Қазақстанда темекі қораптарының сыртына «қорқынышты» суреттер жабыстырылатын болады

Қазақстандық шылым шегушілерді жаман әдеттен арылту үшін темекі қораптарының сыртына үрей туғызатын суреттер жабыстырылатын болады.

Бұл туралы бүгін Астанада Темекі шегуден бас тартудың бүкіләлемдік күніне орай өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева атап көрсеткендей, 2011 жылдың 22 қарашасы күні Үкімет екі Қаулыға қол қойды. Оның біріне сәйкес, енді темекі өнімдерінің қорабына шылымның құрамындағы шайырлы заттар мен никотиннің көлемі, жүйелік улар, консерагендік және мутагендік заттар туралы шынайы мәліметтер орналастырылатын болады. Онымен бірге, темекі қораптарының сыртына шылым шегудің зардаптары мен пайда болатын сырқаттардан хабар беретін, қарасаң бойға үрей ұялататын суреттер немесе пиктограммалар жабыстырылмақ.

Белсенді шылым шегушілермен күресудің жаңа тәсілі Қаулыға қол қойылғаннан 18 айдан кейін, яғни 2013 жылдың сәуір айынан бастап қолданыла бастайды. Бұған мемлекеттік бюджеттен қаражаттар жұмсалмайды, пиктограммаларды өнім өндірушілердің өздері жабыстыруы тиіс. Темекі шығарушы кәсіпкерлер өз кезегінде, контрабандалық өнімдерден қорғалмақ.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі пиктограммалардың 12 түрін бекітіп қойды. Олар, темекі шегу – инфаркт пен инсультқа, тамыр ауруларына, әйел мен ерлердің бедеулігіне, есірткіге тәуелділікке, өкпенің қатерлі ісігіне, тістің түсуі мен пародантозға, терінің ерте қартаюына, өкпе эмфиземасына алып келетінін, сондай-ақ жүкті әйел шылым шегу арқылы сәбиінің өмірі мен денсаулығын қатерге тігетінін ескертеді. Пиктограммалар екі жылда бір ауыстырылып тұрады.

Екінші Қаулыға сәйкес, темекі өнімдері сатылатын сауда орындарына жас өспірімнің бойындай жерге, темекіден адам азғасына келетін қауіп-қатерді көрнекі түрде жеткізетін суреттер ілінеді. Қаулыны орындауды ҚР ДСМ ағымдағы жылдың желтоқсанынан кіріседі.

Департамент директорының айтуынша, шылым шегушілермен күресудің мұндай тәсілі – әлемнің үздік тәжірибесі және оның нәтижесі де дәлелденген. Және бұл шаралардың нәтижесінде 1 млн.-ға жуық қазақстандық қауіпті әдеттен өмір бойына арылады деп күтілуде.

Темекі шегудің зияндығы туралы графикалық ескертпелерді 2001 жылы әлем елдері арасында алғашқы болып Канада енгізді. Канададан үлгі алып, бұл тәсілді Бразилия, Сингапур, Тайланд, ұзын-саны 35 ел өз елдерінде қолдана бастады. Қазақстан бұл тізімге ТМД елдері арасында бірінші болып енгелі отыр.

А.Төлеғалиева атап көрсеткендей, Қазақстанда темекіге әуестенушілердің саны жыл санап артып келе жатқанына қарап, елде эпидемия жүріп жатқанын айтуға болады. Олардың дені темекінің түтінінде: дәмі мен иісі жоқ, бірақ көп мөлшерде адамның өліміне алып келетін – көмірқышқыл газы, егеуқұйрыққа қарсы қолданылатын – күшән (мышьяк), немістер концлагерлерде қолданған – цианды сутек, дәретханаларды тазартуда қолданылатын – аммиак, тырнақтағы бояуды кетіруге арналған – ацетон, медицинада мәйіттерді бальзамдау үшін қолданылатын – формальдегид, ағзаға енгеннен кейін өкпеге тұрып қалатын – смола, ит-мысықтардың бүргесімен күресу үшін пайдаланылатын – перидин, есірткіге тәуелділікке алып келетін – никотин бар екендігін біле бермейді.

Гүлмира Алякпарова,

inform.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲