Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айту – мұсылман адамның тілімен жасайтын игіліктерінің бірі болып саналады. Салауат айту бір жерде сүннет болса, бір жерде уәжіп болуы да мүмкін. Жалпы, салауат айтуға Аллаһ тағаланың: «Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар (амандық тілеңдер)!»,-деген сөздері дәлел болады. (Ахзаб, 56).
Сүннетке назар аударатын болсақ, салауат айту жайындағы хадистерді қырыққа жуық сахаба риуаят еткен. Ол хадистерді осы тақырып төңірегінде келтіріп өтуге тырысамыз.
Салауат сөзінің мағынасы
Алдымен осы тақырыптың беташарында орналасқан аятты келтіргеніміз орынды болар. Аллаһ тағала: «Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар (амандық тілеңдер)!»,-дейді. (Ахзаб, 56). Осы аятты негізге алып, салауат айтудың мағынасын түсіндіріп өтер болсақ, Аллаһ елшісіне салауат айту үш түрлі болады:
Бірінші түрі – Аллаһтың салауат айтуы, екінші түрі – періштелердің салауат айтуы және үшінші түрі – жалпы мұсылман адамдардың салауат айтуы. Жоғарыдағы аятта «Шын мәнінде Аллаһ пайғамбарға салауат айтады»,-деген жері бірінші түріне, «Оның періштелері де пайғамбарға салауат айтады»,-деген жері екінші түріне дәлел болса, «Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтыңдар»,-деген бұйрық аяты салауаттың үшінші түріне дәлел болады.
Бірақ, бұл салауаттардың үш түрі айтушыға сай әртүрлі болып табылады. Ғұламалар былай деп түсіндіреді: «Аллаһтың пайғамбарға салауат айтуы – пайғамбарды Өзінің періштелері алдында мадақтауы, мақтауы және жақсы сипаттармен сипаттап, мәртебесін көтеруі болып табылады, ал періштелер мен адамдардың салауат айтуы – Аллаһқа дұға етіп, оны мадақтауын, жақсы сипаттармен сипаттауын сұрап, жалбарыну»,-деген.
Ғұламалардың тағы бір тобы: «Аллаһтың салауаты – пайғамбарға мейірімін төгуі, періштелердің салауаты – пайғамбар үшін кешірім сұрауы және адамдардың салауаты – пайғамбарға мейірімін төгуін сұрап Аллаһқа дұға етулері»,-деген. Алайда алғашқы пікір дұрыстыққа жақын келеді.
Осы аятқа амал ету мақсатымен мұсылман жұртшылығы пайғамбар есімін естіген бетте «Саллаллаһу ғаләйһи уа сәлләм» деп дұға етеді. Бұл сөйлемнің мағынасына келер болсақ, «Саллаллаһу» дегеніміз «Аллаһ тағала Өзінің періштелерінің алдында оған мақтау айтсын, жақсы сипаттармен сипаттасын«,-деген мағынадағы тілек, дұға. Ибн Әсир болса: «Аллаһым, осы дүниеде оның есімін мәңгі ету арқылы ұлық ет, дағуатын кеңге жай, шариғатын мәңгі қалдыр, ахиретте бізге шапағатын нәсіп ет, сауабын еселеп, сыйын арттыр»,-деген сөз»,-дейді. «Аләйһи» немесе «ғаләйһи» дегеніміз «оған«, яғни пайғамбарға, ал «уә сәлләм» дегеніміз «және оған Аллаһтың сәлемі болсын» деген мағына береді. «Сәлем» дегеніміз барлық апат пен кесапаттан, жамандық пен қастандықтан амандық тілеп, дұға ету екенін атап өткен болатынбыз. Ондай болса «уә сәлләм» дегеніміз: «Оған амандық болсын, Аллаһтың бейбітшілігі болсын. Оның діні аман қалып, Құраны бұрмаланбай, сүннеті аяқ асты етілмесін, қабірдегі денесі амандықта болып, Қияметте есендікте болсын«,-деген мағынаны қамтиды.