Мәртебелі мереке

Бүкіл әлемдерді жаратушы Аллаһ Тағалаға сансыз салауаттар болсын! Барша мұсылман қауымының абзалы, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесін жер-жерлерде атап өтуде.

Мәуліт мерекесі айрандай ұйып отырған шағын ғана біздің де ауылымызды айналып өткен жоқ. Ақсу мешітінің жамағаты мен ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесін зор қуанышпен атап өттік. Жаны жайсаң жамағат Мәуліт мерекесін атап өтуде, сауап үшін бірі қалмай ат салысты.

«Бір үйде немесе мешітте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рақымы жауады және олар нұрға бөленеді. Себебі періштелер ол адамның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәуліт оқығаны үшін салауат айтып тұрады» – деген екен ислам ғұламаларының бірі.

Халық жиналып жайғасқан соң, мереке де басталып кетті. Қариясы бар жерде – береке бар дегендей ауыл ақсақалдарының бірі сөз сөйлеп өз алғысын білдірді. Жолдың ұзақтығына қарамастан ауданнан келген «Сейдахмет хазрет» мешітінің найб имамы Абдазов Смағұлдың оқуымен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат оқылды. Дүйім халыққа исламға дейінгі надандық жайлаған кезеңдерден, уәхи келіп, елші келгенге дейін зорлық-зомбылық, үстемдік құрылған, ар-намыс тапталып, пұттарға табынған қауымның өмірлерінен мәліметтер берілді. Аллаһ Тағаланың Елшісі, ұлы тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с.)-ың сабырлы, байсалды, көркем ахләқ мінез-құлықтарын сипаттап, қасиетті өсиеттері жеткізілді.

Мектеп шәкірттерінің қатысуымен діни ән-жырлар шырқалып, діни драмадан көрініс қойылып көрермендердің көкіректерінен орын алды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жеке өміріне, исламға қатысты сауалдар қойылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянына елдің қызығушылықтары артып сұрақтарға жауаптар беріліп жатты.

«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей қалың жұртқа бата беру сайысын ұйымдастырдық. Өйткені бата беріп дұға қылу тағыда Алланың құлдары екенімізді мойындау еді. Өткізген сайыстардың жеңімпаздарына және үміткерлеріне сыйлықтар табыс етілді. Құрани Кәрімде: «Расында, сендер үшін, Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» – делінген ( « Ахзаб» сүресінің, 21 аятында).

Осы аят-кәримәні үлгі тұтқандай, Алланы, оның Елшісін еске алуға келген кәрі-жас, бала-шағасының бәріне дастархан жайылып дәмнен ұсынылды. Шарапаты мол Мәуліт мерекесі барша халқымызға құтты болып, осындай мейрамдарда пайғамбар өсиеттерін түсінуді нәсіп етсін. Адамдар арасында рақым-мейірім, иман, бауырмалдық, қайырымдылық белең алсын. Мәулітте айтылған салауат, дұға-тілектер қабыл етілсін! Мәуліт мүбәрәк болсын!

Жылқайдаров Асхат Сәлікұлы,

Ақсу селолық мешітінің имамы

 

Return to Top ▲Return to Top ▲