Баланы кітапқа баулудың тың тәсілі. Қытайдан келген қандасымыз Қанатқан Әбілғалиұлы қазақ ертегісі, әліппесі мен салт-дәстүрі, жаңылтпаштары жинақталған электронды кітап пен «Ақылды қоян» ойыншығын ойлап тапты. «Дана қалам» атты бұл электронды құрал баланы ерте жастан қазақ тілін түсінуге, сөзден сөйлем құрауға баулиды. Ерекше жобаның авторы Қанатқан Әбілғалиұлы. 8 кітаптан құралған интеллектуалды оқулықтарға 800 шумақ тақпақ, 130 ертегі, қазақтың әдет-ғұрыптарына байланысты 1500 түсінік пен мақал-мәтелдер, ырым мен тыйымдар енген. Қанатқан Әбілғалиұлы, жоба авторы: – Мына қаламның көмегімен кітаптағы мазмұндарды біледі, түсінеді. Қаламның ерекешлігі – кітапты оқуға, үйренуге шақырады, әрі оған қызықтырады. Әліппенің әрбір жеріндегі ақ бетін басатын болсақ, сол әріпке қатысты тақпақ айтылады. Мысалы: «а дегенім –ана, саған қорған пана, анаң менен тіліңді ардақтай біл бала».
Интеллектуалды оқулық 3 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған. Басты мақсат – бұл күні ұялы телефонның құлына айналып, жіпсіз байланған жасөспірімдердің санасын сілкіп, салт-дәстүрді сіңіру, ұлттық құндылықтарымызды ұғындыру. Автор бұдан бөлек, «Ақылды қоян» ойыншығын да ойлап тапқан. Қанатқан Әбілғалиұлы, жоба авторы: – «Ақылды қоян» да оқыту құралы. Тетігін бассақ, ертегі айтып береді,ал екіншісінде білгенге маржан, тұрмыс-салтқа байланысты түсініктер, ал одан кейін тақпақ айтады. Сондай-ақ ағылшынша және қазақша ән үйретеді.
«Дана қалам» да «Ақылды қоян да» бала денсаулығына зияны жоқ материалдан дайындалған. Оңайлықпен сынбайды. Қуаты орташа, бір аптаға жетеді. Қанатқан Әбілғалиұлы енді өнімдерін Қазақстан бойынша таратуды көздеп отыр. Жуырда бұл жобаның тұсауы кесіледі. Жаһанданған заманда баланы тал бесіктен бастап ұлттық тәрбиеге баулуға бұл таптырмас құрал болары анық.
24.kz
А.Қазанғап, А.Тәуекелов
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі