1-Дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстау;
2- Кем дегенде жұмасына бір мәрте ғұсыл құйыну;
3- Жұма күніне ерекше мән беру;
4- Бір күн жанұяға арнау;
5- Жеке істермен айналысу;
6 Азық-түлік алу;
7- Үйге тазалық жасау;
8- Өткен аптаны қорытындылап келесі аптаға жоспар құру.
Өткен мақаламызда мұсылман адамның бір күндік жоспары жайында сөз еткен болатынбыз. Бүгінгі тақырыбымыз – мұсылманның бір апталық жоспары.
Әр адамның жасына, ортасына, денсаулығына, жынысына қарай жоспарлар өзгеруі мүмкін. Жоспар ол тек қағаз бетіндегі шимай шатпақ болып қалмау керек. Оның бір тармағы болсын қалыс қалмауына бар күш-жігеріңізді салған кезде ғана жетістікке жетесіз.
1-Оразаны жиі ұстау адамның денсаулығына берер пайдасы зор. Бірақ бұл жерде ең маңызды тұс адамның рухани саулығы. Оразаны жиі ұстап дағдыланған адам ораза ұстамаған күндердің өзінде өзін бейне ораза ұстап жүрген адамдай сезінеді. Әрбір әрекеті, сөзі, ойы бақылауда болады.
Пайғамбарымыздың хадис шәрифінде:
ما مِنْ عَبْدٍ يَصُومُ يَوْمًا فِي سَبِيلِ اللهِ إِلَّا بَاعَدَ اللهُ بِذَلِكَ الْيَوْمِ وَجْهَهُ عَنْ النَّارِ سَبْعِينَ خَرِيفًا
Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде: «Қандай да бір пенде Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Жаратушы сол күннің құрметіне оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады» , – деп нәпіл оразаның мәртебесін ұлық етіп көрсеткен.
Дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстаудың сауабына келер болсақ:
Адамның пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін орындауға деген ықылас ниетінде жатыр. Өйткені нәпіл оразалар міндетті оразалар қатарына кірмейді. Міндет болмаса да Алланың разылығы үшін орындау ұлы игі істерден
عَنْ عَائِشَةَ ـ رَضِيَ اللهُ عَنْها أَنْ النَّبِي صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَتَحَرَّى صِيامُ الْاِثْنَيْنِ وَالْخَمِيسِ
Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі нәпіл оразаға ерекше ден қойып, бұл ғибағатты ерекше ықыласпен атқарған. Айша (р.а.) анамыз жеткізген бір хадисте: «Хақ Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітуге ерекше мән беретін еді» , – деп айтады.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүйсенбі күні туылған ол жайында:
أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ سُئِلَ عَنْ صَوْمِ اْلِاثْنَيْنِ ؟ فَقَالَ : فِيهِ وُلِدْتُ ، وَفِيهِ أُنْزِلَ عَلَيَّ
Сахабалар Алла Елшсінен (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза тұтудың хикметін сұрағанда, Ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол күндері мен туылдым және маған алғаш рет уахи келді» – деп жауап берген. Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа бір хадис-шарифінде: «Жұмақтың есіктері дүйсенбі мен бейсенбі күндері ашылады» – деп бұл күндердің артықшылығын айтқан.
3- Мұсылман үшін қасиетті болған жұма күнінің дайындықтарының бірі – жұма күні ғұсыл құйыну яғни жуынып тазалану.
Тазалықтың артықшылығы туралы Алла Тағала Құран Кәрімде:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِين
«Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді» .
Қысқаша түсіндірме: Тәубе ету – күнәлі, Аллаға ұнамсыз істерді тастап, тура жолға қайту арқылы жан дүниені тазалау. Ал дәрет, ғұсыл алып шариғат көрсеткен жолмен денені тазарту бұл сыртқы тазалықтың маңызды бір көрінісі. Алла Тағала өз пенделерінің іштей тазарып тәубе еткенін қалай сүйетін болса, тәнін таза тұтуға тырысатын пенделерін де сондай сүйеді.
Сонымен қатар исламдағы алғашқы түскен бұйрықтардың бірі – тазалыққа қатысты түскен:
وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ
«Киіміңді таза ұста» , – деп ескертуі де адам баласы үшін тазалықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Қысқаша түсіндірме: Мұсылман адамның денесі дәретпен тазаланып қана қоймай киетін киімі де таза болуға тиіс. Бұл жерде бірінші орында киімнің таза болуы дегенде оның намазға жарайтындай нәжістерден таза болуы көзделеді. Одан кейін барып көпшілік орындарда, сыйлы адамдармен кездескенде таза, әдемі киім кию мұсылманның көркін арттырары сөзсіз.
Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الطَّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ
«Тазалық – иманның жартысы», – деген хадисі арқылы мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған.
4- Күндердiң ең ұлығы – жұма.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خَيْرُ يَوْمٍ طَلَعَتْ عَلَيْهِ الشَّمْسُ يَوْمُ الْجُمْعَةِ فِيْهِ خُلِقَ آدَمُ وَ فِيْهِ أُدْخِلَ الْجَنَّةَ وَ فِيْهِ أُخْرِجَ مِنْهَا وَ لا تَقُومُ السَّاعَةُ إلاَّ فِي يَوْمِ الْجُمْعَةِ
«Жұма – күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ», – деп хабар береді .
Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді. Алла Тағала иманды құлдарына:
يأَيّهَا الَّذِينَ ءَامَنُواْ إِذَا نُودِيَ لِلصَّلاةِ مِنْ يَوْمِ الْجُمْعَةِ فَاسْعَوْا إِلَي ذِكْرِ اللهِ وَ ذَرُوا الْبَيْعَ ذَالِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ
«Ей, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» ,– деп бұйырады.
Жұма намазын оқу үшін мұсылмандар мешітте бас қосады. Бірге ғибадат етіп, үгіт-насихат тыңдайды, дін және дүние істері бойынша ақыл-кеңес алады, бір-бірімен танысады, бір-бірінің хал-жағдайын сұрайды.
Жұма намазында мемлекет қайраткері мен қарапайым жұмысшы, бай мен кедей, ақ пен қара өңді мұсылмандар бір сапта тұрып, Аллаға сәжде етеді. Бұл ислам дінінің барша адамзатқа жіберілген әділет, теңдік діні екенінің көрінісі.
Расында, аптасына бір рет келетін жұма намазы дүниелік істерінен абзал. Аяттағы «Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» деген сөздің мән-мағынасы да – осы.
5- Хобби (адамның сүйіп істейтін ісі). Күнделікті күйбең тіршілік, жанұя, қоғам, Жаратушының алдындағы міндеттерден бөлек адамның сүйіп жасайтын ісі (ол іс материалдық пайда әкелмеуі мүмкін) болуы заңдылық. Әр адамның талғамы, жасы, қабілетіне сай сүйіп жасайтын амалдары да саналуан. Мысалы біз ұлы имам Әбу Ханифаны ғалым ретінде, адал саудагер ретінде танимыз, алайда көпшілігіміз ол кісінің құрылыс саласында да қызығушылығы болғанынын біле бермейміз. Аббаси мемлекеті құрылған кезде Бағдад қаласын жаңадан көтеріп, қайта салынғаны белгілі осы орайда Әбу Ханифаның қала құрлысына оның архетиктурасына қатысты сызбалары халифа тарапынан құпталғаны тарихтан мәлім. Міне, тіпті ұлы ғалымдар да сүйікті істеріне уақыт таба білген. Сүйікті іспен айналысу адамның өмірінің реңін ашады. Күнделікті қайталанбалы істерден жалыққан кезде сүйікті ісін істеу арқылы жаңа деммен қайта бастау алады. Сүйікті ісіңіз қабылдан болу үшін шариғатымызға қайшы келмеу керек (харам істер, экстремалды ойындар) болмауы, және негізгі құлшылықтардың орындалуына кедергі болмауы шарт. Ол сізге рухани өрлеу, материалдық пайда әкеліп жатса нұр-үстіне нұр.
6- Азық-түлік алғанда үнемдеудеудің бірден бір жолы аптасына бір мәрте базарлық жасау.
Базарлық жасауға қатысты он кеңес:
– Аш күйде бармау; Үйге азық-түлік алар алдында тоқ шыққаныңыз абзал. Аш адам нәпсі қалауына еріп, байқаусыздан көп тамақ алып қоюы мүмкін.
– Бір жұмаға қажетті азық-түліктің тізімін алдын-ала дайындау. Базарға сол дайындалға тізіммен бару және сол тізімдегі заттарды ғана алу;
– Кетіруін жоспарлаған қаражатты ғана алып бару. Амяныңызда ақша көп болса байқаусыздан қажет емес заттарға жұмсап жіберуіңіз мүмкін.
– Азық-түлік аларда тек сізге қажетті азық-түлік сөрелеріне беттеңіз. Көп жағдайда күнделікті қажетті тағамдар сауда орындарының кіре берісінде емес керісінше түкпір тұстарына қойылады.
– Сауда орындарындағы қымбат бағадағы тауар түрлері сөрелердің көрінетін тұсына қойылып, сол сападағы арзан бағадағы тауарлар астыңғы сөрелерге қойылады. Бұл сауда орындарының сауда қулығы.
– Әртүрлі науқандарға қатысудан аулақ болыңыз мысалы он мыңға сауда жасасаңыз мың теңге бонусқа түседі немесе екуін алсаңыз үшіншісі тегін деген секілді.
– Сауда орындарына ақыл-есі толмаған балаларды ертіп барудан сақтаныңыз.
8- Үйді тәртіпке келтіру:
Үйдің таза болғанын қай-қайсымыз да жақсы көретініміз рас, дегенмен, үй жинауға деген құштарлық әр адамда бола бермейді. Бұл істі көп жағдайда ер адамдар әйелдерге ысырып тастайды. Сондықтан да әркез үй жинар алдында «қалай барлығын таза әрі тез жинауға болады?» – деген ой мазалайды.
– Ең бастысы, әрекетті бастаңыз. Қай істің болмасын бастауы қиындық тудырады. Үйдің айнадай жарқырап тұрғанын елестетіңіз де орныңыздан тұрып, үй жинауға кірісіңіз!
– Өзің жалғыз жинағаннан гөрі, барлықтарыңыз бірігіп жасаған қызығырақ. Әрбіреуіңіз тапсырма бөліп алсаңыз, тез үй жинап шығуға болады. Осылайша үй жинауды апта сайынғы жақсы бір дәстүрге айналдырасыз.
– Ұсақ-түйекпен айналыспай тұрып, алдымен, үйдегі көзге көрініп, шашылып тұрған орындарды жинастырып алыңыз. Міндетті түрде есік-терезе, айналарды тазалап алыңыз, ал үйіңіз әп-сәтте жарқырап шыға келеді.
– Көңілді әуен қойып қойыңыз, қалай жылдам жинап тастағаныңызды өзіңізде байқамай қаласыз.
– Тез жұмысты аяқтау үшін алдыңызға мақсат қойыңыз. Мәселен, бір сағатқа таймер жүргіңіз. Уақытпен жұмыс істеп үйренсеңіз, келесі де одан да жылдам жасауға дағдыланасыз.
– Үйдегі зат аз болған сайын жинау да тез болады. Сондықтан, үйдегі артық қоқыстан арылыңыз да керек емес заттарды жинай бермеуге тырысыңыз.
– Тазалық үшін қажетті құралдарыңыз қасыңызда болсын. Олардың көмегімен уақыт кетірмей мұнтаздай етуге болады.
– Бірнеше жұмысты қатар алып үйреніңіз. Кір киімдердерді кір жуғыш машинаға салып, қосып қойып, оған шейін ыдыстарды жуа беріңіз.
– Күнделікті жинап отырыңыз. Егер үстел үсті, теледидар, компьютер шаң болып кетсе сол сәтте сүртіп алыңыз, бастысы, нені болмасын кейінге қалдырмай, бірден артыңыздан жинап жүргеніңіз жөн.
9- Өткен аптаны қорытындылап келесі аптаға жоспар құру;
Өткен аптада үлгермеген маңызды істеріңізді осы аптаның жоспарына кіргізуді ұмытпаңыз. Бұл аптадағы маңызды істеріңізге кедергі болмас үшін кейбір маңыздылығы төмендеу істеріңізді кейінге қалдырасыз және жұмыс уақытын көбейтесіз. Бір аптада жеткен жетістіктеріңізді, күнделік жүргізу арқылы түртіп қойсаңыз болады. Жоспардан тыс пайда болған істерді де бір апталық жұмыс қорытындысына енгізіңіз.
Келесі аптадағы атқарылуы қажет істерді толық зерттегеннен кейін ғана орындалу уақытын қоясыз. Жоспардан тыс істерге де уақытты бөлуіңіз қажет.