Есіл аудандық Николаевка селосы «Көбеш» мешітінің ұйымдастыруымен Мәуліт өтті. Мерекені ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы кіріспе сөзбен ашты. Бас имам жамағатты мерекемен құттықтап, уағыз айтты. Одан кейін «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Мұхаммад-Құтб Файзиев Құран аяттарын оқып, сосын Мәуліт оқыды.
Бұл мешіттің шәкірттері де Мәулітке үлес қосты. Олар хадистер оқыды. Біржан Есжанов сияқты танымал әншілер діни әндерді шырқады.
Осы ауылдың тумасы – Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов жат ағымдарға қарсы күрес жұмысының қалай жүргізіліп жатқанын баяндап берді. Жергілікті мешіттің құрылтайшыларының бірі – Болат Әбілмәжінов те Мәулітке жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ал аудандық мешіттің бас имамы Мұхаммед Мирзаев пен Николаевка ауылдық «Көбеш» мешітінің бас имамы Қуанышбай Әпенов мерекеге тоғысқандарға алғыстарын арнады.
Мәуліт дастархан жаюмен түйінделді. Онда да домбыра күмбірлеп, діни әндер шырқалды. Ал ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы терең уағызымен мереке шырайын аша түсті.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі