі әңгімелерді сыртқа жаюы;
  • Жалпы жұмыстағы, кәсіпорындағы құпияларды үйге жеткізу
  • Әйелдердің арасындағы әңгімені күйеуіне айтудың және еркектердің арасындағы әңгімені әйеліне айтудың қажеті жоқ.
  • Мәйіт жууға қатыссаң қайтыс болған адамның бойындағы кейбір кемшіліктерді жария ету – харам амалдардан болып саналады.

Құпияны жасыру мұсылман адамның, отбасының, бүтін мемлекеттің қауіпсіздігінің кепілі. Мұсылман үшін ең дұрысы сол құпияны білуден, сұрастырудан аулақ болу. Көп адамның құпиясын білу адамның жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жүсіп пайғамбар мен әкесі Жақып пайғамбардың арасында болған оқиға осының бір мысалы десек болады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِذْ قَالَ يُوسُفُ لِأَبِيهِ يَا أَبَتِ إِنِّي رَأَيْتُ أَحَدَ عَشَرَ كَوْكَبًا وَالشَّمْسَ وَالْقَمَرَ رَأَيْتُهُمْ لِي سَاجِدِينَ (4) قَالَ يَا بُنَيَّ لَا تَقْصُصْ رُؤْيَاكَ عَلَىٰ إِخْوَتِكَ فَيَكِيدُوا لَكَ كَيْدًا ۖ إِنَّ الشَّيْطَانَ لِلْإِنسَانِ عَدُوٌّ مُّبِينٌ 

         «Бірде Юсуф әкесіне: «Әкешім! Мен түсімде аспандағы он жұлдыздың және күн мен айдың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім», деді. Сонда әкесі: «Балам! Бұл түсіңді бауырларыңа айтпа! Олар (қызғанышпен) саған тұзақ құрып, пәле ойлап жүрмесін, өйткені шайтан адам баласына анық дұшпан (оларды саған қарсы азғыруы мүмкін)», деген[.

         Әли (Одан Алла разы болсын) сыр сақтау жайында: «Сырың сенің тұтқының, егер жария етсең сен оның тұтқынына айналасың», – деген.

Қазіргі қоғам дертінің бірі – жеке тұлғаға қатысты болған құпия-сырды ашуға ынтызар болуда. Ғаламторда күнделікті ақпарат беттерінде өздерінің танымалдығын арттыру мақсатында ел назарындағы тұлғалардың құпия, сырларын ашуға әуес жандар бар. Өкінішке орай қазіргі кезде сыр сақтаудың аманат екенін естен шығарып барамыз.  Өйткені сыр ол Алланың аманаты,  Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  асыл қасиеті. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бұл турасында:

إذَا حَدَثَ الرَّجُلُ الْحَدِيثَ ثُمَّ اِلْتَفَتَ فَهِيَ أَمَانَةٌ

    «Егер бір адам саған әңгіме айтып, басқа жаққа бұрылса сол (әңгіме) саған аманат болады»[, – деген.

Атақты сахабы Анасқа Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  сырды жаймау жайында былай деген:

اِحْفَظْ سِرِى تَكُنْ مُؤْمِنًا

«Сырымды жасыра білсең, шынайы мұсылман боласың»[.

Сыр бөлісетін адамға да мән беру қажет,  өйткені сенімсіз кісілерге аманат тапсырылмайды.

Жаужүрек баһадүр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды» деп, ескертеді.

Сыр жария болса, онда үш жағдайдың біріне зияны тиеді:

  • Адамның жеке басына тән сыр жария болса, сол адамның ар-намысы аяққа тапталады;
  • Отбасылық сыр аян болса, отбасының намысы тапталады;
  • Қоғамға қатысты құпияның жібі сөгілсе, ұлттық мүддеге нұқсан келеді[.

Өзіңнің ішіңе сыйғыза алмаған сыр басқа біреудің ішінде сыяр дейсің бе? Осман сұлтандарының бірі әйгілі сұлтан Сәлім (1470-1520) шыққалы отырған жорықтарын әрдайым жасырын ұстайды екен.

Сондай жорықтардың біріне дайындық жүргізіліп жатқанда уәзірлердің бірі келіп, бірнеше мәрте жорықтың қай елге жасалатынын сұрайды. Сұлтан Сәлім жауап қатпайды. Уәзір сауалын тағы қайталғанда сұлтан Сәлім:  «Сен сыр сақтай аласың ба», – деп сұрайды. Уәзір: «Иә, сұлтаным! Сыр сақтай аламын»,-деп жауап береді, сонда Сұлтан Сәлім : «Мен де сыр сақтай аламын», – деген екен[.

Ерлі-зайыптылар өз араларында болатын жайттарды ашудан аулақ болу керек.Құранда Бақара сүресі, 187-аятта ерлі-зайыптылар туралы:

هُنَّ لِبَاسٌ لَّكُمْ وَأَنتُمْ لِبَاسٌ لَّهُنَّ ۗ

 «Олар (әйелдер) сендер үшін киім секілді, сендер де олар (әйелдер) үшін киім секілдісіңдер»], –деп, бұйырады. Яғни, киім адам денесіндегі әурет жерлер мен кемшіліктерді сырт көзге көрсетпей жауып тұратыны секілді ерлі-зайыптылар да өз араларындағы сырды сақтай білуі тиіс. Мысалы, мұсылмандық әдеп бойынша үй ішіне ғана қатысты кейбір әңгімелерді жақын туыс немесе жақын достарға да айтуға болмайды. Ал тіпті жұбайларының дене пішімі, келбеті, төсек қатынасы жайлы мәселелерді басқаларға айтуға дінімізде тиым салынған. Себебі, хадистерінде Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алла Тағаланың алдына барғанда қиянат атаулының ең сорақыларының бірі жұбайлардың төсек қатынасынан кейін әйелінің сырын ер адамның басқаларға жаюы» деп ескерткен. Мұсылман кісі мұндай арсыздықтарға бармай, үй ішінің құпиясын әрдайым сақтай білуі нағыз имандылықтың көрінісі.


Return to Top ▲Return to Top ▲