Хадис ілімі – Cүннеттің түрлері және оның хадистен айырмашылығы

Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті немесе пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисі көпшілік ғалымдардың ұстанымы бойынша пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) ның айтқан сөздері, істеген әрекеттері, бір іске құптауы мінез және жаратылыс сипаттары және пайғамбарымыздың (с.а.у) уахи түскенге шейін және түскеннен кейінгі өмірбаяны.

Хадис немесе сүннет мұсылмандар үшін Құран кәрімнен кейінгі екінші негіз және шариғи дәлел. Құран үкімдерін өрбітуші,  айшықтаушы негіз болып табылады. Құран кәрімдегі мына аят хадистің шариғатта жоғарғы орнын меңзейді:

وَمَا يَنْطِقُ عَنِ الْهَوَى  إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَى  .

(Ол өз ойынан сөйлемейді.(4) Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана)[1]

Өйткені хадис дәлелдік қуаттылығы жағынан Құраннан кейін болса да ақида, құлшылық, қарым-қатынаста, мінез-құлық, әдеп, тәрбиеде тұрғысында кеңірек ауқымдырақ.

Пайғамбарымыздан (с.а.у) кейінгі ілгері ғасырларда ислам ғұламалары пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисін зерттеуде, жазып қалдыруда, үкімдер шығаруда ерекше ыжтаһаттылық танытты. Сол ерен еңбектің нәтижесінде көптеген ислами ілімдер пайда болды: жарх уа тағдил[2],  илму мусталах хадис[3], илму илал және басқа да ілімдер. Бұл ілімдердің негізгі қызметі пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерін сақтау, хадис деп таңылған жалған сөздерден ажырату. Хадистердің ғылыми түрде жүйеге келтіруі өз кезегінде басқа да ілімдерге зор ықпалын тигізді. Атап айтқанда ислам тарихы, пайғамбар (с.а.у) сирасы, араб тілі, тафсир, фиқһ т.б.[4]

Хадис атауымен сабақтаса көптеген атаулар бірге жүреді: сүннет, хабар, әсәр. Хадис тілдік жағынан алғанда жаңа, хабар, сөз деген мағыналарды білдіреді. Хадис сөзінің көпше түрі хадистер «ахадис» деп келеді.

Шариғаттағы мағынасына келетін болсақ ол пайғамбарымызға (с.а.у) қатысты сөз, әрекет, бір нәрсені құптауы және оған (с.а.у) қатысты сипаттар. Хабар, әсәр сөздері де ғалымдар арасында хадис мағынасында қолданылады. Алайда кейбір ғалымдар хадис пен хабарды пайғамбардан (с.а.у) десе, әсәрді сахаба, табиғиндерден болған риуаят дейді.

Сүннет араб тілінде бағыт, тура жол дегенді білдіреді. Құранда сүннет сөзі еруге лайықты болған жол дегенді білдіреді:

سُنَّةَ مَنْ قَدْ أَرْسَلْنَا قَبْلَكَ مِنْ رُسُلِنَا وَلَا تَجِدُ لِسُنَّتِنَا تَحْوِيلًا

        Расында сенен бұрын жіберген елшілерімізде де жол осы еді (елшілерді қуғандар, опа таппаған еді). Біздің жолымызда ешбір өзгеріс таппайсың.[5]

Жоғарыда келгендей жалпы сүннет деп айтылған уақытты ол тек дұрыс болған жолға меңзеледі. Кей кезде бұрыс жолды да меңзеуі мүмкін бірақ ондай жағдайда сүннет сөзімен сын есім қатар жүреді. Оған пайғамбарымыздың мына хадисі дәлел:

««من سن في الإسلام سنة حسنة، فعمل بها بعده، كتب له مثل أجر من عمل بها. ولا ينقص من أجورهم شيء. ومن سن في الإسلام سنة سيئة، فعمل بها بعده، كتب عليه مثل وزر من عمل بها، ولا ينقص من أوزارهم شيء»

Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді, сол секілді кім Исламда жаман әдет бастаса, сол өзінің амалы үшін жаза тартады және соны істейтіндердің де жазасы еш кеміместен сондай болады[6].

Бұл жерде сүннет сөзі «әдет» сөзімен алмастырылған өйткені сүннетке қатысты жаман деп айтылмайды.

Ибн Ражаб әл-Ханбали: Сүннет дегеніміз пайғамбарымыз (с.а.у.)  және оның ізгі халифаларының жүрген жолы, амалдары, сөздері ұстанған сенімдері.[7]  Пайғамбарымыз (с.а.у)

«عليكم بسنتي وسنة الخلفاء الراشدين المهديين بعدي، عضوا عليها بالنواجذ»

           Сендер менің сүннетім мен ізгі халифаларымның жолын берік ұстаныңдар[8].

Басқа бір хадисте:

«فمن رغب عن سنتي فليس مني»

Кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес[9].

Көп жағдайда хадис, сүннет сөзі бір мағынада жүреді. Сүннет ілім деп айтылса, ол хадис ілім деген мағына сол секілді сүннет ғалымдары делінсе, хадис ғалымдары жайында айтылады. Алайда сүннет сөзінің ауқымы хадис сөзінің ауқымынан кеңірек . Сол себепті шарғат дәлелдері делінгенде, Құранда және сүннетте деп айтылады. [10]

Саид Сулейман ән-Нәдәуи әл-Хинди: хадис дегеніміз пайғамбарымыз (с.а.у) ға өмірінде бір рет болсын жасаған тиесілі бір адамға дейін риуаят еткен амалдар, ал сүннет көп жағдайда жалғасын тапқан амалдар. Яғни пайғамбарымыздан кейін сахабалар одан кейін табғиндер іс-әрекеттерінде көрінген пайғамбарымыздың (с.а.у) амалдары. Бұл турасында пайғамбарымыздың (с.а.у) : «Сендерге екі нәрсе тастап кетіп бара жатырмын, егер оған жармасаңдар ешқашан адаспайсыңдар, ол Алланың кітабы Құран және пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті. Сүннет көп жағдайда орындалуы мустахаб болған амалдар. Ал хадиске бұлай айтылмайды. Хадистердің ішінде үкімі жойылғаны бар, тек пайғамбарымызға (с.а.у) қатысты амалдар бар. Сол себепті, ғалымдар хадис жайында айта бастағанда, әлсіз, жақсы, сахих, тоқылған деп айтылады, ал сүннетте әлсіз  сүннет деп еш уақытта айтылмайды.

Сүннеттің түрлері:

1-Қаули сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у) нан сөз арқылы өмірдің әртүрлі жағдайларында жеткен сөздің мағынасына қарай міндет, мустахаб болған амалдар.Мысалы:

إنما الأعمال بالنيات، وإنما لكل إمرىء ما نوى

         Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты және әр адамның ниет еткені тиесілі.[11]

Жалпы қаули сүннетің әмір мазмұнында келгендер парыз екенін білдірсе, тыйым мазмұнында келгені харам мағынасын білдіреді, егер оған қарама-қайшы келетін дәлел болса, үкімді өзгертеді. Бұл көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша.

2-Фиғли сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у) ның әртүрлі жағдайдағы іс-әрекеттері. Ол сахабалар арқылы жеткен. Мысалы: намаз оқу, дәрет алу, т.б амалдар. Көп жағдайда шариғи дәлел тұрғыда  фиғли сүннет қаули сүннеттен әлсіз. Сол себепті барлық фиғли сүннет шариғи мәселелерде болмаса міндетті амалдардан емес.

Шариғатқа қатысты фиғли амалдар олар үшеу:

  • Тек өзіне қатысты амалдар[12]. Бұл тек пайғамбарымыз (с.а.у) үшін ғана міндетті болған амалдар. Рамазан кезіндегі жалғаспалы ораза (екі одан да көп күн ас ішпестен ораза ұстау), төрт әйелден артық үйлену, таһажут намазын оқу. Құран кәрімде Алла тағала пайғамбарымызға (с.а.у)

يَا أَيُّهَا الْمُزَّمِّلُ  قُمِ اللَّيْلَ إِلَّا قَلِيلًا  نِصْفَهُ أَوِ انْقُصْ مِنْهُ قَلِيلًا  أَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ الْقُرْآَنَ تَرْتِيلًا  إِنَّا سَنُلْقِي عَلَيْكَ قَوْلًا ثَقِيلًا

 

  • Пайғамбарымыздың бойындағы адами құбылыстар: ұйықтау, тамақ ішу, алайда оны сахабалардың арасында біреу қайталаса, махаббат ниетінде орындаса сауап алады.
  • Пайғамбарымыз (с.а.у) дың мұсылмандарға жасауын талап еткен амалдары мысалы:Құранда жалпылама түрде (муджмал) келген аяттарды айқындау үшін жасалған амалдар. Мысалы:

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَأَقْرِضُوا اللَّهَ قَرْضًا حَسَنًا

Және намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер. Алла үшін көркем қарыз беріңдер[13].

Пайғамбарымыз (с.а.у) жоғарыдағы Құран аятын айшықтайтын мынандай қаули сүннеті бар: «Менің намаз оқығанымдай намаз оқыңдар»[14] деген. Яғни құранда жалпы намаз оқыңдар деп әмір етілсе, пайғамбарымыздың (с.а.у) фиғли сүннетінде намаздың қалай оқылатыны практикалық тұрғыда көрсетілген.

3-Тақрири сүннет. Пайғамбарымыздың сөзбен айтып, амалмен істемесе де, сахабалардың амалдарын қарап ризашылығын білдірген немесе үндемеген , келісімін берген сүннетін айтамыз. Мысалы Абу Сағид әл-Худридан келген хадисте

«خرج رجلان في سفر وليس معهما ماء، فحضرت الصلاة فتيمما صعيدًا طيبًا، فصليا، ثم وجدا الماء في الوقت، فأعاد أحدهما الصلاة والوضوء، ولم يُعِد الآخر، ثم أتيا رسول الله صلى الله عليه وسلم فذكرا ذلك له، فقال للذي لم يعد: «أصبت السنة»، وقال للآخر: «لك الأجر مرتين»

Екі адам сапарға шықты екеуінде де су жоқ, намаз уақыты келген соң екеуі жер жынысымен таямум алып намаз оқыды.  Содан кейін уақыты шықпай су табылды, біреуі дәретін жаңартып, намазын қайтадан оқыды, ал екіншісі олай жасамады. Болған жағдайды пайғамбарымыз (с.а.у) айтқанда намазын қайтадан оқымаған адамға: «Сен сүннетті орындадың»,  екіншісіне: «саған екі еселенген сауап жазылады» [15]деді.

4-Сипаты. Екі түрге бөлінеді:

  • Хулуқи сипаттар: пайғамбарымыз (с.а.у) көркем мінезі. Бухариде келген хадисте пайғамбарымыз (с.а.у) жайында;

«لم يكن النبي صلى الله عليه وسلم سبَّأبا ولا فحَّاشا ولا لعَّانا»

«Пайғамбарымыз (с.а.у) ешкімді сөкпеген, күнә амал жасамаған, лағынет айтушылардан болмаған.[16]

Халқи сипаттар: пайғамбарымыз (с.а.у) ның сыртқы сипаттары жүрісі, бет әлпеті, шашы, пішіні, бойы. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) түр-сипатын, жүріс-тұрысын, дене бітімін егжей-тегжейлі зерттеп, сол тұрғыда айтылған хадистерді жинақтап жазылған еңбектер бар. Мысалы беделді хадис ғұламасы Имам Тирмизидің (р.а.) «әш-Шәмә’илул Мухаммадия – Мұхаммедтік қасиет» атты еңбегін атасақ болады. Имам Тирмизи аталмыш еңбегінде Пайғамбарымызды жән-жақты сипаттаған 400-ге жуық хадис келтірген.

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

[1] Нәжм сүресі 3-4 аяттар

[2] Хадисті жеткізуші адам жайында ілім оны басқаша «илм рижалул хажис» деп те атайды. Олардың сипаттамалары, деңгейлері, хадисті қабылдау шарттарына сәйкестігі.

[3] Хадистің пайғамбарымызға нақты жетуін, хадисті жеткізуші мен қабылдаушының жағдайы.

[4] Шауқи әд-Дайфтің «Тариха әдәб әл-Араби» кітабы.

[5] Исра сүресі, 77-аят

[6] Сахих Муслим хадистер жинағы №1017

[7] Ибн Ражаб әл-Ханбалидің «Жамиғ әл-Улум уәл Хикам»

[8] Әбу Дауд хадистер жинағы

[9] Бұхари хадистер жинағы

[10] Абдолла ибн Юсуф әл-Жадиғтың «Тахрир ғулумул хадис» кітабы

[11] Бұхари, Муслим хадистер жинағында

[12] Әбу әл-Әшбал Хасан әл-Мысридың «Дәура тадрибия фи мусталахи әл-хадис» кітабы

[13] Муззамил сүресі 20-аят.

[14] Бұхари хадистер жинағы

[15] Әбу Дауд, Байхақи хадистер жинағында

[16] Бұхари хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲