Бізді тура жолға салып, жүрегімізді имандылық нұрымен нұрландырған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын және адамзатқа жіберген елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед ( с.а.с )-ға және оның отбасы мен сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Айлардың сұлтаны болған қасиетті рамазан айын аман-есен ораза ұстап өткіздік. Жаратушы иеміз дұға-тілектерімізді осы қасиетті айдағы әрбір ізгі істеріміз бен сауапты амалдарымызды өз құзырында қайыры мен қабыл еткей! Біраз бұрын рамазан айын асыға күтіп, жаратушы иемізден сол айға аман-есен жеткізегөр деп дұға еткен едік. Енді, міне, рамазанды тамамдап, шәууәл айына қадам бастық. Дінімізде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айынан кейін келетін шәууәл айының да өзіне тән ерекшеліктері көп.
Шәууәл – рамазанның біткендігін білдіретін, айт мейрамының келгендігін сүйіншілейтін ай. Он екі айдың ішінде алғашқы күні мейраммен, мұсылмандардың қуанышы мен басталатын шәууәлдан өзге ай жоқ. Шәууәл айы ғана мейраммен басталады. Ол ораза айт мейрамы. Оразадан кейінгі бұл айт мейрамы қуанышты сәттермен басталғандықтан, шәууәл айы да мұсылмандар үшін үлкен қуанышқа толы. Жас демей, кәрі демей барлығы бір-бірін айт мейрамымен құтықтайды. Міне, осы шаттықтардың бәрі шәууәл айының басталуы мен тікелей байланысты. Рамазан айымен қимай қоштасқан мусылмандар шәууәл айын қуанышпен қарсы алады. Рамазандағы парыз оразаны өтеп болған соң шәууәл айынан бастап Алла Тағалаға нәпіл-ғибадаттар арқылы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі алты күндік ораза.
Әбу Әйуб Ансарийдан ( р.а ) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с) «Кімде – кім рамазан айының оразасын ұстап, одан кейін шәууәл айында да алты күн ауыз бекітсе, жыл бойы үздіксіз ораза ұстағандай сауап алады»- деп айтты»- делінген. ( Муслим, Тирмизи, Нәсәи, Ахмад, Ибн Хиббан, Байхақий және Табараний риуаят еткен ). Бұл хадис шәууәлдағы алты күн оразаны тұту Алланың құзырында сүйікті амал екенін білдіреді. Бұл оразаның сауабын бір жылға пара-пар келуін былайша түсіндіруге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: » Кімде – кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі « (2) – деген. Ғалымдар шәууәл айындағы алты күндік оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Міне, бұл да жаратушы иеміздің бізге деген шексіз мейірімі.
Шәууәл айының оразасын ұстау ешкімге міндет емес, әр адамның өз еркінде. Өйткені, бұл нәпіл ораза болып табылады. Дегенмен, мұны ұстамаған жан Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде келген бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады. Бұл оразаны рамазан айты өткеннен кейін шәууәл айының екінші күнінен сегізінші күніне дейінгі аралықта немесе сол айдың кез-келген күні үзбей бірінен кейін бірін немесе үзіп-үзіп ұстауға болды. Қалай тұтса да хадисте келген сауапқа жетеді. Абзалы айттың артынша кезекпен бәрін ұстау. Рамазан айының оразасын кейбір себептермен қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік оразасын ұстаса да болады.
Ораза қазасы неғұрлым ерте өтелгені абзал. Себебі адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан айының оразасын ұстап одан кейін Шәууәл айында алты күн ауыз бекітсе» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.
Ал осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды қабыл айлап, келесі қасиетті рамазан айына халқымыз аман, еліміз тыныштықта жетуімізді жазсын!
«Қызылжар» орталық мешітінің
азаншысы Қарамысов Кеңес