Ашу деген кез келген адамның бойында табылатын мінез құлық. Ашусыз адам болмайды, сол адамдардың ішіндегі ең жақсысы ашуын жеңе білген адам. Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген – ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген-дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
деп өсиет қалдырған екен Әйтеке би бабамыз.
Қазақ халқының әрбір даналық сөзінің дінгегі дінге барып тірелетіні баршаға аян. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көпке пайдасы бар, тәрбиелік мәнісі зор мынадай Хадисі бар
«Күресіп барлығын женген емес, шынайы мықты адам өз нәпсісін ашу үстінде жеңе білген адам мықты» деген.
Оның айтқан сөзін қазақ халқы «Аюды женген батыр емес, ашуын женген батыр» деп қысқаша түйіндейді. Осы секілді түбі хадиске немесе құран аятына барып тірелетін көптеген нақыл сөздер бар.
Ашу адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын тез шешім қабылдатып ақырында сан соқтыратын шайтанның ойыншығына айналып, құрығына әбсәтте түсіп үлкен күнәларды қалай істеп қойғанында білмей қалады: Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сахаба келіп «Иа , Алланын елшісі мені екі дүниеде сауапқа кенелтетін, жақсылыққа жеткізетін бір өсиет айтыңызшы» деп өтініш айтты. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірақ ауыз сөзбен «Ашуланба» деп жауап береді, әлгі сахаба бұл сөзді күтпеген еді, сәл кідіріп осы сөзін қайта қайталап «Иа, Алланың елшісі маған бір амалды айтыңызшы сол амалмен жұмаққа кіріп кетейін, тозақтан алыс болайын» деп қайта бірінші сұрағын қойды. Екінші рет сұрағанда да Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жауапты естейді де бұл сөзіне таңырқап әлгі сахаба біраз уақыт өткізіп келіп үшінші рет сұрағанда да Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ашуланба» деп жауап берген екен. Бұл оқиғадан үлкен даналық ойларды көруге болады.
Шынында да , адам Алланың да адамның да разылығына жету үшін басымызға төнген болмашы сынақтарға ашуланбай сабыр етуіміз керек. Ислам діні- адам баласын көркем мінезділікке, әдептілікке, сабырлы болуға, көпшілікке пайдалы болуға шақыратын дін. Ашу жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қасиетті Құранда ашуды ауыздықтағандарды мақтап былай деген:
«Олар кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал – мүліктерін жұмсайтындар. Олар – ашуды ауыздықтайтындар әрі адамдарды кешіретіндер. Алла жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 134 аят).
Барлық нәрсе ашуда жұмсақтықта өз орнымен болу керек. Дана халқымыз: «Ақылдан ашу көп болса- ақыл кетер, ашудан ақыл көп болса- ашу не етер» -деген .
«Ашу – дұшпан» деп ата- бабамыз бекерге айтпаған. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да ашудың ешқандай пайдасы жоқ. Ашуланған кезде қуат ғана емес, адамның өзін –өзі басқаруы да жоғалатыны да мәлім. Ашуланған кезде өз –өзінді ұстай алуға тырысу керек.
Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын):
«Кім осы төрт жағдайда: көңілі қалағанда, қорыққанда, бойын шаһуат билегенде және ашу қысқанда өзін-өзі ұстай алу қасеитіне ие болса, Алла оны шайтаннан сақтайды және тозақ отын харам етеді» -деген.
Ашуды ауыздықтауды қалаған кісі мына хадисте айтылған нәрселерге мән бергені жөн.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Сендерден кімде- кім ашуланған кезде тік тұрған болса, отырсын, ашуы басылмаса, жанбастап жатсын» -деген.
Ашуын еркіне бағындырып ұстай білген адам үшін Алла тағаланның берер сыйы мол:
«Алланың сүйген құлдарынан болады. Алла тағалла Құран кәрімде:
Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді».
Ашуды жеңу иманды күшейтеді. Хадистердің бірінде:
«Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса оның ішін иманмен толтырады» деген хадис бар.
Жоғарыдағы насихаттарға сүйене отырып, ашуымызды ақылымызға жеңдіре білсек, нағыз мұсылмандық көркем мінезді паш еткен боламыз. Алла біздерді сабырлы болуымызды нәсіп етсін!