Солтүстік Қазақстан облысы "Қызылжар орталық мешітінің" бас имамы Хамзат Қажымұратұлы
Надандық – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Ізгілік пен парасатқа негізделген ақылдың кемел формасы сау ақыл болған жерде надандыққа орын жоқ. Өйткені, кемел ақыл надандықтың дұшпаны.
Құран Кәрімде Алла Тағала:
«(Мұхаммед ғ.с) оларға: «Білмегендер мен білгендер тең бола ма?», де»[1], – деп, білмейтіндер (надан) мен білетіндер (ғалым) деп екіге бөлген. Тағы бір аятта:
«Егер білмесеңдер білетіндерден сұраңдар»[2] – деп, қандайда бір мәселеде түсінбеушілік туғанда ілім иелерінен ақыл-кеңес сұрау керектігін меңзейді.
Ілім иелері мен қарапайым адамның ара жігін Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі айқын баяндап тұр:
«Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді»[3].
Алла Тағала біздерге кез-келген мәселеде білімсіз сөз сөйлеуге тиым салған. Құран Кәрімде:
«Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе (яғни, білмегенді білдім деп, көрмегенді көрдім деп айтпа»[4] – деген.
Шығыс даналарының бірі айтқандайын: «Әмірші әмірші болу керек, әскер әскер болу керек, әке әке болуы керек, бала бала болу керек сонда ел дамиды».
Жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин ағамыз да: «Жазушы жазу керек, саясаткер саясатпен айналыссын, қойшылар қойын бақсын», – деген екен. Кезінде атақты күрішші Ыбырай Жақаев: «Дихан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы қаламына ие болсын», деп үш-ақ ауыз сөзімен дүйім елге баяндама жасаған.
Соңғы уақытта қоғамда ғалымсымақ үкім шығаратын топтар көбейіп шала үйренген білімдерімен халал нәрсені харамға шығарып, харамды халалға шығаруда. Осындай шала сауаттылықтың себебінен сүннет амал бидғат болып, бидғат амал сүннет болып кеткен жайттар кездеседі. Бірбеткей, үйренген аз білімдерімен исламның ұлы ғалымдарынан қате іздеп, оларды адастыға шығаруда. Кейбіреуі мазһаб ұстануды бидғат десе, енді біреулері фиһқ негіздерін бидғатқа шығарды. Мұсылман ғалымдарының он төрт ғасыр бойғы ғылымның әр саласында тірнектеп жазған құнды еңбектерін жоққа шығарып, мәнсіз етті. Бұрынғы ғалымдардың өміріне көз жүгіртетін болсақ, ешуақытта өздері жеке дара жол бастамаған белгілі бір мазһабтың жолын ұстанған. Мысалға алғанда Бұхари, Муслим, әл-Хаким, әл-Байхақи, Ибн әс-Саллах, ән-Науауи, әз-Заһаби, Ибн Хажар, әс-Суютый және басқа да ұлы ғалымдар ижтихад жасауға шамасы келсе де мазһаб ғалымдарының пікірімен санасқан. Аты аталған ғалымдардың ілімінің жүзден біріне ие болмай жатып қазіргі кезде кейбір адамдар жеке дара мазһаб ретінде сөйлеуі – нағыз адасушылық.
Жалпы мужтаһид дегеніміз – үкім шығаруға шамасы келетін фиқһ іліміндегі маман.
Мужтаһидке ғалымдардың қойған талаптары:
Бірінші: Ислам,
Бұл – еш күмәнді талап етпейтін шарттардың бірі. Кейбір ғалымдар мұсылман болуды шартқа кіргізбейді, өйткені ол міндетті болған шарттың ішінде. Сол себепті кез келген адам білім бойынша толық ижтиһад дәрежесіне жеткенмен егер мұсылман болмаса, оның ижтиһады қабылданбайды.
Екінші: Ақыл.
Егер ижтиһад дәрежесіне жетіп, ақыл-есінен ауысқан адам болса, оның сөзі негізге алынбайды. Ал ақыл-есі ауысқанға дейін айтқан үкімдері амалға асырылады. Сол секілді ақыл-есі қайта оралса, оның айтқаны қабыл алынады. Егер бұл әрекет жиі қайталанып тұрса, сөзі негізге алынбайды.
Үшінші: Балиғат.
Мужтаһид болудың шарттарының бірі балиғат жасына жету. Өйткені балиғат жасына жетпеген жас баланың үкімі негізге алынбайды.
Төртінші: Әділдік.
Әділетсіз залымның ижтиһат деңгейіне жетуi мүмкін, ондай жанның пәтуасы қабылданбайды.
Бесінші: Ой ұшқырлығы.
Үкім шығаруға ұсынылған мәселелердің белгісіз астарлы мағыналарымен түсіну. Сол секілді зайырлы ілімдерді жоғары деңгейде меңгерген болу.
Алтыншы: Құран ілімі.
Мужтаһидке міндет болған шырттың бірі – Құран ілімін білу, жатқа білу міндет. болмаса да мүжтаһид үшін абзал амалдардың бірі. Имам Ғазали, ибн Әл-Араби айтқандай, шамамен бес жүз үкім аят бар, міне осы аяттарға келгенде жатқа білгені абзал. Алайда шынайы үкім аяттардың саны бұдан да көп. Құранды терең меңгерген адам Құранда келген қиссалардан да үкім шығара алады. Құран ислам шариғатының негізгі қайнар көзі болғандықтан, араб тілін білу жеткіліксіз.
Құран ілімінен білуі тиіс ілімдер:
– Насих және мансух. Насых аяттар үкімді жоюшы аяттар, мансух аяттар үкімі жойылған аяттар. Үкім шығарарда мужтаһид үкімі жойылған аяттарды негізге ала алмайды. Осыған орай аяттардың түсу уақытын, насых ережелерін, оның түрлерін, осыған қатысты сахабалардың сөздерін білуі керек.
– Жалпы және жалқы. Құранның кейбір аятында белгілі бір үкім жалпы адамдарға бағытталуы айтылуы мүмкін енді бір мәселе белгілі бір адамдарға бағытталуы мүмкін.
– Шексіз және шекті. Яғни, Құранда айшықтауды қажет ететін мәселені екінші бір дәлел айшықтап беруді айтады. Осыған қатысты ережелерді білуі тиіс.
– Түсу себептері. Аяттардың түсу себептерін білмей үкім беру қателікке бой алдыруы мүмкін, өйткені бұл ілімді білу аяттың мағынасын аша түседі.
– Құран сүрелерінің Меккеде, Мәдинада түсу тәртібін де білу қажет.
– Кейбір аяттардың ашық, астарлы мағыналарын білу міндет.
Жетінші: Сүннет.
Құранда білуі қажет білімдерді сүннеттен де білуі тиіс. Сүннет те насых және мансух, шексіз, шекті, жалпы жалқы болып бөлінеді. Хадистерді жатқа білу шарт емес дегенмен хадистердің қайнарын қай кітапта келгенін білуі ләзім. Әсіресе хадис қайнары болып табылатын алты негізгі кітапты Бұхари, Муслим, әт-Тирмизи, Әбу Дауд, ән-Нәсәәи, Ибн Мажаны білуі тиіс. Сонымен қатар имам Ахмад, Байхақидың[5] хадистер жинағын, мұнымен шектелмей басқа да хадис ғалымдарының үкім беруде хадистерін білуі міндет. Хадистермен айналысқан кезде хадис ілімінен хабардар болуы талап етіледі:
– Ахад (бір жолмен келген) және мутауатир (бір топ адамның екінші бір топ адамға жеткізуі арқылы келген) жолмен жеткен хадистерді айыра білу.
– Әлсіз және сахих хадистер немесе негізге алынатын, негізге алынбайтын хадистер. Хадис сахихтің хадис хасаннан ерекшелігін және әлсіз хадистерден қандай айырмашылығы барын, оның іштей бөлінуі, олардың ішінде амалға асырылатыны мен дәлелге алынбайтыны, әрбірінің анықтамаларын, шарттарын білу қажет.
– Хадистерді жеткізуші адамдардың жайында олардың ахуалдары, әлсіз тұстары олар жайында ғалымдардың айтқан пікірлері, олардың ұстаздары мен шәкірттері жайында хабардар болу.
– Хадисті жеткізуші адамдардың кемшіліктері, олардың риуаяттарын қабылдамау себептері мен ережелерін де білу.
– Сол секілді хадистің тізбегіндегі кемістіктерді ажырата білу керек.
Сегізінші: Араб тілін білу. Араб тілін білу дегеніміз оның қағидаларын, грамматикасын, риторикасын, ескі араб өлең-жырларын білу. Араб тілінде бір харекет мағынаны түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін, ал оны араб тілі грамматикасын жақсы меңгермеген адам біле алмайды. Қате оқылған сөз үкімнің қате берілуіне себеп болмақ. Синтаксис (наху) ережесін үйрену арқылы сөйлемнің құрылымын біледі. Марфология (сарф) қағидасын меңгеру арқылы сөздің құрылымын үйренеді. Риторика (балаға) үйрену арқылы сөздің ауыспалы, тура мағыналарын біледі. Шариғат араб тілінде болғандықтан пәтуа беруші адам араб тілін меңгерген болуы ләзім.
Бұл жайында имам Ғазали: «Пәтуа беруші адамға араб тілін Сибауайх, Халил, әл-Мубаррид[6] сияқты терең білудің қажеті жоқ. Ең бастысы, Құранның астарлы, тура мағыналарын, шексіз, шекті, жалпы, жалқысын ажырата білуі қажет» – деген.[7] Тоғызыншы: Ижмағ мәселелерін білу. Мужтаһид үшін өзіне дейінгі ғалымдардың бірауыздан берген пәтуаларына қарама-қайшы пәтуа жасамауы керек.
Оныншы: Мазһаб ғалымдары арасындағы (қарама-қайшы) мәселелерді білу. Кез келген мәселеде сәләф ғалымдардың пәтуаларын білуі оны негізге алуы тиіс. Бұл жөнінде Имам әш-Шафиғи: «Әрбір қияс жасаушы адам өзіне дейінгі ғалымдардың сөздерін, ғалымдардың ортақ пікірге келген пәтуаларын, келіспеген мәселелерін негізге алуы керек»[8] – деген.
Он бірінші: Усулул-фиқһты (Ислам заңдары негіздері) білу. Бұл ілім мужтаһид үшін білуі тиіс маңызды ілімнің бірі. Усулул-фиқһты, Фиқһ әдіснамасын үйрену арқылы аят пен хадистен дәлелдерден үкім шығару әдістерін үйренеді.
Мужтаһидқа міндетті емес нәрселер:
Бірінші: Кәләм ілімінің білгірі[9] болуы шарт емес.
Екінші: Фиқһ тармақтарын білу шарт емес. Тармақтарды білу ол ижтиһадтың жемісі болып табылады.
Үшінші: Ижтиһад жасауда тек ер адам болуы шарт емес, егер ижтиһад дәрежесіне жетсе, әйел де мужтаһид бола алады.
Төртінші: Ижтиһад жасауда еркіндікте жүруі шарт емес, құл да ғылымға ден қою арқылы мужтаһид дәрежесіне жете алады.
Бесінші: Мужтаһид дәрежесіне жету үшін әділдік шарт емес бірақ әділдік болмаса, оның ижтиһады қабылданбайды.
Сахабалар арасында хадисті көп жаттаған Əбу Һурайра, Әнас ибн Мәлик еді. Бірақ олар үкім айтпайтын. Үкім айтып, пəтуа беретін белгілі сахабалар болды. Мысалы: Ибн Аббас, Əзіреті Омар, Ибн Масғут, Əли, Айша анамыз т.б. Қате айтып қоямын деп хадис риуаят еткісі келмеген сахабалар да болды. Себебі мүтəуəтір хадисте:
«Кім менің атымнан əдейі жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін»[10] – деген.
Халық арасында кең тараған «сауатсыз дәрігер жан алса, сауатсыз молда діннен шығарады», деген қанатты сөз бар. Дін адам баласының бұл дүние мен о дүниелік өмірін бірге қамтығандықтан өте сақтықты талап етеді. Дін жайлы сөз сөйлейтін адам, егер сол саланың маманы болса адамдарды дүние мен ақыретте бақытқа кенелтеді, ал шала сауатты біреу болса, адамдардың екі дүниесінің де астаң-кестеңін шығарады. Мұның соңы, Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келгендей «Нәтижесінде өздері де, өзгелер де адасып тынады». Сондықтан дін жайлы әңгіме қозғау үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей дін атынан сөйлеу, мазһаб ұстанбау ижтиһад деңгейіне жеткен ғалымдарға ғана рұқсат етіледі. Қазіргі таңда біз мазһаб ұстанбаймыз деп жүрген кейбір мұсылмандар сырқатқа шалдығып, ауруына ем іздеп әртүрлі балгер, тәуіптерге барған адамның кейпіне ұқсайды. Біреулер оған бір дәріні ұсынса, екінші біреу өзге бір дәріні береді. Әрбіреудің айтқанын тыңдап, саналуан дәріні ішкен ол байғұс соңында ауруы асқынып, кемтар болады. Егер әуелбаста білгір дәрігердің айтқанын істеп, жазып берген дәрісін қабылдаса, ауруынан Алланың қалауымен сол мезетте-ақ айығып кетер еді….
Бұл мысалдан алар ғибрат құрметті бауырлар! Адамдардың ғасырлар бойы қабылдап, емін жазып жүрген дәрісінен ішейік. Егер әр адам бір құлшылық істерде жеке дара жол ұстанып, амал жасайтын болса, оның үстіне жоғарыдағы ижтиһад жасайтындай шамасы болмаса, соңы құрдымға кетеді. Әркім өз жолына тартуға тырысса ол қоғам ақыры құрдымға кетеді. Ал мазһаб үкімдеріне келер болсақ, оның негізі отыз-қырық жыл бұрын емес он төрт ғасыр бұрын қаланған. Он төрт ғасыр бойы үкім шығаруға шамасы келмейтін қарапайым мұсылмандар осы жолды ұстанып келді. Соның нәтижесінде қазақ елі ғасырлар бойы қилы-қилы кезеңдерді басынан кешіріп, ынтымағын сақтай білген. Қазақта жесір дауы, жер дауы, ру дауы кездессе де, дін дауы болған емес. Ол әлбетте бір негізге жұмылғанның, бір үкімге бағынғанның нәтижесі. Бір мазһабқа жүгінудің де негізгі мақсаты – мұсылмандарды ынтымақта, бірлікте ұстау.
21-ғасыр озық технологиялар ғасыры кез келген мәліметті ғаламтордан таба аласыз. Алайда, тапқан мәліметіңіз әрдайым жарамды бола бермейді. Бұндай адамның мысалы қоқыс жәшігінен азық іздеген пақырдың жағдайына ұқсайды. Адамның бұл өмірде екі азығы болса, соның ішінде маңыздысы рухани азығын тек сенімді негіздерден алуы тиіс.
Сөзімді қорыта келе, ғаламторда фейсбук, контакты, ватсап, инстаграм т.б желілер арқылы әртүрлі тақырыптардағы діни мәліметтерді таратуға әуес шаласауатты мұсылмандар бар. Бұл мәселеге немқұрайлы көзқараспен қарауға әсте болмайды. Ондай мәліметті таратпас бұр дін қызметкерінің пікірін сұрау керек. Осы орайда кейбір діндар қауымның арасында дін қызметкеріне қойған сұрақ сол сәтте жауабын таппай жатса, әдепсіздік танытып, оның діни біліктілігіне күмән келтіріп жатады. Шындығында бұл оның білімділігінің белгісі. Нағыз білімді адам жауап бермес алдын сөзінің анықтығына, адамның жағдайына, материалдық, денсаулық мүмкіншіліктеріне, мемлекет заңына мән бере отырып үкім айтады.
Діни сауалдарға жауап таппаған кезде ҚМДБ-ға қарасты Пәтуа бөліміне хабарласып, жауап алу ең тура, тиімді жол.
[1] «Зумар» сүресі, 9-аят.
[2] «Нахл» сүресі, 43-аят.
[3] Тирмизи хадистер жинағы
[4] «Исра» сүресі, 36-аят.
[5] Бұл кітаптар мазһаб ғалымдарынан кейін жазылғанмен ондағы хадистерді білулері міндет.
[6] Араб тілі ғалымдары
[7] Әл-Мустасфа, 2/352
[8] Имам әш-Шафиғидің Әр-Рисала кітабы
[9] Ақида ілімінің маманы
[10] Бұхари хадистер жинағы