ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ ҺӘМ ИСЛАМ ИГІЛІГІ

Алланың қалауымен, халқымызға әйгілі жазушылар, қоғам қайраткерлері – Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтарды сыйлаған Солтүстік Қазақстан облысы – қазақ елінің құтты да қасиетті мекені. Осы жердің талантты тумасы, өлең сөздің шебері әйгілі Мағжан Жұмабаев атамыз бұл аймақты:

«Тәтті суың дәмі аузымнан еш кетпес,

Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.

Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,

Жазу болып адамзатқа ер жетпес!» – деп өлеңмен өріп, әспеттеп жырлағаны бәріміздің жадымызда.

Қазақ руханиятының дамуында Ислам дінінің рөлі жайлы ойларымды ортаға салуды жөн көріп отырмын. Қазақ руханияты дегенде, ең әуелі мәдениет, әдебиет, тіл, діл, һәм дін мен дәстүр сынды құндылықтар ойға оралады. Осы ретте, дін мен дәстүрдің сабақтастығына тоқталайын. Адамдар арасында бағзы заманнан қалыптасып келген игі амалдар Исламда құпталады. Ислам ғұламалары пәтуа шығарғанда, бір мәселенің төңірегінде үкім айтқанда, халықтың байырғы жақсы дәстүрін, игі әдет-ғұрыптарын ескерген. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда «Ағраф» сүресінде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет…» деп бұйырған.

Халқымыздың болмысымен бітеқайнасқан дін мен дәстүр – қадым замандағы қилы зауалдарға қарсы тұрған, елді бірлікке, тұтастыққа тоқтатқан рухани құндылық. Сондықтан халқымыз қандай қилы кезеңді бастан кешпесін, өзінің тіршілік тегі мен тамырын қиғызбаған.

Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Алланың ардақты пайғамбары жеткізген хақ Ислам діні дала көшпенділірінің дәстүрімен астасып, санасына сіңді.

«Иманым – жиғаным» деп білген ұлтымыз өмірін Исламға негіздеп, ізгілікке ұмтылды. Иә, имандылықты ту еткен текті бабаларымыз хан сайлау дәстүрі, билер кеңесі, мұрагерлік тәртібі, елдік жарғысын өзінің алтын арқауына темірқазық етті. Төле би бабамыз айтқандай, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деген қағида ұлағатты ұрпақ жадында сақталып қалды.

Мысалы қазақта иба деген сөз бар. Оны таң атқанша тарқатып айтуға болады. Себебі, бұл үлкен игіліктің, тәрбиенің көрінісі. Көпті көрген, өмірден түйгені мол үлкен кісілер тәрбиелі жастарды ибалы екен деп атайды. Міне, ибалылықтың астарында имандалық жатыр. Қазақта иман жүзді деген сөз де бар.

«Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ұлы ұстанымды тіршілігінің темірқазығы еткен халқымыз үшін ар-намыс, ұят-ұждан ұғымдары аса киелі һәм қастерлі. Дала тұрғыны дүние күйіп кетсе де, ар-намысты таптатпауға тарс бекінген. Жаны үшін малын садақа етсе, ар-ұят үшін жанның өзін пида етуге дайын болған. Өйткені, мұсылман үшін «өлімнен ұят күшті». Сондықтан да ел арасында мынадай мақалдар кең тараған: «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар».

Ислам дінінің қазақ топырағына келуімен халқымыздың өмірінде ұлы өзгерістер мен бетбұрыстар жасалды. Қазақ даласында Ибраһим, Дінмұхаммед, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Сәбит, Ғабит сынды дін мен ділдің жанашыр тұлғалары өмірге келді.

Ізгілік пен ізеттіліктің, береке мен бірліктің, екі дүние бақытының бастауы болған асыл дініміз – Исламның қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқанына да 1250 жылдан асты. Байтақ даланы мекендеген бабаларымыз өз салт-дәстүрі мен болмысына барынша жақын дінді сонау VIII ғасырда қабылдаған.

Білім мен мәдениеттің ордасы саналған Отырар, Сайрам, Түркістан, Тараз, Баласағұн, Сығанақ сынды қалалардан шыққан ғалымдардың Ислам өркениетіне қосқан үлесі айрықша. Мұсылман қауымына жалпы белгілі әрі беделді дін оқымыстылары – Әбу Ханифа, Имам Матуриди, Имам Әл-Бұхари, Термизи, мұсылман жамағатын ізгілікке шақырған Қожа Ахмет Яссауилар Ислам білімі мен ғылымында өшпес мұра қалдырды. Бабалар жолын жалғастырып, дәстүрлі Ислам дінінің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын халқымыз өркениет пен даму жолына түсті.

 

Әлемнің ең озық елдері бағыт бағдарын дәстүрге идіріп отырған осы заманда біз де бұл үрдістен қалыс қалмауымыз қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің діни қызметі аясында 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Руханиятымыздағы мұндай үлкен өзгерістердің өмірге келуі – ұлттық болмысымызды қалыптастыру, тарихтың тағылымынан сабақ алу. Имамдарымыз өскелең ұрпақты дәстүрді сақтауға, ана сүтін ақтауға үндеп, өнегелі өмір сүруге шақыруда. «Дін мен дәстүр» жылы аясында жастарды Отанды сүюге, оларға дәстүрлі тәлім-тәрбие беруге басымдық берілуде. Қазақтың ардақты тұлғаларының даналық ойлары мен тәлім мен тәрбиеге толы бай мұрасы насихатталуда.

Байқап-бағамдасақ, келешегіне сергек қарайтын елдер өз тарихына терең бойлап, идеологиялық ұстындарын қайта нақтылауға кірісті. Генетикалық, тектік, тарихи, мәдени, тілдік зерттеулер жасап, тегіне жақын туыстарын іздей бастады.

Түркі халқына жататын, мәдени мұралары өзара үндесетін, Исламның сүннит бағытын ұстанатын мұсылман қазақ жұрты үшін өз руханиятына, мәдениетіне бекем болуы аса маңызды. Діліміз бен дініміздің қамқоршысы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», – деп кесімді пікір айтты.

Расында да, белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін ортақ танымы болуы тиіс. Олай демеске шара жоқ. Себебі, кез келген ұлттың ұлт болып танылуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Тарихшы ғалымдардың тәжірибесі мен зерттеулері көрсеткендей, адамзат ғұмырында ғибадатханасыз бір де бір қала болмаған екен. Сондай-ақ, әрбір ұлттың тағдыры оның рухани танымының өміршеңдігіне де байланысты. Мысалы, Сібір аймағындағы талай ұлт-ұлыстар төтеннен келген бөтен танымға қарсы тегеурінді қауқар көрсете алмай, идеологиялық басқыншылықтың құрбанына айналды. Қазірде жаһанданудың жойқын екпініне қарсы күресе алатын бірден-бір таным иелері ол – біз, яғни мұсылман үмбеті екендігі айқындалуда. Оларда арақ ішіп, жаман жолға салыну, зинақорлық, нашақорлық, нәпсіқорлық сияқты талай «қорлықтардың», тексіздік пен мінезсіздіктен туындайтын аты жаман дерттердің мүлде жоқ немесе аз екендігі дәлелденуде.

Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі дәстүрлі дініміз Исламда болған десек, еш қателеспейміз. Мысалы, қазақ хандарының заңнамаларында шариғат шарттарына басымдық берілуі ұлт пен дін тазалығын сақтап қалудан туған қадам еді. Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғыда» ұлт тазалығы, дін тазалығы деген атаумен арнайы баптың енгізілуі бабаларымыздың дін мен дәстүрге бекем болғанының жарқын көрінісі. Сол сияқты түйінді мәселенің тиімді шешімін таба білген аузы дуалы билер мен шешендеріміздің шариғаттан білімі болғандығы да белгілі.

Осынау игі дәстүр Тәуелсіздік алған жылдары қайта жанданып, Елбасының қамқорлығының арқасында рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Егер қоғамда бірлік, ынтымақ орнаса, дін де, діл де, тіл де өркендейді. Діні мен ділі қанат жайған халық Мәңгілік елге айналады. Алла Тағала Мәңгілік еліміздің егемендігін баянды еткей!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Return to Top ▲Return to Top ▲