РАМАЗАН ІЗГІ АМАЛДАР ЖАСАУДА БӘСЕКЕ АЙЫ

Рамазан – күллі мұсылман қауымына қадірлі де қасиетті ай. Бұл ай мұсылман үшін игі-жақсылықтар жасауда бәсекелесетін сауапты мейлінше жинайтын науқан айы. Егілген сауап дәні үлкен миуа ағашына айналатын қасиетті ай.

Қасиетті Құранда мынадай аят бар:

وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ * الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Раббыларыңның кешіріміне һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар. Нағыз тақулар  – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді»[1].

Рамазанда жасалатын ізгі амалдардың сан-алуан түрі бар. Рамазан айы сен үшін рухани серпіліс, жаңару ай болғанын қаласаң Рамазан жоспарын құр және соны толық орында. Ізгі амалдардың негізгілеріне тоқталсақ:

  1. Алланы көп еске алу:

Құран аятында былай делінген:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اذْكُرُوا اللَّهَ ذِكْرًا كَثِيرًا (41) وَسَبِّحُوهُ بُكْرَةً وَأَصِيلًا   

«Уа иманға келгендер! Алланы жиі-жиі, көп еске алыңдар, әрі таңертең және кешке Оны дәріптеңдер»[2] .

Ибн Салах: «Кімде-кім, таңертен және кешке шариғат заңдастырған әрі Алла Елшісінен () жеткен зікір сөздерін айтуменен Алланы еске алатын болса, онда ол Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдердің қатарынан болып есептеледі»,  – деген.

Құдси хадисте Алла елшісіﷺ: «Алла Тағала айтады:  Құлым Мен жайлы қалай ойласа, Сондаймын. Ол Мені еске алса, онымен біргемін. Құлым Мені жеке еске алса, оны жеке еске аламын. Егер Мені  жамағаттың арасында еске алса, Мен оны одан хайырлы болған жамағат  арасында еске аламын. (яғни, Өзіне жақын болған періштелер арасында)», деген.[3]

Алланы еске алудың берер пайдалары

Алланы еске алудың иман келтірген мұсылман жанға берер пайдаларын кейбір ғұламалар 100-ге жеткізген. Солардың маңыздыларына тоқталсақ;

  • Шайтанды алыстатады;
  • Алла Тағаланың разылығын келтіреді;
  • Сауаптарды көбейтеді;
  • Күнәлар мен олқылықтарды жояды;
  • Адам баласының жүзін нұрландырады;
  • Жүрекке тыныштық ұялатады;
  • Пенде мен Алла Тағаланың арасындағы байланысты күшейтеді;
  • Ғұмыр-жасты ұзартады;
  • Пендені Алла Тағалаға көркем түрде итағат етуге жетелейді;
  • Аллаға қарсы келу мен күналардан, балағат сөздер мен ғайбаттан сақтайды;
  • Пенде Рабысын еске алғанда, Алла Тағаланың да оны еске алуы;
  • Раббысын еске алған адамды, Алла Тағала түрлі бәлелерден сақтайды, қорғаны мен білімі арқылы пендесімен бірге болады;
  • Жаман ойлар мен шайтанның уәсуасасы жоламайды.
  • Алланы еске алу мазасыздықты, үрей мен уайым-қайғыны кетіреді.
  • Мұсылман адамның белгілі бір істерінің орындалуына күш-қуат береді және сол істердің орындалуын жеңілдетеді.
  • Алланы еске алудың керемет пайдалы тұстарының тағы бірі – екіжүзділіктің (мұнафиқ) жоқтығын көрсетеді.[4]
  • Садақа беруді көбейту:

Ол жылы сөзбен, көмек жасау арқылы немесе мал-мүлікпен де атқарылуы мүмкін. Сондай-ақ, жақсылық үлкен-кіші болып бөлінбейді. Құранда былай делінеді: 

وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де Алла тағала оны біледі»[5].

Алла Тағала Құран Кәрімде:

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّائَةُ حَبَّةٍ ۗ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاءُ ۗ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші»[6] 

Енді бір аятта:

   مَن جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا ۖ وَمَن جَاءَ بِالسَّيِّئَةِ فَلَا يُجْزَىٰ إِلَّا مِثْلَهَا وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ 

«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» [7]

Басқа бір аятта:

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ …

Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» [8]

  • Құранға хатым жасау:

Жаратушы Алла Тағаланың құлдарына деген  шексіз рақымдылығының айқын көрінісі – Құран кәрімнің адамзатқа тура жол көрсету үшін түсірілуі. Алланың соңғы сөзі әрі заңы болған Құран Кәріммен біз қаншалықты жақынбыз?! Киелі парақтарды соңғы рет қашан аштық?! Өмірімізде осы киелі кітаппен амал етудеміз бе?! Әлде үйіміздің бір түкпірінде, сөрелеріміздің бірінде шаң басқан күйі жатыр ма?!

Ақиқатында Құран оқу басқа да құлшылықтар секілді Алла алдында пенденің абыройын өсіреді. Құран оқу адамның жүрегін тыныштандырып, шынайы өмірдің мәнін сездіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

الَّذِينَ آَمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُمْ بِذِكْرِ اللَّهِ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ 

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады»[9].

Алла Тағала:

قَدْ جَاءكُمْ رَسُولُنَا يُبَيِّنُ لَكُمْ كَثِيراً مِّمَّا كُنتُمْ تُخْفُون مِنَ الْكِتَابِ وَيَعْفُو عَن كَثِيرٍ قَدْ جَاءكُم مِّنَ اللّهِ نُورٌ وَكِتَابٌ مُّبِينٌ   يَهْدِي بِهِ اللّهُ مَنِ اتَّبَعَ رِضْوَانَهُ سُبُلَ السَّلاَمِ وَيُخْرِجُهُم مِّنِ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ بِإِذْنِهِ وَيَهْدِيهِمْ إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيم

«Расында, сендерге Алла тарапынан  нұр және ашық кітап келді. Сол арқылы Алла тағала Өзінің разылығына ілескендерді амандық жолдарына салады және Өз нұсқауымен оларды қараңғылықтан нұрға шығарады әрі тура жолға салады»[10].

Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:


  خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلّمَ الْقُرأنَ وَ عَلَّمَهُ 

«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің»[11], – деп өсиет қалдырған.

Тағы бір хадисінде:

‏ ‏خَيْرُ الأَعْمَالِ الْحَلُّ وَالرِّحْلَةُ‏،‏ قِيلَ‏:‏ وَمَا هُمَا‏؟‏ قَالَ‏:‏ ‏‏اِفْتِتَاحُ الْقُرْآنِ وَخَتْمُهُ

Әнас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі ﷺ: «Істердің ең қайырлысы тоқтау және сапар шегу», – дейді. Сахабалар: «Ол не еді?» – деп сұрағанда, Алланың елшісі : «Ол Құранды ашып, соңына дейін хатым етіп оқу»[12], – деген.

  • Бес уақыт намазға, қосымша намаздарға мән беру:

Алла елшісі (ﷺ) рамазан айында намаз оқуға ерекше мән беретін. Өзінің хадисінде:

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ 

«Кімде-кім Рамазанды иманмен және сауабын үміт етіп түнде намаз оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[13].

Түнде құлшылық ету – Пайғамбарымыз ﷺ және сахабалардың салт-дәстүрі. Айша анамыз (р.а.): «Түнгі құлшылықты (намазды) тастама. Өйткені, Алла елшісі ﷺ ешуақытта оны тастамаған. Ол кісі ауырып немесе шаршап тұрса, отырып оқитын», – деген екен.

  • Туыстық қарым-қатынасты күшейту:

Кешірім айы рамазан айында мұсылман адам кешірімшіл болуы қажет. Үзілген туыстық-қатынастарды қайта қосып, екі жақынның арасын жарастырушы көпір болуы ләзім. Пайғамбарымыз ﷺ осы турасында:

يا أيُّها النَّاسُ، أَفْشُوا السَّلامَ، وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ، وَصِلُوا اْلأَرْحَامَ، وَصَلُّوا بِاللَّيلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ، تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ

«Уа адамдар сәлем жайыңдар, міскіндерді тамақтандырыңдар, туыстық қатынастарды жалғаңдар және түнде адамдар ұйқыда болғанда намазға тұрыңдар, алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»[14], деген екен.


[1] «Әли Имран» сүресі, 133-134-аяттар.

[2] «Әл-Ахзаб» сүресі, 41-42-аяттар

[3] Бұхари хадистер жинағы

[4] https://akmechet.kz/kz/propovedy/articles/art09062015.html

[5] «Бақара» сүресі, 273-аят

[6] «Бақара» сүресі, 261-аят.

[7] «Әнғам» сүресі, 160-аят.

[8] «Сәбә» сүресі, 39-аят.

[9] «Рағд» сүресі, 28-аят.

[10]«Маида» сүресі, 15-16-аяттар.

[11] Бұхари хадистер жинағы.

[12] Тирмизи хадистер жинағы.

[13] Бұхари хадистер жинағы.

[14] Ибн Мәджә хадистер жинағы.

Return to Top ▲Return to Top ▲