«Қызылжар» орталық мешіті қарттарды қолдау айлығы барысында бірнеше іс-шара өткізді. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педогогикалық колледжінде «Үлкенге құрмет кішіге ізет» деген тақырыпта өткізілген «дөңгелек үстел». Борки кентіндегі бұл колледжде «Қызылжар» мешітінің наиб имамы Қасымхан Абдуллаұлы Исаев жиналған елудей студенттің алдында уағыз айтты. Онда ата-анаға құрмет көрсетудің парыз екендігі кеңінен түсіндірілді. Өкінішке қарай, өмірде кейде керісінше жағдай орын алатындығы бүкпесіз айтылды. Мәселен, «Алла тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алла тағаланың ашуы да – ата-ананың наразылығында», – деген хадис айтылды. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) бір хадисінде ата-анаға қарсы шығу ең үлкен күнәлардің бірі екендігін ескерткендігін еске салды. Нәтижесінде бұл кездесу колледж студенттеріне, сөз жоқ, ой салды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі