Әр істе бізге нұсқау берген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тамақ ішуде де керемет әдептерді үйретті. Медицина ғалымдары саралай келе сол әдептерге таң қалысып, ислам дінінің ұлықтығына тәнті болуда. Жан мен тән рахатына бөлеген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқаулары қанша уақыт өтсе де ескірмей, керісінше, жаңа қырынан көрінуде. Енді сол әдептерді санамалап шықсақ:
- Қолды тамаққа дейін және одан кейін жуу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
өзінің хадисінде: «Тамақтың берекесі – тамаққа дейін және одан кейін қол жууда», – деген, (Тирмизи). Басқа бір хадисте: «Кімде-кім үйінде жақсылықтың артқанын қаласа тамаққа дейін және тамақтанғаннан кейін қолдарын жусын», – делінген, (Ибн Мәжа және Бәйһақи хадистер жинағы).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисінен көптеген хикметтерді байқаймыз. Адам күнделікті өмірінде көптеген жандармен кездесіп, қол алысып амандасады. Кейбір адамдардың бойында адам өміріне қауіпті бактериялар, вирустар болуы мүмкін. Жуылмаған қолдан әртүрлі ауру жұғуы мүмкін. Ал қолды тамақтан кейін жуу қолдағы тамақ қалдықтарының бүлініп, дене жылуымен көбейіп, адам өміріне қауіпті бактериялардың дамуына тосқауыл болады.
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отырғандай отыру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)
хадисінде: «Мен жантайып тамақ ішпеймін», – деген. (Бухари хадис жинағы).
Басқа бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тамақ ішкенде оң тізесін көтеріп, сол аяғының үстіне отырғандығы айтылған. Мұндай отырыстың қандай пайдасы бар дейтін болсақ, асқазанға түскен тамақты қорыту үшін қосымша қан қысымы қажет, ал аяқты бүгіп отыру бұл процестің жылдамдауына себеп болады. Сонымен қатар отырыстың бұл түрі тамақты шамадан тыс ішуден сақтайды.
- Тамақ ішерде «Бисмиллә» деп, Алланың есімін айту, оң қолмен жеу
және өзіне жеткілікті мөлшерде жеу. Омар ибн Әби Сәләмадан жеткен хадисте былай айтылған: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйінде болдым, қолымды астаудың әр жеріне жүгірттім, сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әй, балақай, Алланың есімін ата, оң қолыңмен же және өзіңе тиесіліні же», – деді». (Бухари хадистер жинағы). Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сол қолыңмен жеме, шынында шайтан сол қолымен жейді», – деп сол қолмен тамақ жеуден қайтарған. (Муслим хадистер жинағы). Ал «Бисмиллә» деп айтуды ұмытып кетсек بِسمِ اللهِ في أوَّلِهِ وآخِرِهِ «Бисмлләһи фи әууәлиһи уә әхириһи», яғни «Басында және соңында Алланың атымен»,- деуіміз керек.
Тамақ алдында Алланы еске алу, Алланың нығметтеріне шүкіршілік қылу тамақтың сіңімділігін арттырып, адамның бойына берекелі қылып дарытады. Тамақ ішер алдында уайымға батып, жаман ойларға бас бұру, тамақтың дұрыс қортылуына кедергі жасайды екен.
Тамақ ішкен кезде оң қолды ерекшелеу – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) даналыққа толы істерінің бір көрінісі. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол қолымен көп жағдайда ұнамсыз, лас заттарды, ал, оң қолымен қайырлы, жақсы нәрселерді ұстаған. Тамақ ішкенде де осы әдетті бұлжытпай орындаған абзал. Себебі, кейбір микробтар қолды жуғанмен де түгелдей жойылмауы мүмкін.
- Түрегеп тұрып тамақ ішуден сақтану.
Сағид әл-Худриден жеткен хабар бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрып ішуге қатты тыйым салған. (Муслим). Дегенмен, кейбір хадистерде зәру жағдайларда рұқсат етілетіндігі айтылған. Медициналық тұрғыдан алатын болсақ, тұрып ішу астың дұрыс қорытылуына кедергі жасайтындығы белгілі болды.
- Сусын ішкенде үш рет ұрттаған соң тоқтап, арасын бөліп-бөліп ішу.
Әнастан (р.а) жеткен хабар бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш рет ұрттағаннан кейін сәл кідіретін (Бухари, Муслим).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисінен алар хикмет – суды асықпай ұрттап ішкен адам оның дәмін сезеді. Дәрігерлік практикада қатты шөлдеген науқастардың жылдам, бір деммен ішкеннің кесірінен жүректері тоқтап қалған кездері болған. Өйткені ми құрылымы ұрттаған сайын ойлануға мүмкіншілік береді, сол себепті аз мөлшерде ұрттап ішкен абзал.
- Сусынды ішерде үрлеуге және оған демалуға болмайды.
Әбу Сағид әл Худриден жеткен хабар бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жарық ыдыстан сусын ішуге және ыдысқа үрлеуге тыйым салған (Тирмизи). Сырт көзге кішкентай сияқты көрінетін бұл әрекет гигиена жағынан зиянды болып табылады. Өйткені, адам дем шығарғанда көмірқышқыл газын шығарады, сондай-ақ адамның денесінде тыныс жолдары арқылы таралатын жұқпалы аурулар болуы мүмкін. Ол сол зиянды заттарды сыртқа шығарып, тамағына жұқтырып, қайтадан жұтады.
Ал кертік, жарылға ыдыстан тамақ ішпеудің хикметі, сол жарыққа зиянды заттар жиналуы және ішуші адамды жиіркендіруі мүмкін, сол сияқты адамды жаралауы ықтимал.
- Тамақты шыны ыдыспен ішуге тырысу.
Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шыныдан жасалған ыдысы болғандығын жеткізген (Ибн Мәджа хадистер жинағы).
Су адам өмірінде негізгі тіршілік көзі болғандықтан оның тазалығына, ішуге жарамдылығына ерекше мән беру керек. Ал, шыны ыдыста су көбірек сақталады. Әрі сусынның өзгерісін шыныдан оңай байқауға болады.
- Тамақтан соң ауызды шаю.
Суайд ибн Нұғман (р.а.) былай жеткізген: «Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге Хайбарға бағытталып жолға шықтық, Саһбаса деген жерге жеткен кезде тоқтап тамақ іштік. Тамақта тек быламық (арпа мен бидайдан жасалатын ботқа) қана жедік. Тамақтан кейін Ол (с.ғ.с.) аузын терең шайды және біз де солай жасадық» (Бухари). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл әрекетінен тіс тазалығына және жалпы денсаулыққа ерекше мән бергендігін байқаймыз. Өйткені ауыз тамақтан соң шайылмаса, тіс арасындағы қалдық тамақтар бүлініп, зиянды заттар пайда болуы мүмкін.
- Тамақты ыстықтай ішуден сақтану.
Әбу Хурайра (р.а.) былай жеткізді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ыстық тамақ жемейтін және «тамақты ыстық күйде ішудің берекесі жоқ, Алла бізді отпен тамақтандырмаған», – деп айтатын», (Байһақи).
Медицина тілімен айтатын болсақ, ыстық сусын мен тамақтан, асқазан аурулары, соның ішінде қатерлі ісік аурулары қозып кетуі мүмкін.
- Тамақтан соң ұйықтамаған абзал.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тамақтарыңды Алланы зікір етумен бастаңдар және одан кейін ұйықтамаңдар, жүректерің қатайып кетеді»,– деді, (Табрани).
Медицинада белгілі болғандай ұйқы адамның бүкіл дене әрекетін, соның ішінде қорыту жүйесінің жұмысын да бәсеңдетеді. Сол себепті тамақтанғаннан соң 3-4 сағат өткеннен кейін барып қана ұйқыға жату керек. Ал, хадистегі «жүректі қатайтады» деген сөз тіркесі «жүрекке қиындық туғызады» деген мағынаға жақын.
- Әби Хамид әс-Сағиди былай жеткізді: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)
аузы жабылмаған ыдыспен сүт апарып бердім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүттің бетін жаппадың ба, ластанады ғой деді (Муслим).
Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) 14 ғасыр бұрын айтқан өсиеті. Тамақ тұрған ыдыстың бетін жабу арқылы біз оны шаңнан, сондай-ақ ауада қалқып жүрген түрлі ауру тудырушы вирустар мен бактериялардан қорғаймыз.
- Тамақтың соңында былайша дұға жасау:
اَللّهُمَّ ارْحَمْ صَاحِبَ هذاَ الطَّعَامِ وَ اْلآكِلِينَ .اَلْحَمْدُ لِلهِ الَّذِي أَطْعَمَنَا وَ سَقَانَا وَ جَعَلَنَا مِنَ الْمُسْلِمِينَ
«Әлхамду лилләһи-лләзи әтғамәнә уә сәқанә уә жәғаләнә мин-әл-муслимин. Аллаһуммә-рхам сахибә һәзә-тағәми уә-л-әкилин.»
Мағынасы: «Біздерді ішкізген, жегізген Аллаға мақтаулар болсын. Йа, Алла осы тағамның иесіне және осы тағамды жеушілерге рахымыңды төк!».
«Бисмилләні» жария, ал, дастарқан дұғасын іштей айтқан абзал болады.
Негізінде, мұсылман адам тамақ ішу үшін өмір сүрмейді, керісінше, тіршілігін жалғастырып, Аллаға құлшылық қылуға, ізгі амалдар жасауға күш-қуат жинау үшін тамақтанады. Сол себепті тамақ ішкенде шектен шықпай, ысырапшылдықтан сақтанып, денсаулығымызға пайдалы тағамдарды тұтынып, зиянды заттардан бас тартуымыз керек. Өйткені, денсаулық – Алланың бізге берген аманаты. Бабаларымыз да «Ауру – астан» деген даналыққа толы сөзді бекерге айтпаса керек. Біз жоғарыдағы тамақтанудың әдептерін орындайтын болсақ, бір жағынан, денсаулығымызға зиян келтіруден сақтанамыз, екінші жағынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттеріне амал еткеніміз үшін тамақтануымыздың өзі құлшылыққа айналады.
«Қызылжар» орталық мешітінің Наиб Имамы
Файзиев Мухаммад-Қутб Абдуррахимұлы