– Құрметті мүфти, осы аптада Астанада алғаш рет имамдардың республикалық форумы өтеді екен. Бұл басқосуды ұйымдастырудың мәні неде, мақсаты қандай?
– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Қазір заман өзгерді, уақыт талабы да басқаша. Біз қазір технологияның дамыған дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Ақпараттар ағыны адам санасын өзгертуде үлкен маңызға айнал-ды. Адамзат санасы да күн санап өзгеріп, дамып, жетіліп келеді. Осы жағдайлардың бәрі Діни басқарма қызметкерлеріне, имамдарға зор жауапкершілік жүктеп отыр. Баяғыдай құрғақ уағыздың дәурені өтті.
Бұл ретте ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деп есептеймін. Бүгінгі имам біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттаса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Біз осыны қазіргі имамдардан талап ете бастадық.
Имамды ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Форумның мақсаты – имамның тұлғасы мен қоғамдағы беделін арттыру, бір сөзбен айтқанда, имамның дәрежесін көтеру. Бұл тарихи кездесуде бірнеше құжат қабылдауды қарастырып отырмыз.
– Қабылданар құжаттар дін қызметкеріне қандай міндеттер жүктейді? Оның діни саладағы мәселелерді шешудегі қауқары қандай болмақ?
– Енді осыған тоқталайын. Жаңа сөзімде де айттым, бүгінгі имамға артылар үміт те зор, сенім де аз емес. Мұсылман қауымының күнделікті тыныс-тіршілігінде молданың атқарар қызметі көп. Сәбидің туғанынан бастап, оған азан шақырып ат қою, есейгенде шариғат талабын ескеріп, некесін қиып, дұға жасау, құдайы астарға қатысу, тіпті адамды ақтық сапарға шығарып салғанға дейін діндардың қызметіне жүгінеміз. Имам тек өлім-жітімде ғана қажет деу – дұрыс емес. Отбасында келіспеушіліктер болса, көп адам имам кеңесін тыңдайды. Оқушылар мен студенттерге ізгілік, имандылық, адамгершілік, патриоттық бағытта дәріс өткізсе де имамдарды шақырады. Міне, айта берсек, имамның араласпайтын саласы жоқ. Ол қоғамдық іс-шараларға да араласады. Сондықтан осынау игі істерде имамның білігі мен тәжірибесі кемшіндеу көрініп жатса, әрине, әуелі дінімізге сын, Діни басқармаға сын болар еді.
«Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын тәлімдік құжатымызды дайындап қойдық. Осы форумда, Алла қаласа, қабылдаймыз. Бұл этика бізге, дін қызметкеріне не береді? Діни қызмет – мәртебелі міндет және имам, молдалардан жоғары адамгершілік құндылықтар талап етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетін: «Алла тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді» деп сүйіншілеген.
Имамдар форумын ұйымдастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі – дін қызметкерлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Имам этикасында бірнеше талаптар жазылған. Құжатымыздың маңызды деген тұстары мынадай: біріншіден, имамдардың заманауи ақпарат құралдарын, ғаламтор, байланыс құралдарын жете меңгеруі, шешендік өнер, сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Екіншіден, мешітке келушілерге көркем мінез көрсетуі, олардың өтініштері бойынша қажетті шараларды жүзеге асыруы қажет. Үшіншіден, өзін жан-жақты дамытуы, қосымша ілім алуы, дүниелік ілімдерді меңгеруі, үгіт-насихат жұмыстарында уағызды Қазақстан тарихымен, салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен, би-шешендердің қанатты сөздерімен, мақал-мәтелдермен ұштастырып, қазақ халқы-ның ұлы тұлғалары –әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкерім, Мәшһүр Жүсіп және тағы да басқа осы сынды ғұламалардың өсиетті өлеңдері мен ғибратты әңгімелерімен көркемдеп айтуы қажет. Төртіншіден, ұжымда іскерлік танытып, қызметкерлер арасындағы ынтымақ, бауырмалдық құндылықтарды арттыруға ықпал етуі, олардың отбасы, әлеуметтік жағдайына мән беруі керек. Бесіншіден, жақсы істерге, қайырымдылық шараларға әрдайым өзі бастамашыл болуы, қоғамды ізгілікке бастауы тиіс. Осылай таратып айта берсек болады.
Бұл – онсыз да имамдардың бойында көрініс табуы тиіс талаптар, бірақ бұған дейін құжат негізінде ресми қабылданбай келген еді.
– Сонымен қатар Имамдар форумында Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы қабылданады деп естідік. Бұл құжаттың мұсылман қауымына берері қайсы? Қандай артықшылықтары бар?
– Бұл – Қазақстан мұсылмандарының діни саладағы бағыты мен бағдарын айқындайтын негізгі құжат деуге болады. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі мақұлдаған осы құжатта мұсылманның негізгі сенімі, зайырлы қоғамға қатысты ұстанымдары, ұлтымыздың алдындағы міндеттері, дінаралық қарым-қатынасты нығайтудағы рөлі, салт-дәстүрлерімізге құрметпен қарауы, білім мен ғылымды меңгеруі, отбасы құндылығы, теріс ағымдарға қатысты ұстанымы, т.б. мәселелер қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігінен бастап, ел тұтастығын сақтаудағы рөлі ескерілді. Тұғырнама халықтар достығы мен бірлігін одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деген сенімдемін. Өйткені қазір түрлі дін өкілдері мен ұлт өкілдерін бірлікке ұйытып отырған Елбасының осы бағыттағы бастамаларына баршамыз қолдау көрсетуіміз қажет. Діни татулық пен ынтымақты нығайтуда имамдардың қызметі де үлкен мәнге ие. Мешіт қызметкерлері халықты имандылыққа шақырып қана қоймай, ұлттарды бірлікке ұйытып отырады.
Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашанда татулықты ту етіп келеді. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі бәрінен қымбат қазына деп санаған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген қанатты сөз бар. Алла тағала адамзат баласын «бөлінбеңдер» деп бауырмал болуға бұйырған. Сондықтан бізге қашанда бірлік ауадай қажет.
– Дінді жете түсінбеудің әсері ме, әлде секталардың ықпалы ма, кейбір жастары-мыз кейде қоғамдық іс-шараларға қатыспай, дәстүрімізге қырын қарайтын секілді. Бұл мәселе жайлы имамдарымыз түсіндіру жұмыстарын жүргізе ме?
– Сауалыңыз орынды. Имамдар форумының тағы бір маңызды тұсы – «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатымызды қабылдауды ұйғарып отырмыз. Бұл да біздің бауырларымызға зор жауапкершілік жүктейді. Неге? Өйткені дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұның бәрі мұсылманға тән сипаттар.
Алла елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Қоғамға пайдасы тиген пенде» деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз осындай мақсаттарды көздейді.
Бізге иманды қоғам қажет деп жатырмыз. Оны қалай іске асырамыз? Ол үшін бізге иманды педагог, иманды дәрігер, иманды басшылар қажет. Мұсылман адам барлық қызметте адал әрі әділ жұмыс іс-теп, өз саласының кәсіпқой маманы болуы қажет. Сонда ғана біздің еліміз өркендейді. Алла тағала әрбір істі ықыласпен, жанашырлықпен, әділ атқаруды бұйырған. Имамдарымыз өз уағыздарында осы тақырыптар төңірегінде жиі айтып жатыр, айта бермек те.
– Әділдік деп қалдыңыз, Елбасы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында, «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген кеңесінде де жемқорлыққа батыл тойтарыс беру жайында қадап айтты. Көпшіліктің көп жиналатын орындарының бірі – мешіт екені рас. Ендеше, мешіттерімізде де бұл індеттің қоғамға тигізер зияны мен зардабы жайында қалың қауымға түсіндіруді неге қолға алмасқа?
– Байқап қарасақ, мұсылманшылықты сонау ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ата-бабаларымыз шариғатқа да, адамгершілікке де қайшы келетін әрекеттердің бәріне «қорлық» деген сөзді қоса айтып отырған. Мәселен, нашақорлық, сіз айтып отырған жемқорлық, зинақорлық, тағы басқа. Бұл індетке жолаған адамдар қорлыққа ұшырайды деген ұғымды меңзеп тұрғандай сезіледі.
Мешіттерімізге жиі келіп жүретін адамдар байқаған болар, Діни басқарма жұма уағыздарына қоғамдық мәселелерге қатысты тақырыптарды жиі қосып отырады. «Өсімқорлық өсірмейді», «Зинақорлықтың зардабы», «Жемқорлық – індет», «Ажырасудың зияны» сынды және тағы да басқа тақырыптарды қамтып келеміз. Алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.
– Жалпы, бұл жемқорлық індетіне ұшыраған жандар бізде аз кездеспейді ғой. Бұған не айтасыз?
– Әр істі істемес бұрын адам өз иманы мен ұятына жүгінгені дұрыс деп есептеймін. «Құдай көріп тұр ғой, мұным күнә емес пе?» деген сезім адам санасын билеп алмайынша, яғни осы түсінікті бірінші орынға қоймасақ, жазаның небір түрлері көп жағдайда көмектесе бермейтін секілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұрлық-қарлыққа тыйым салғанда, бұл әрекеттің о дүниеде жазасы ауыр екенін ескертіп тұрып: «Егер қызым Фатима осыны істейтін болса, жазасын өзім берем» деген екен.
Жамандықтан тыйылуды әркім өзінен, отбасынан бастауы қажет. Қазақ «Адамның санасына берсін» демей ме?
– Мешіт салдырған – сауапты шаралар-дың бірі. Дегенмен, жағдайы бар қалталы азаматтар шарапатты бүгінгі қоғам аса зәру мәселелерге жасаса, оның сауабы молырақ болмас па еді? Мысалы, ауруханалар мен балалар үйлерін немесе мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге атсалысып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етер болса, мың алғысқа кенелмей ме?
– Дұрыс айтасыз. Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Ол тек мешіт салумен шектелмейді. Сіз айтқандай, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанның кәдесіне жа-рау – ол да қайырлы іс. Сондықтан біз осынау игі істерді қолдаймыз.
Мені де мазалап жүрген мәселе бар. Аллаға шүкір, қазір біздің елде медреселеріміз жеткілікті. Осы орайда, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім балалар бар дегендей, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балалары үшін Діни басқармаға қарасты қайырымдылық үйлерін, интернаттар ашуға бел буып отырмыз. Әлгі балалар түске дейін мектебіне барып келген соң, қайырымдылық үйіндегі тәрбиеші оның сабағына көмектеседі, сосын имандылық бағытта дәрісін оқиды. Тамағы, жатын орны – бәрі тегін. Оларды молда ету немесе діндар ету шарт емес. Ең бастысы, халқын қадірлейтін, Отанын сүйетін жаны таза, иманды азаматтарды қалыптастыру. Мұндай жүйе біздің елде бар. Бірақ біз қазақы тәрбие мен дәстүрімізді бойына сіңіріп өскен рухты, мемлекетшіл жастардың қатарын көбейткіміз келеді. Бұл шаруалар да «садақа жарияға» жатады. Сондықтан сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Бізге осындай қайырымдылық үйлері де қажет.
– Жақсы бастама екен. Алла жар болсын дейміз. Бала деп жатырмыз ғой, жағдайы бар жандар Алла ризашылығы үшін балалар үйлерінен ең кемі бір-екі баланы бағып-қағып, тәрбиелеп, өмірде өз орнын табуына мүмкіндік жасаса, бұл аса сауабы мол шара болары рас қой. Жамағат жиналар үлкен іс-шараларда осы сынды мәселелерге қатысты уағыздар айтылса ғажап емес пе?
– Имам тек сөзбен ғана жамағатты имандылыққа шақырмайды, ол ісімен де елге, халыққа өнеге көрсетеді. Біздің имамдар арасында жетім балалар үйінен бала асырап алған азаматтар бар. Мәселен, Ақмола облысында ауыл имамы Мұрат деген бауырымыз жетім балалар үйінен 3-4 бүлдіршінді өз қамқорлығына алған. Өзінің балаларымен қосқанда, 8-9 баланы асырап, бағып-қағып, имандылық жолында тәрбиелеп жатыр. Осындай азаматтарымыз көбейсе, қалталы бауырларымыз бұл іске қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біз мұны уағыздарда айтып жатырмыз.
Өткен жолы бір депутат ағамыз жетім балалар үйінен шыққан жастар жаман жолға түсіп, ары мен ұятынан айырылап жатқанын мәлімдеді. Осылай бір жақтан депутаттар, екінші жақтан имам, молдалар, үшінші жақтан зиялы қауым өкілдері, өздеріңіз бар, журналистер қауымы бұл мәселеде түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізсек, бір-бірімізге қолдау көрсетсек, мәселе өз уақытымен шешіле береді деген үміттемін. Сонда жетімдер үйі азаяр еді. Бір баланы тәрбиелеп, қоғамда өз орнын тауып кетуіне үлес қоссақ, бұл үлкен сауап болар еді. Өзімнің де жетім қызды асырап алу ниетім бар. Алла қаласа, оған да жетемін деген ойдамын.
Кейбір отбасылар араларында бала болмағаны үшін ажырасып жатады. Әрине, ол да, сөзсіз Алланың сынағы ғой. Бірақ жетімдер үйінде көзі жәутеңдеген қаншама бүлдіршіндеріміз бар. Оларды неге асырап алмасқа?! Біріншіден, бала отбасының көз қуанышына айналады, екіншіден, ажырасу жағдайы азаяр еді.
– Жастар дегеннен шығады, дінді саясатқа айналдырып, жастарды теріс бағытқа бастау үрдісі туралы Бас мүфти не ойлайды?
– Иә, рас, біз осы заманда дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал деп айтар едім.
– Интернет сайттарындағы жаңалықтарға жүгінер болсақ, жылына кем дегенде әлемде 40 мыңнан астам адам ислам дінін қабылдайды екен. Батыс зерттеушілері Еуропада мұсылмандар саны 15 миллионға жеткенін жазады. Бәлкім, Батыстың исламға әртүрлі «измдерді» тіркеуінің бір астарын осы тұстан іздеген жөн бе?
– Жауап ретінде бір оқиғаны айтып берсем. Ислам тарихында өнеге мен ғибратқа толы «Піл оқиғасы» деп аталып кеткен үлкен оқиға болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеге келерден бұрын Йемен патшасы Абраһа Меккені жермен-жексен ету үшін піл және атты әскерден құралған үлкен әскермен жорыққа шығады. Осы әскер Мекке қаласының жанына келгенде, Әбдімүтәліп деген кісінің, яғни пайғамбарымыздың атасының 200 түйесін кезіктіріп, өзіне тартып алады. Мұны естіген пайғамбардың атасы Абраһамен кездесуге бара-ды. Йемен патшасы жүзі жылы Әбдімүтәліпті көріп: «Не шаруамен келдің?» деп сұрайды. Абраһа оның Қағбаны қиратпауын, арабтарға тиіспеуін өтінеді, менен араша сұрайды деген ойда болады. Бірақ Әбдімүтәліп «Түйелерімді қайтар» деп қысқа қайырады. Абраһа патша мұны күтпеп еді. «Сені ата-бабаңның, өзіңнің дініңді қорғап, Қағбаны арашалайтындай бір маңызды іспен келді ме десем, тіршілігіңді айтып тұрсың ғой» дейді. Сонда Әбдімүтәліп: «Мен сол түйелердің иесімін. Ал Қағбаны құтқарып, қорғап қалатын өз Иесі бар» деп Алланы меңзейді. Сол секілді, исламды Алланың өзі қорғайды. Дініміздің өз иесі бар, ол – Алла. Дінімізді мансұқтаған әрекеттердің нәтижесінен, керісінше, исламды қабылдаушылардың саны артып жатқанын байқаймыз. Адам ақылы шектеулі емес пе? Адамның жасаған айласы, қитұрқы әрекеті дініміздің сағын сындырмақ былай тұрсын, керісінше, ол исламға жасалған пиар деп түсінемін.
– Дін істері жөніндегі комитетпен байланыстарыңыз қалай, көптеген мәселелерді кеңесе отырып, бірлесіп шешетін боларсыздар?
– Әрине, қазір Діни басқарма мен Дін істері комитетінің арасындағы байланыс жақсы. Өткен жылы ынтымақтастық бағытта ортақ меморандум қабылдадық. Біздің бастамаларымыз бен іс-шараларымызға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 19 ақпанда өтетін І республикалық имамдар форумын өткізуде Дін істері комитетінің қосқан үлесі зор деп айта аламын.
– Соңғы кездері Ватикан қызық ұсыныстар білдіретін болып жүр. Онсыз да Інжілді христиан дін өкілдері бірнеше рет өзгеріске ұшыратқан ғой. Енді олар бір жыныстылардың да құқығын құрметтеу керек деген сынды әңгіме қозғауда. Бұл ретте исламның ұстанымы қандай?
– Исламның ұстанымы айтпаса да түсінікті. Дін былай тұрсын, адамгершілікке де жатпайтын, санаға да сыймайтын, адамның да жаратылысына мүлдем сай келмейтін әрекетті Алла да, адамдар да сүймейді. Сондықтан бұл мәселе жайында әңгіме қозғап, уақытымызды босқа шығындамай-ақ қойғанымыз абзал.
– Өзге дін өкілдері шамалы қамқорлық-ты жариялап жатады, соған қарап жұрт оларды қайырымдылық шараларына аса мән беретін секілді қабылдайды. Ал исламда Алла ризашылығы үшін деп, қазақтың «жаман бергенін айтады» дегеніндей жариялылықты қаламайды. Жалпы, көпшіліктің мешіттер тарапынан жасалынып жатқан қайырымдылық шараларын білгені абзал секілді. Бұған қалай қарайсыз?
– Сол сіз айтып отырған кейбір діннің ғибадатханаларына күніне небары 3-4 адам келеді екен. Зерттеп көрдік. Мешітке күніне көмек сұрап келетін адам саны 30-40-тан асып кетеді. Жолдан қалып қойған жанға билетіне көмек көрсетіледі, енді бірі ауыр сырқаттанып қалған, оған жәрдем беріледі. Айта берсек, көпшілік әртүрлі жағдайлармен келеді. Өткен жолы Мәуліт мерекесінде Алматы мен Астана қалаларында билеттен түскен қаржыны түгел жесір әйелдер мен жетім балаларға 150 мың теңгеден бердік.
ҚМДБ «Зекет» қорының өңірлердегі өкілдіктері жыл бойы мұқтаж кісілерге жалпы сомасы 52 173 496 теңге көлеміндегі қаражатқа қайырымдылық көмек жасады.
Өткен жылы қамкөңіл қариялар да ескерусіз қалмады. Оларға мерекелер қарсаңында дастарқан жайылып, ерекше көңіл бөлінді. Діни басқарма атынан Астана мен Алматы қалаларындағы «Ардагерлер үйлеріндегі» 4 қарияға кіші қажылыққа тегін жолдама да берілді.
2014 жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымды-лық акциясы аясында 6 755 отбасына кө-мек көрсетілді. Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға, жетімдерге, жалғысбасты аналардың ұл-қыздарына мектепке қажетті оқу құралдары, киім-кешектер тегін үлестірілді.
Біз 2014 жылы діни бағдарымызды айқындайтын Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көркем уағыз, жат ағымның жетегіне кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.
Алла қаласа, бұл бағыттағы игі істер мен ізгі іс-шаралар болашақта да жалғасын таба береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН
www.aikyn.kz