ШЫНАЙЫ ТӘУБЕ

Бір күні хазірет Омар (р.а.) Мәдина көшелерінің бірінде келе жатып, қойнына шиша тығып алған бір жас жігітті кезіктіреді. Әлгі жігіттен: «Қойныңдағы не?» – деп сұрайды. Хазірет Омармен ұшырасам деп ойламаған әлгі жігіт қатты қысылғаннан: «Уа, Аллам, мені хазірет Омардың алдында масқара ете гөрме! Күнәмді жасыра гөр, сөз берем, ендігәрі шарап ішпеймін» – деп, ішінен тәубе етіп, жалбарынады. Сөйтіп: «Уа, мүміндердің әміршісі! Қойнымдағы сірке суы», – деп қалай айтқанын өзі де аңдамай қалады. Хазірет Омар: «Қане, көрсетші», – деп, қойнындағы шишаны алып қарағанда, ішіндегісі шынымен де сірке суы болып шығады.

Расында мейірімі шексіз Алла құлының шын ниетімен жасаған тәубесін қабыл алып, харам шарапты адал сірке суына айналдырды. Ал күнәға белшесінен батқан күнәһар құлдары күнәлары үшін шынымен өкініп, тәубеге келсе, Алла олардың да күнә шарабын құлшылық сіркесіне айналдырары сөзсіз (Имам Ғазали «Мукашафатул-қулуб», 46 б.).

Екінші қисса:

Бір ақсақал ғұлама шәкірттерімен әңгіме барысында: «30 жыл бұрын «Әлхамдулиллаһ» (Аллаға мақтау болсын) дегенім үшін 30 жыл бойы тәубе сұрап келемін» дейді. Шәкірттері таң қалып, мұның мәнін сұрағанда, әлгі ақсақал былай деп түсіндіреді: Сауда орнында үлкен өрт шығып, көптеген саудагерлердің дүкендері өртеніп, иелері үлкен шығынға ұшырады. «Сенің дүкеніңе ештеңе болмапты» деген хабар маған жеткенде мен оған абайсыздан «Әлхамдулиллаһ» деп қалдым. 

Кейін осы әрекетіме қатты өкіндім. Мұсылман бауырларымның мал-мүлкі жанып кеткен кезде, өзімдікі аман қалды деп шүкір еткенім шынайы мұсылмандыққа жараспады, қатты қиналдым, еңіреп тәубе еттім. Кейін өрттен зиян көрген мұсылман бауырларыма ортақтас болайын деген мақсатпен, дүкенімдегі барлық заттарды кедейлерге таратып берсем де, сол күннен бері, яғни 30 жыл бойы тәубе етсем де, әлі де жаным тыныштық таппады. Мен өлген кезде, ешкім білмейтін, адам жүрмейтін бір жерге апарып жерлеулеріңді сұраймын. Топырақ мені қабылдамай, достарымның алдында ұят болып қала ма деп қорқамын» деген екен.

Үшінші қисса:

Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік», – деп өтінеді.

Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткеннен соң баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. «Мына адам Алланың құзырында нендей жаман күнә жасады екен» деп Мұса пайғамбарға ой келеді.

Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік», – деп өтінеді.

Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң тағы да кешегі баласын жетектеген адам өтеді.

Бұл кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған еді, бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды.

Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына: «Уа, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші» деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін «Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде тағы да кешегі ең жаман деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адам, ең жақсы адамға айналды?» – деп сұрайды.

Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды.

Сонда баласы әкесіне қарап: Әке, мынау не? – деп сұрады.

Әкесі: Балам, бұл теңіз, – деді.

Баласы: Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда

Әкесі: Балам, теңізден үлкен мұхит бар, – деп жауап берді.

Баласы: Әке, мұхиттан үлкен не бар? – деді.

Сонда әкесі: Балам, мұхиттан үлкен жер шары бар, – дегенде,

Баласы: Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады.

Әкесі: Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді.

Баласы: Әке, әкемнің күнәсінан да үлкен не бар? – дегенде,

Әкесі: Балам, бейбақ әкеңнің күнәсынан да үлкен Алланың шексіз рахымы, мейірімі бар, – деп жауап берді. Міне сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады.

Төртінші қисса:

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбә есімді сахабаны бір шаруаға жұмсайды. Сәғләба жұмсаған жеріне бара жатып, жол бойында есігі ашық қалған үйдің ішіне көзі түседі. Үйде «ансарлық» бір әйел жалаңаш шешініп тастап жуынып жатыр екен. Сәғләба әлгі әйелден бір сәтке көзін ала алмай қалады. Кейін өз-өзіне келіп, қатты ұялып кетеді. Бір жағынан, «Пайғамбарымызға Алла Тағаладан осы күнәм жайында уахи түссе, қайтемін?» деп қатты қорқады. Екінші жағынан, «харамға қараған көзіммен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак жүзіне қалай қараймын?» деп Мәдина қаласын тастап, тауға қашып кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбәні ұзақ уақыт бойы күтеді. Келмеген соң кісі жіберіп іздетеді. Алайда, таппайды. Арада қырық күн өтеді. Сол кезде Жәбірейіл (а.с.) періште: «Уа, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Раббыңның саған сәлемі бар. Алла Тағала: «Үмбетіңнен қашып кеткен жан мына таудың арасында, Менің отымнан Маған сыйынуда!» деген Алла Тағаланың сәлемін жеткізеді. Бұл хабарды алған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омар (р.а.) мен Сәлманды (р.а.) шақырып, Сәғләбаны алып келу үшін Жәбірейіл (а.с.) айтқан жерге жібереді. Екі сахаба жолға шығып, айтылған жерге жетеді. Сол жерде қой бағып отырған Зәфәфә есімді бір шопанға жолығады. Шопанға бір жас жігітті іздеп жүргендерін айтып, суреттеп береді. Шопан:

– Сендер тауға шығып алып айқайлап жүрген бір жасты іздеп жүрген боларсыңдар. Ол тозақ отынан қашып жүр, – дейді. Сонда Хазіреті Омар:

– Оның тозақ отынан қашып жүргенін қайдан білдің? – деп сұрайды.

– Айқайынан білдім. Күнде түннің ортасында таудың басына шығып «Уа, Раббым! Мен Сенен ұяламын, жасаған күнәмнан ұяламын! Жанымды ал, тәнімді шіріт!» деп дұға етіп айқайлайды, – дейді.

Хазіреті Омар мен Сәлман қойшы айтқан таудың қасына барып, түн ортасына дейін күтеді. Түн ортасында қойшы айтқандай Сәғләба таудың басына шығып Аллаға жалбарына айқайлайды. Сол кезде Омар мен Сәлман Сәғләбаны ұстап алады. Сәғләба Хазіреті Омардан:

– Ей, Омар! Алланың Елшісі (с.ғ.с.) күнәмнан хабардар болды ма? – деп сұрайды. Омар:

– Күнәңды біліп-білмегенінен хабарым жоқ. Бізге тек сені алып келуді бұйырды, – дейді. Сонда Сәғләба тұрып:

– Омар, онда саған бір өтінішім бар. Мені Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намазда тұрғанында апаршы, – дейді.

Себебі, Сәғләба харамға қараған көз­дерімен Пайғамбарымыздың жүзіне қарауға қатты ұялады. Омар Сәғлә­баның өтінішін жерге қалдырмай, Сәғләбаны мешітке Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имамдыққа шыққанда кіргізеді. Сәғләба да сапқа тұрады. Намаз біткен соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) артына бұрылып:

– Уа, Омар! Сәғләба қайда? – деп сұрайды. Мұны естіген Сәғләбаның буыны ұстамай, отыра кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаға жақындап келіп:

– Уа, Сәғләба қайда жоғалып кеттің? – дейді.

– Уа, Алланың елшісі! Жоғалып кетуіме күнәм себеп болды!

– Қателік пен күнәні өшіретін Алланың аятын айтайын ба? – дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Айтыңыз, Расулім! – дейді Сәғләба. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Раббана әәтинәә фид дуния хасанатан уа фил әхирати хасанатан уа қинә ғәзәбәннар» деген дұғаны оқы! – дейді. Сәғләба:

– Уа, Алланың Елшісі! Менің күнәм үлкен ғой! – дейді. Пайғамбарымыз:

– Жоқ, Алланың сөзі одан да үлкен, одан да ұлы! – деп жауап береді.

Осыдан соң Сәғләба үйіне қайтады. Арадан сегіз күн өткеннен кейін Сәл­ман Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, Сәғләбаның қатты ауырып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) орнынан тұрып, сахабаларын ертіп, Сәғләбаның үйіне барады. Барса, сахаба қатты науқастанған, тіпті, басын көтеруге шамасы жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаның қасына келіп, басын көтеріп, өзінің тізесінің үстіне қояды. Сәғләба болса, басын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тізесінен ақырын сырғытып, қайта жерге қояды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Уа, Сәғләба, басыңды неге тіземнен алып кеттің? – дейді.

– Уа, Алланың Елшісі! Бұл – күнәға толған бас. Сіздің мүбәрак тізеңіздің үстінде жатуға лайық емес! – дейді. Пайғамбарымыз Сәғләбадан қай жерінің ауырып жатқанын сұрайды. Сәғләба:

– Етім мен сүйегімнің арасында құрт жүргендей, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз одан не қалайтынын сұрайды. Сахаба:

– Алланың кешірімін тілеймін! – дейді.

Сол кезде, сол жерде көктен Жәбірейіл періште түсіп келеді де Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Алланың сәлемін жеткізеді:

– Уа, Алланың елшісі! Алланың саған сәлемі бар! Құлымның Жер шарындай күнәсі болса, ол күнәсы үшін дәл сондай кешірім бар! деп айтты, – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаға бұл сүйіншіні жеткізеді, сахаба бұл қуанышты хабарды ести салып, сол жерде көз жасы ішінде жан тапсырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаны кебіндеп, жаназа намазын оқиды. Жаназа намазында Алла елшісі (с.ғ.с.) аяғының ұшымен тұрады. Мұны байқаған сахабалар жерлеп келген соң Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) не себепті олай тұрғанын сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз:

Сәғләбаның жаназасына қатысқан періштелердің көптігінен аяқ басар жер таппадым, сол себепті аяғымның ұшымен тұрдым, – деп жауап береді.

Return to Top ▲Return to Top ▲