Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Ғұламалар кеңесінің бекітуімен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысқан дөңгелек үстелде ас беруде ысырапқа жол бермеу, жерлеу рәсімдеріне қатысты дәстүрлерді бір ізділендіру мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелді модератор – ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы, исламтанушы, теолог Ершат Оңғаров жүргізді.
Жазушы-қаламгер Смағұл Елубай, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлы, Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев, «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор Бауыржан Жақып, философия ғылымдарының докторы жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш т.б. ақын-жазушылар уақыттың сұранысына сай шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жайлы ойларын ортаға салды. Басқосуға қатысқандар қазіргі қоғамда талқыланып жүрген мәселелердің бірі қабір басына кесене тұрғызып, белгі қою, мұсылман зиратының талаптары мен қағидалары, діни жоралғыларды бір жүйеге келтіру мәселелерін талқылады.
«Бұл кітап Ғұламалар кеңесінде 2 жыл қаралып, дайындалды. Кітапта жаназаға қатысты үкімдер топтастырылды. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жан-жақты қамтылды. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу. Қазір Ақтөбе, Павлодар облыстарында құдайы астың ортақ мәзірі бекітілді. Зиялы қауым өкілдерін, журналистерді елімізде діни рәсімдерді бір ізге түсіру мақсатында шығарылған кітапты халыққа жан-жақты насихаттауға, бірлесе отырып түсіндіруге шақырамын», – деді Бас мүфти.
Ержан қажы Малғажыұлы Ұлттық кітапхана қорына «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының бірнеше данасын сыйға тартты. Кітап 11 мың данамен жарық көрген.
Дөңгелек үстел барысында журналистер мен зиялы қауым өкілдері өз ұсыныстарын айтып, оң пікірлерін білдірді.
«Мен осы ретте бір ұсыныс айтқым келеді. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының тиражын көбейтіп, еліміздегі барлық кітапханаларға тегін таратсақ. Сонымен қатар, телеарналарда арнайы бағдарламалар ашылып, кітапта айтылған мәселе кеңінен насихатталса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана біз ұрпағымызды жаман әдеттер мен теріс қылықтардан аман алып қалар едік», – деді «Түркістан» газетінің журналисі Көлбай Адырбекұлы.
ҚМДБ баспасөз қызметі
Muftyat.kz