Рақымды мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Әлемді жоқтан бар еткен Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Қайырымдылық ислам дінінің басты құндылықтарының бірі болып есептеледі. Қайырымдылық көмекті қажет етушілерге сүйішпеншілікпен қарап, жылы сөз және нақты материалдық көмек.Қайырымдылық- рақымшылық, мейірбандылықтан туындайтын асыл касиетердің бірі. Адамдарға жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа қамқорлық жасауға итермелейді.Қайырымдылыққа даналық,парасаттылық, жомартылық,әділеттілік,ұстамдылықта жатады. Шын қайырымдылықты тек жүрегі мейірімділікке толы рақымды адам істей алады. Сондықтан бұндай адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын жүрегінде жылуы жоқ қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылық кедей-кепшікке, жетім-жесір,жарлы-жақыбай жандарға көмектесу садақа берумен көрініс табады.
Алла тағала Құран кәрімде:
«Шамаларың келгенше Алладан именіңдер оның айтқанына бойсыныңдар,Алла жолында мал мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде- кім нәпсі сараңдығынан сақтанса ол мақсатына жетуші. Егер Алла ризалығы үшін дүние жұмсасаңдар,Алла оның есесін еселеп қайтарады. Алла береген кеңпейіл,жазалауға асықпайды. Ол құпияны да,әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі»(Тағабун сүресі 16-18 аяттар) деген болса,
Ардақты пайғамбарымыз
« Ақиқат байлық- мал-мүліктің көп болуы емес ақиқат байлық кеңпейілділік,қайырымдылық ол адамдағы ең жақсы қасиет»деген (Муслим) Бұл жайында қазақ ата-бабамыз
Қайырымдылық жасасаң,
Қайырын өзің көресің, – деп мақал-мәтелдерде айтып кеткен.
Кедейліктен қорқып сараң болмайық. Өйткені бұл бізге садақа бергізбеу үшін шайтанның азғыруы болып табылады. Ислам дінінде ақылды адам – өзінің немесе басқалардың нәпсіқұмарлығына еретін емес, қайта Алла тағаланың әміріне бойұсынатын адам.
Құран Кәрімде Алла тағала:
«(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады.Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» Бақара 272аят
Міне біз бұл аяттан мал дүниесін жақсылыққа ,қайырымдылыққа жұмсаған адам мол сауапқа ие болатынын айғарамыз.
Шын көңілден істелінген қайырымдылық адамға жан рахатын тудырып, сөз жетпес ләззат беретіні сөзсіз.Міне осы жайлы бір акын былай деген
Мейірімділік- ғажайып өмір есігі,
Мейірімді болсаң,сазды әуенмен тербетілер жүрегің.
Ашық болсын мұқтаждарға көңіліңмен есігің,
Мейірімсіз болсаң, Алладан болмас кешірім.
Қол ұшын бер жетімдерге жылаған
Қайтарма қолын адамның көмек сұраған
Оу, Адамзат сіңіргейсің бойыңа мейірім.
Осы өлең жолдарымен адам санасына жомарттықтың қандай екенін жеткізген. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, төрт құбыласы тең болады. Қолындағы барымен мұқтаж жандармен бөлісіп,тағдырдың тауқыметімен ғаріп күн кешкендердің алғысына бөленуден шексіз ләзат алып жүрген адамдар нағыз қайырымдылық иесі.
Осы ретте ғибратқа толы мына хикаяны келтірейік. «Бір кездерді, шарап ішкіш маскүнем жан болыпты. Шарап ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен. Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті одан да артық қошемет, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты. Сол маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты, ондағыларды көріпті. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады. Сол уақыт мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып келе жатқандарға: «Тоқтаңдар! Менің Раббыма арызым бар», – деді. Олар тоқтады. Бір сәттен кейін: «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!», – деген дауыс естілді. Сөйтіп тұрғанда, мен оянып кеттім». Сол түсінен кейін ол арақ ішуді, күнә істерді біржола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты». Тирмизиде келген мына бір хадисте пайғамбарымыз «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды» деп үмметін рақымды және мейірімді болуға шақырған.
Міне ағайын осы мейіріммен рақымшылдықтан туындаған қайырымдылық атты асыл қасиет иесі болуға ұмтылып, бір Алланың ризалығын алуға тырысайық ағайын!
Ғ. Мүсірепов ауданы «Жұманқожа» мешітінің бас имамы
Сейфолла Бейсенбаев