Ханафи мазһабы бойынша намаз оқудың дәделдері

Кейбір жат ағым өкілдерінің еліміздегі мұсылмандардың шырқын бұзудағы ұтымды тәсілдерінің бірі- мұсылмандардың ғибадаттарына күмән туғызу. Әсірісе  бұл намаз құлшылығына қатысты. Жаңадан намазға бет бұрған мұсылмандарға сен мынаны дұрыс жасамадың, бұның дәлелі әлсіз, мынау бидғат, намаз сүннет бойынша былай, имамдар сендерге қате үйретуде деген сөздерді таратып, әлі буыны бекімеген мұсылмандардың көкейіне күмән ұялатуда. Олардың айтатындары Имам Әбу Ханифа мазһабының көп мәселеде дәлелдері жоқ, дәлелдері әлсіз деген пікірлер. Намаз мәселесінде көптеген хадистердің келгені мәлім дегенмен нақтылы шегелеп тек осылай оқыған деп басып айту ол діни білімнің таяздығының белгісі және басқа ғалымдардың ғасырлар бойы ислам дініне сіңірген еңбегін елеусіз қалғаны. Осы мақсатта мұсылмандар арасында намазға қатысты жиі талқыға түсіп жүрген мәселелерге орай Ханафи мазхабының дәлелдері мен ұстанымдарын келтіргенді жөн көрдік:[1]

Таң намазына азан шақырылғанда «ас-Саләту хайрум минән нәуум» деген сөз тіркесінің қосылуы. Таң намазындағы азанға қосылатын «намаз ұйқыдан қайырлы» сөзін кейбір жат ағым өкілдері жоққа шығарады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде:

 عن بلال قال قال لي رسول الله صلى الله عليه وسلم لا تثوبن في شيء من الصلوات إلا في صلاة الفجر

Сахаба Біләлдің айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ассалату хайрум минән наум» (Намаз ұйқыдан артық) тек таң намазында ғана айтылады»[2], – деген.

Қаматтың сөздері де азандағы сияқты екі мәрте қайталануы. Ханафи мазһабында қаматты азандағыдай созылып оқылмайды және «қад қааматиссала» сөзі қосылып, екі мәрте айтылады. Байһақиде риуаят етілген мына хадисте сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді:

عبد الله بن زيد الأنصاري جاء إلى النبي صلى الله عليه و سلم فقال يا رسول الله رأيت في المنام كأن   رجلا قام و عليه بردان أخضران فقام على حائط فأذن مثنى و أقام مثنى.

 

«Мен Пайғамбарымызға (с.а.у): «Уа, Расулуллаһ! Мен түсімде бір адамды көрдім. Үстінде екі қабат жасыл жамылғы киімі бар еді. Ол қабырғаға шығып, азан шақырды, (азан сөздерін) екі мәрте қайталап айтты. Қаматтың сөздерін де екі рет қайталады».[3]

Имамға ұю – намазын алдында тұрған иманына тапсыру. Кейбір жат ағым өкілдерінің әрекетінен намазда имамнан кешігіп әрекет жасап жатқанын байқаймыз. Олардың ойынша әрбір адам намазы үшін тек өзі ғана жауап береді. Осыған орай Фатиха қысқа сүре оқып, имам рукуғқа кетсе, кейбір адамдардың әлі қиямда сүре оқып тұрғанын байқаймыз. Бұл хадиске қайшы әрекет.

عن جابر بن عبد الله رضي الله عنه قال: «قال رسول الله (صلى الله عليه و سلم): الإمام ضامن فما صنع فاصنعوا».

Жәбирден жеткен риуаят бойынша Пайғамғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Иман намаздарыңа кепіл, Ол не істесе соны істеңдер».[4]

Басқа бір хадисте:

عن أبي هريرة قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: «إنما جعل الإمام ليؤتم به فإذا كبّر فكبروا و إذا ركع فاركعوا و إذا قرأ فانصتوا»

 

«Сөзсіз имамға ұю керек. Егер Аллаһу әкбар десе, сендер де солай айтыңдар. Ал қашан Құран оқыса (намазда) , тыңдап тұрыңдар» [5]деген (Сахих хадис).

Ифтитах тәкбірін  айтқандағы қолдың деңгейі.

عن مالك بن الحوايرث: » أن رسول الله صلى الله عليه و سلم، كان إذا كبَّر رفع يديه، حتَّى يحاذي بهما أُذنيه»

«Алланың елшісі (с.а.у)  (намазда) тәкбір айтқанда екі қолын құлағының тұсына шейін көтеретін»[6].

«Сахих Муслимде тағы бір хадисте сахаба Қатада Пайғамбарымыздың (с.а.у) қалай тәкбір келтіргенін көріп, былай деді:

عن قتادة بهذا الإسناد، أنه رأى نبي الله صلى الله عليه و سلم، و قال: حتى يحاذي بهما فروع أذنيه

«Ол қолын құлағының жоғарғы тұсына жететіндей етіп көтерді.»[7]

Басқа бір хадисте:

عن وائل بن حجر، قال: «رأيت رسول الله صلى الله عليه و سلم حين يكبر للصلاة يرفع يديه حيال أذنيه»

«Мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) намазға тәкбір айтқанда екі қолын құлақ тұсына көтергенін көрдім».[8]

Тәкбірде қолды тек бір мәрте көтеруге байланысты.

قال عبد الله بن مسعود: «ألا أصلي بكم صلاة رسول الله صلى الله عليه و سلم؟ فصلَّى فلم يرفع يديه إلا في أوّل مرةٍ

«Абдолла ибн Масғуд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқитынын көрсетейін бе?- деп намаз оқыды. Намазда екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді»[9]. (Сахих)

Басқа хадисте:

عاصم بن كليب عن أبيه أنَّ عليا رضي الله عنه كان يرفع يديه في أول تكبيرةٍ من الصلاة، ثمَّ لا يرفع بعدُ

«Әзіреті Әли намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», делінген.[10]

Тағы басқа хадисте:

عن جابر بن سمرة قال: «خرج علينا رسول الله صلى الله عليه و سلم فقال: ما لي أراكم رافعي أيديكم كأنها أذناب خيل شمسٍ؟ اسكنوا في الصلاة»

«Пайғамбарымыз (с.а.у) біз жаққа қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығына ұқсап, қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп, жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» – деді. [11]

Басқа бір хадисте:

عن أبي هريرة قال: «كان رسول الله صلى الله عليه و سلم إذا دخل في الصلاة رفع يديه مداً»

«Пайғамбарымыз (с.а.у) намазға бастағанда екі қолын бір-ақ мәрте көтеретін еді»[12].

Тәкбірден кейін қол байлауға байланысты.

عن أبي جحيفة أن عليا رضي الله عنه قال: «السنة وضع الكف على الكف في الصلاة تحت السرة»

Оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндіктен төмен байлау – сүннет» [13]деген.

Басқа бір хадисте:

«أخْذ الأكف على الأكف في الصلاة تحت السرةِ

«Пайғамбарымыз (с.а.у) бір қолын екінші қолына қойып, кіндіктен төмен ұстап, қол байлады.»[14]

Намаздағы бисмилләһ айту мәселесі.

Сахаба Әнәс ибн Мәликтен жеткен хабар бойынша:

عن قتادة عن أنس قال صليت خلف رسول الله صلى الله عليه و سلم و أبي بكر و عمر و عثمان رضي الله عنهم فلم أسمع أحداٌ منهم يجهر بسم الله الرحمن الرحيم

«Мен Пайғамбарымыздың, Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның артында тұрып намаз оқыдым. Олардың ешқайсысы «бисмилләні» жария етіп оқығанын естімедім.[15]

Қиямда Құран оқу мәселесі.

Парыз намаздардың әуелгі екі ракағатында әрқайсысында ең кем дегенде қысқа болса үш аят ұзын болса бір аят оқу парыз. Құран кәрімде бұл турасында:

فَاقْرَءُوا مَا تَيَسَّرَ مِنَ الْقُرْآنِ ۚ

«(Намазда) Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар»[16]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде бір кісіге намаз үйреткенде былай деді:

إذا قمت إلى الصلاة فكبر ثم اقرأْ ما تيسر معك من القران، ثم اركع حتى تطمئنَّ راكعا

Намазда тұрғанында ифтитах тәкбірін ал. Кейін құранда жеңіл келгенін оқы да рукуғқа бар, рукуғты толығымен жаса…[17]

Имамға ұйыған кісі іштей Құран оқи ма?

Имамға ұйыған адам «Сәнә», «Тәшәһуд» секілді дұғаларды іштей айтып, «Фатиха» және қосымша сүрелерді оқымайды. Бұған Ханафи мазһабының ғалымдарыан басқа да ғалымдар келіседі. [18]

Пайғамбарымыздың (с.а.у)хадисінде:

سأل زيد بن ثابت رضي الله عنه عن القراءة مع الإمام فقال: لا قراءة مع الإمام في شئ.

«Еш жерде имамның артынан қыраат ету деген жоқ» деп жауап берді.[19]

Басқа бір хадисте:

عَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رضي الله عنهما قَالَ: صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الظُّهْرِ أَوِ الْعَصْرِ، فَقَالَ: «أَيُّكُمْ قَرَأَ خَلْفِي بِـ{سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى}؟ فَقَالَ رَجُلٌ: أَنَا وَلَمْ أُرِدْ بِهَا إِلَّا الْخَيْرَ، قَالَ: «قَدْ عَلِمْتُ أَنَّ بَعْضَكُمْ خَالَجَنِيهَا».

Пайғамбарымыз (с.а.у) бірде бесінде ме, жоқ екінтіде ме, имам болып намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсың артымнан тұрып «Сәббихисмә Раббикәл әғла» деген?» деп сұрады. Ұюшылардың бірі: «мен едім, бірақ жаман ойым болған жоқ» деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз қайсысы менімен жарысып тұрған деп ойлап қалдым» дейді өзгелердің имаммен қосажармасып оқып тұруын дұрыс көрмей.

Әмин дұғасы.

Намазда «Фатиха» сүресінен кейін әмин деп дұға жасау сүннет амалдардан. Ханафи, Мәлики мазһабтарында бұл дұға іштей айтылады. Алла тағала Құран кәрімде:

 

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)

(Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[20]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбәрак хадисінде:

عن علقمة بن وائل عن أبيه: أنَّه صلى مع النبي صلى الله عليه و سلم حين قال: «غير المغضوب عليهم و لا الضالين» قال آمين يخفض بها صوته»

«Пайғамбарымызбен бірге намаз оқығанда Пайғамбарымыз «Ғайрил мағдуби ғалайһим уә ләддаалин» дегеннен кейін даусын бәсеңдетіп «Әмин» деді»[21] Бұл хадис сахих. Оны Бұхари, Муслим хадистерінде келтірмегенімен олардың хадис қабылдау шарттарына сәйкес.

Тәшәһуд отырысы.

Ханафи мазһабы бойынша ер кісілер намаздың екі сәжде арасындағы отырысы мен «әттахият» отырысында сол аяғын жамбасының астына басып, оң аяғының бармақтарын құбылаға қаратады. Бұлай жасау сүннет.[22]

Пайғамбармыздың хадисінде:

عن ابن حجر قال: «قدمت المدينة قلت لأنظرنَّ إلى صلاة رسول الله فلما جلس يعني للتشهد افترش رجله اليسرى و وضع يده اليسرى يعني على فخذه اليسرى و نصب رجله اليمنى

Мен Мәдина қаласына келгенімде өз-өзіме «ардақты пайғамбарымыздың намаз қалай оқитынын көруім керек» дедім. (Барып қарағанымда) Ол кісі ташәһудте оң аяғын (бармақтарын құбылаға қаратып) тіктеді. Сол қолын сол аяғының санының үстіне қойды».[23]

Намаздағы саусақты көтеру мәселесі

Намазда «Әттахият» дұғасының «Лә иләһә» деген тұсында сұқ саусақты көтеріп, «иллаллаһ» деген жерінде түсіру сүннен амалдардан. Ал сұқ саусақты көтеріп, үздіксіз қимылдату Ханафи мазһабында мәкруһ амалдарға жатады.  Пайғамбарымыздың хадисінде:

عن علي بن عبد الرحمن المعاوي أنه قال رآني عبد الله بن عمر و أنا أعبث  بالحصباء في الصلاة فلما انصرفت نهاني وقال اصنع كما كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يصنع فقلت وكيف كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يصنع قال كان إذا جلس في الصلاة وضع كفه اليمنى على فخذه اليمنى وقبض أصابعه كلها وأشار بأصبعه التي تلي الإبهام ووضع كفه اليسرى على فخذه اليسرى

Әли ибн Абдурахман әл-Мағауия былай деді: «Абдолла ибн омар менің намазда ұсақ тастармен ойнап отырғанымды көрді. Намаз біткен соң ол мені бұл істен тыйым салды да: «Алла елшісінің істегеніндей істе !» деді. Мен: Алла елшісі қалай жасайтын еді дедім. Ол былай деді: «Алла елшісі намазда отырған кезде оң алақанын оң санының үстіне қойып, саусақтарын жиып, сұқ саусағымен ишарат ететін.Ал, сол алақанын сол санының үстіне қоятын.»[24]

Әйел мен ердің намаз оқудағы айырмашылықтар             Кейбір жат ағым өкілдері Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Намазды мен оқығандай оқыңдар» деген әмірін тікелей түсініп әйелдер мен еркектердің арасында намаз оқуда ешқандай айырмашылық жоқ деп пайымдайды. Құрандағы намазға қатысты әмір еркек пен әйелге ортақ болғанымен пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде келгендей әйел адамның жаратылыс ерекшелігіне байланысты намазда кейбір өзгешеліктер бар екені келген.             Ерлерге мешітке барып, жамағат намазын оқу абзал болса,  әйелдерге үйінде оқыған абзал. Ерлерге жұма намазын мешітке барып оқу уәжіп. Ал әйелдерге ол міндетті емес.           Әйел адам намазға тұрғанда еркекке қарағанда киімі кең әрі денесін толық жауып тұруы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Балиғат жасына толған әйелдің намазы (басын) жамылғымен жауып (оқымайынша) қабыл етілмейді»[25] деген.          Ерлердің әурет жері кіндікпен тізенің арасы болса, әйелдікі жүзі мен екі алақанынан басқа барлық жері әуретке жатады. Әрі намазда тұрғанда да аталмыш жерінен басқа денесі түгелдей жабылып тұруы тиіс. Алла тағала: «…Өздігінен көрініп тұрған жерден басқа зейнеттерін көрсетпесін…»[26],-деген аятқа қатысты Ибн Аббастан сұрағанда, ол: «Ол – бет пен екі алақаны»[27],-деп жауап берген.

Ерлер әрбір намазды бастағанда азан мен қамат айтып оқуы тиіс. Ал әйелдерге міндет емес. Әсмә бин Бәрид (р.а.) Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):«Әйелдерге азан да, қамат айту да міндет емес»,-дегенін жеткізген.[28]
Әйел адам сәждеге барғанда екі қолын ерлер тәрізді ашпай, керісінше бауырына жинайды. Себебі Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде намаз оқып тұрған екі әйелдің жанынан өтіп бара жатып (олар намазын оқып болған соң): «Сәждеге барғандарыңда еттің кейбір бөлігін (қолды) жерге тигізіңдер. Себебі әйел сәжде еткенде ер кісідей сәжде етпейді» деген. Демек әйел барынша намазада өзіне ұқыпты болған абзал оның намаз оқуында еркекке тән әрекеттер болмауы тиіс. Бұл әсіресе сәждеге барғанда, рукуғқа барғанда отырыстарында ерекше байқалады.

Бет сипау мәселесі.

 Дұға жасаушы құл дұға жасарда дәрет алып, құбылаға қарап, қолын көтеріп дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде:

«إن الله حيي كريم، يستحي من عبده إذا رفع إليه يديه أن يردهما صفراً»

«Шын мәнінде, Алла Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады»[29].

Бұл жердегі қолын жоғары көтеріп, дұға тілеудегі мағына Алла тағаланың мекеніне емес, керісінше оның мәртебесінің жоғары екенін меңзейді. Сонымен қатар дұға тілеуші адамның  қолын жайып, бетін сипауы сүннет амалдардан болып табылады.

( سلوا الله ببطون أكفكم ولا تسألوه بظهورها فإذا فرغتم فامسحوا بها وجوهكم )

«Алла тағаладан сұрағанда алақандарыңның ішімен сұраңдар сыртымен сұрамаңдар, дұға жасағаннан кейін беттеріңді сипаңдар»[30].

Намаз оқымаған кәпір ме?

            Сондай-ақ жат ағым өкілдерінің қоғам арасында таратып жүрген бүліктерінің бірі – намаз оқымай жүрген адамдарды кәпірге шығарулары. Бұл жерде адам намаз оқымаса да болады ең басты жүрек тазалығы деген сөз емес. Әлбетте намаз ақыл есі дұрыс, балиғат жасына жеткен адамға парыз. Оның парыздығы Құран, сүннет және ижмағ дәлелдерімен анықталған. Намаздың маңыздылығының дәлелі бұл сөздің құранда елу бір жерде келуі.  Соның бірі:

حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَىٰ وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ

«Барлық намаздарды және орта намазды сақтаңдар»[31]

إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا

 «Расында, намаз белгіленген арнайы уақыттарда парыз етілді»[32]

Ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау».[33]

Намаз оқымайтын адамның үкіміне келер болсақ, бұл мәселе екіге бөлініп қарастырылады. Біріншісі парыздығын мойындамау оны жоққа шығару екіншісі, парыздығын мойындау, бірақ еріншектіктен, иманның әлсіздігінен оқымау, оқуды кейін қалдыру.  Бірінші топтағы адам тікелей Құран аяттары мен хадистеріндегі әмірге қарсы келгені үшін діннен шығады. Екінші топтағы адамдар күнәһар болғанымен діннен шықпайды. Бұл пікірді Имам Әбу Ханифа, Мәлики, Шәфиғи және Ханбали мазһабының кейбір ғалымдары ұстанған. «Кісі мен ширктің, күпірліктің арасындағы перде – намаз»[34] хадисіне келетін болсақ бұл жердегі күпірлік намазды жоққа шығаруға байланысты күпірлік. Өйткені, ислам тарихында намаз оқымаған адамдарды мұсылмандарша жерлеп, мұсылманша жаназасын шығарып көміп келген.

Ғұламалардың көпшілігі кәпір болмайтына Алланың келесі сөздерін дәлелге келтірген:

«Алла тағала Өзіне ортақ (серік) қосылуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды”.[35]

Және Пайғамбарымыздың хадистерін келтірген: “Кім Лә иләһә илла Алла  деп айтса жәннәтқа кіреді. Кімде кім Алладан басқа Тәңір жоқ екендігіне сеніп дүниеден өтсе ол жәннаттық. Егер Алланың құлы күмәнсіз екі куәлік сөзімен кездессе ол жәннаттан алыстатылмайды. Алла  лә иләһә иллаллаһ деп айтқан адамға отты арам еткен” және тағы басқа да хадистер бар.

Кәзіргі кездегі өздерін таза дін ұстанамын деушілер көп жағдайды Сауд Арабия ғалымдары, Усаймин, Ибн Бааз, Албани т.б ғалымдарының сөздерін келтіреді. Осы турасында Албаниден сұраған кезде фәтуәларының бірінде намаз оқымау адамды діннен шығармайды деген, діннен тек жүрекпен сенім тұрғысында қарсы келсе ғана шығады деп үкім берген. Яғни намаздың парыздығын мойындамауды меңзейді.[36] Олардың атақты ғалымдары ибн Бааздың ресми сайтында осы мәселеге орай берген фәтуәсінде бір мұсылманның егер адам Аллаға, пайғамбарға иман келтірсе, бірақ  басқа негіздерді орындамаса мұсылман бола ма деген сұрағына: «Ия ол Аллаға, пайғамбарға (с.а.у)  иман келтіруімен мұсылман болады»[37] деп жауап берді. Дегенмен кейін оның ісіне қаралады егер намаз оқыса иманы толық болады, оқымаса діннен шығады деп айтуы арқылы өз сөзіне өзі қарама-қайшы келуде.

Қорыта келе бұл жердегі қарама-қайшылық «куфр» сөзінде болып отыр өйткені әр кез бұл сөз діннен шығуды мақсат етпейді.[38] Исламның бүкіл әлемде билік құрып тұрған кезінде намаз оқымаған адам өте жиі кездескеннің өзінде Ислам ғалымдары куфрге шығарудан аулақ болған. Ал дінге енді ғана бет бұрып жатқан елімізде мұндай пікірлерді тарату біріншіден діни тұрғыда сауатсыздықтың белгісі және ислам дінінің дамуына қарсы жасалған қастандық.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

«ҚЫЗЫЛЖАР» ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ ҰСТАЗЫ

[1] Бұл тақырып төңірегінде көлемді түрде жарық көрген Абдусамат Қасымның «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабы Ханафи мазһабының намазға қатысты ұстанған дәлелдерін кеңінен талқылап жеткізген. Бұл мақаладағы мәліметтер сол кітапқа сүйене отырып жазылған.

[2] Тирмизи сүнәні, №198

[3] Байһақи риуаят еткен

[4] Әл-Хайсами. Мажмағуз-зауааид: Бабу әл-Имаму Дамин. (Хасан хадис)

[5] Дәрәқутни сунані, Имамға ұю бабы- 2/115-бет, №1243 хадис.

[6] Сахих Муслим «Китабу әссала, №25 хадис.

[7] Сахих Муслим «Китабу әссала, №26 хадис

[8] Имам Тахауи Шарху Мағани әл-Әсәр 3/512- бет

[9] Имам Ахмад муснаді №3551. Бұл хадис Тирмизиде, Насаиде, Әбу Даудта келген.

[10] Имам Тахауи Шарху Мағани әл-Әсәр 4/164- бет

[11] Муслим 27-баб/430-хадис

[12] Әбу Дауд №753, Сахих хадис.

[13] Имам Ахмад №877

[14] Дәрәқутни хадистер жинағы №1098

[15] Нәсәи 2/135 бет, №907хадис

[16] Музаммил сүресі, 20-аят

[17] Сахих Бухари, №724

[18] Бұл мәселе кеңінен «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабында кеңінен талқыланады, 48-бет.

[19] Муслим №577

[20] Ағраф сүресі, 55-аят

[21] Әл-Хаким ән-Нисабори Мустадрак 2-том/253-бет.

[22] Ғылымхал 160 бет.

[23] Әбу Дауд №957хадис

[24] Сахих Муслим, 1-том, 408-бет.

[25] Мүстадрак ала сахихайн, әл-Хаким, 2-том, 428-бет. Хадистің дәрежесі сахих, Мүслімнің шартына сай.
[26] «Нұр» сүресі, 31-аят

[27] Мусаннаф, Ибн Әбу Шәйбә, 3-том, 384-бет.

[28] Әс-Сүнән әл-Кубра, әл-Бәйһәқи, 1-том, 408-бет.

[29] Тирмизи хадистер жинағынан

[30] Абу Дауд, Байхақи хадистер жинағынан

[31] Бақара сүресі, 238-аят

[32] Ниса сүресі 103-аят

[33] Бұхари, Иман, 1,2; Мүслим, Иман, 19-22.

[34] Сахих Мүслим, 1-том, 88-бет. «ДәруИхиа`ит-турасил-араби» баспасы

[35] Ниса сүресі, 48-аят

[36] https://www.youtube.com/watch?v=7q_0t8vvWG4

[37] http://www.binbaz.org.sa/node/21507

[38] Куфр сөзінің мағынасы турасында кітаптың 79-бетінде кеңінен шарықталды.

Return to Top ▲Return to Top ▲