Шағбан айы

Ұлы Жаратушының адам баласына берген нығметтерін санауға сан жетпес, сірә. Құлдарына ерекше мейірімді Алла Тағала біздерге ұлық түндер мен күндерді, жақсылықтары еселеніп жазылар айларды нәсіп еткен. Егер де айлардан қасиетті Рамазан айы сынды, күндерден мүбарак айт күндері мен жұманы, түндерден қадір түні сынды сауабы шексіз сәттерді бермегенде ғұмырымыз сауаптар жинауға жетпес еді. Міне, қасиетті Рамазан айының жаршысы іспетті қасиетті үш айдың бірі Шағбан айы да келіп жетті. Бұл айдың басқа айлардан ерекшелігі неде?

Бірде саңлақ сахабалардың бірі Усама (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шағбан айында көп ораза ұстауының хикметін білу үшін: «Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім», – деп сұрағанда: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын», – деген жауап естіген. Демек, көбіміздің ескере бермейтін сауабы мол берекетке толы Шағбан айының ерекшелігі де амалдарымыздың Жаратушы Иеміздің құзырына көтерілетіндігі.

Иә, Шағбан сөзінің өзі  – «көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие.

Біздер қасиетті жұмаға рухани және материалды тұрғыдан дайындық жасағанымыз сияқты Рамазан айына да рухани һәм материалды дайындық жасауымыз қажет. Себебі Шағбан Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Яғни, рухани дайындығымызға жататын амалдар күнәларымызға кешірім тілеп, қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғау. Ал материалды дайындыққа дәрет, ғұсыл алынып, ораза ұстап, қайырымдылық істерге мұрындық бола білу сынды амалдар кіреді. Бұл жөнінде Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):   «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,-  деген болатын.

Иә, Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – менің үмбетімнің айы» – деген. Сүйікті Елші (с.ғ.с.) бұл айда өзге айлардағы әдетінен көбірек ораза тұтатын еді және үмбетіне былай дейтін: «Шама-шарқыңызға қарай амал жасаңыз. Өйткені сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды жүктемейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны». Көріп тұрғанымыздай, аз да болса бұл айда әр дүйсенбі, бейсенбі сол сияқты шамамыз келгенше ораза ұстауды әдетке айналдырар болсақ, Алланың рахметіне кенелеріміз хақ.

Бұл айлардың қасиетті болуы да Қадір түнінің Рамазан айына, Миғраж түнінің Ережеп айына, Ашура күнінің Мұхаррам айына, Бараат түнінің Шағбан айында келуімен байланысты. Міне, осы Шағбан айында Алла Тағала ерекше бір түнмен көркемдеген. Ол Бараат түні. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалардың қабыл болатын, берекелі түн екенінде дау жоқ. Сондықтан бұл түнді де ерекше үмітпен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат, Алладан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.

Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», – деп те айтқаны жанымызға шұғылалы сәуле себеді. Бұл түнді ислам ғұламалары бірауыздан «Мүбәрак», «Кешірім», «Сақ» (кешірім, рахым) деген сияқты әртүрлі атаулармен атайтындығын білдірген. Берекелі, рухани, шуақты, құтты түн болғандықтан «Мүбәрак», кешірім тілеген-дерге, рахымы мол Ұлы Жаратушының кешірімі берілетіндіктен «Бараат», сауапты амалдар жасаса, Жаратушы сүйікті құлдарын ерекшелейтіндіктен «Сақ» (кешірімді), есіркеуші, жарылқаушы Ұлы Жаратушыға мойынсұнар шақ болғандықтан «Рахым» атаулары берілген. Осындай ерекше атаулары бар ұлық түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді. Биыл бұл мүбарак түн Маусым айының 12-нен 13-іне жұлдызына қараған түнге сәйкес келеді.

Құрметті мұсылман қауым! Алланың шексіз нығметтерін еске түсіріп, Оның есімін ұлықтап, біздерге ақиқат шуағын шашқан сүйікті Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға мол салауат айтып, шамамыз келгенше ораза ұстап, Рамазанға ерекше құрметпен дайындалайық! Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына өте-мөте көңіл бөлгені біздерге үлгі. Ол (с.ғ.с.) «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», – деген дұғасын жиі айтатын. Біздің де тілеріміз сол. Алла Тағала тұтқан ораза, істеген құлшылық амалдарымызды қабыл етсін!

.

 

Әбілхан ЖӘПІШЕВ

Петропавл қалалық «Нұр»

мешітінің бас имамы

 

 

Return to Top ▲Return to Top ▲