“ЕЛ ҮЛЕСІ – ПӘТЕРГЕ”: СҚО-ДА ЕКІ ОТБАСЫҒА ПӘТЕР БЕРІЛДІ

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен қолға алынған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы көптеген мұқтаж отбасыларды қуанышқа бөлеп келеді. Қор өкілдері осыған дейін де солтүстік өңірдегі тұрмысында қиыншылығы бар отбасыларға қол ұшын берді.

Осы жолы облысқа жұмыс сапарымен келген ҚМДБ РАНТ мүшесі Думан Нәдірұлы, өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы, СҚО-дағы «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі Қасымхан Абдуллаұлы қасиетті жұма күні облыстық “Қызылжар” орталық мешітінде жамағат алдында Ғабит Мүсірепов ауданының екі тұрғынына баспана кілттерін табыстап, жаңа қонысымен құттықтады.

Бұл еліміз бойынша беріліп отырған 571-ші және 572-ші баспана. Мұқтаждың мұңын ойлап, мейірімділікке үндейтін берекелі жобаның жүзеге асырылуына жергілікті кәсіпкерлер атсалысты.

Мерейлі іс-шарада үйлі болған отбасы игі жобаның басы-қасында жүрген барша жанашыр азаматтарға және мешіт имамдары мен жамағатқа шексіз ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, биыл өңірде “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында 4 мұқтаж отбасыға пәтер кілттері табысталды. Берекелі жоба алдағы уақытта да жалғасын табады.

Return to Top ▲Return to Top ▲