АТА-АНАҢА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУДЫ ҰМЫТПА

Өмірге келген әрбір жанның басына берілетін бақ пен Алланың әмірімен жазылған өмір жолы, тағдыры болады. Әр адам өз арман-мақсаттарымен, алған тәрбиесімен ерекшеленеді. Сол тәрбиені беруші – әлпештеп отырған ата-анамыз.

Ең бақытты жандар – ата-ананың мейірімін, қамқорын көріп, қасында жанашыр анасы мен қамқор әкесі барын біліп, жан жылуын сезініп өскендер. Ал сол бақыттың қадірін ұғына алып жүрміз бе?! Ата-анамыз өзіне тиісті құрметті көріп жүр ме?

Ата-ананың баласына жасаған дұғасы міндетті түрде қабыл болады

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

  ثلَاثُ دَعواتٍ مُسْتَجَابٌ لَهُنّ وَ لَا شَكَّ فِيهِنّ : دَعْوَةُ الْمَظْلُومِ ، وَدَعْوَةُ الْمُسَافِرِ ، وَدَعْوَةُ الْوَالِدَيْنِ عَلَى الْوَلَدِ

«Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ: Зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы»[1].

Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасау жайында

Құранның көптеген аяттарында жалғыз Аллаға ғана құлшылық жасаумен қатар ата-анаға да жақсылық жасау баяндалған:

Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Алла Тағала құлшылық жасаңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар»[2].  

Келесі бір аятта ата-анаға ұнатпаған халде дауыс көтеріп ұрыспақ түгілі «туһ» деп жекіруге де болмайтынын айтқан:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًاۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا 

«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле»[3].  

Ата-анаға құрметсіздікпен қараудың зардаптары:

  • Алла ата-анаға құрметсіздікпен қарауды харам етті:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

إنَّ اللهَ حَرّمَ عَلَيْكُمْ عُقُوقَ اْلأُمهاتِ ، وَوَأْدِ الْبَنَاتِ ، وَمَنْعًا وَهَاتٍ ، وَكَرِهَ لَكُمْ قِيلَ وَقَالَ ، وَكَثْرَةُ السُّؤالِ ، وَإِضَاعَةُ الْمالِ

«Алла Тағала сендерге аналарыңа құрметсіздікпен қарауды қыздарыңды тірідей көмуді, құқықтарды өтемеу мен орынсыз істі орындауды талап етуді, өсекті, көп сөзді, дүниені шашуды харам етті»[4].

  • Ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын Алла осы өмірде береді:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

كُلُّ الذُّنُوبِ يُؤَخَّرُ اللهُ مِنْها مَا شَاءَ إِلَى يَوْمِ الْقِيامَةِ إِلّا عُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ فَإِنَّ اللهَ يُعَجِّلُهُ لِصَاحِبِهِ فِي الْحَيَاةِ قَبْلَ الْمَوْتِ.

«Барлық күнәлардың жазасы Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, алайда ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді»[5].

  • Ата-анаға құрметсіздік танытқан адам жәннәтқа кірмейді:

Пағамбарымыз (с.ғ.с.):

ثَلَاثَةٌ حَرّمَ اللهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى عَلَيْهِمْ الْجَنَّةَ:مُدْمِنُ الْخَمْرِ، وَالْعَاقُ 

«Алла Тағала үш адамға жәннатқа кіруді харам етті: үздіксіз арақ ішетін адам, ата-анасына құрметсіз адам»[6].

  • Ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның Алла Тағала парызын да, нәпілін де қабыл алмайды:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

ثَلَاثَةٌ لَا يَقْبَلُ اللهُ عَزّ وَجَلَّ مِنْهُمْ صَرْفًا وَلَا عَدْلًا : عَاقٌّ ، وَمَنَّانٌ ، وَمُكَذِّبٌ بِقَدَرٍ

«Алла Тағала қиямет күні үш адамның парызын да, нәпілін де қабыл алмайды: Ата-анасына құрметсіздік танытқан адам, істеген ізгі амалын үздіксіз еске алушы (міндетсінетін) адам, қиямет күнін жоққа шығарған кісі».

  • Ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның амалдары ақыретте пайда бермейді:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

ثَلَاثَةٌ لَا يَنْفَعُ مَعَهُمْ عَمَلٌ : الشِّرْكُ بِاللهِ ، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ، وَالْفِرارُ مِنْ الزَّحْفِ »

«Үш адамның амалы пайдаға аспайды: Аллаға серік қосушы, ата-анаға құрметсіздік танытушы, соғыс алаңын тастап қашушы»[7].

Ата-анаға жақсылық жасаудың сауабы:

  • Ата-анаға жақсылық жасау Алла алдындағы ең сүйікті амал:
  •  

 عنْ عَبْدِ اللهِ بِن مَسْعُودِ   رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَـالَ : سَأَلْتُ رَسُولُ اللهِ صلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ ـ أَيُّ الْعَمَلِ أَحَبُ إِلَى اللهِ ؟ قَالَ : الصَّلاةُ عَلَى وَقْتِهَا . قُلْتُ : ثُمَّ أَيّ ؟ قَالَ : بِرُّ الْوَالِدَيْنِ . قُلْتُ : ثُمَّ أَيُّ ؟ قَالَ : الْجِهَادُ فِي سَبِيلِ اللهِ.

Абдұлла ибн Масғут (Алла одан разы болсын) Алла Елшісінен: «Алла алдында қандай амалдар абзал?», деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уақытында оқылған намаз», сосын қайсы дедім, Ол: «Ата-анаға жақсылық» сосын қайсы дедім, Ол «Алла жолында жасалған жиһад»[8] деп жауап берді.

  • Алланың разылығы – ата-ананың разылығында:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

رضَا اللهِ فِي رِضا الوَالِدِ ، وَسَخَطُ اللهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدِ

«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында»[9].

  • Ата-ана сенің жақсылығыңа ең лайықты адамдар:

Хадисте:

جَاءَ رَجُلُ إِلى النَّبِي ـ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ـ فَقَالَ : يَا رَسُولَ اللهِ مَنْ أَحَقُّ النَّاسِ بِحُسْنِ صُحْبَتِي ؟ قالَ : «أُمُّكَ » ، قَالَ : ثُمّ مَنْ ؟ قَالَ : « أُمُّكَ »، قَالَ : ثُمَّ مَنْ ؟ قالَ : أُمُّكَ » قَالَ : ثُمّ مَنْ ؟ قالَ : أَبُوكَ

Бір адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Адамдардың ішінде жақсылық жасауға ең лайықтысы кім?» деді. Ол: «Анаң» деді. Сосын кім? деді. Ол: «Анаң» деді. Сосын кім? деді. Ол: «Анаң» деді. Сосын кім? дегенде ол: «Әкең» деді[10].

  • Ата-ананың разылығы сен үшін екі бірдей жәннаттың есігін айқара ашады:

عنْ اِبْنِ عَبّاسِ ـ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ ـ قَالَ : قَالَ النّبي ـ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ ـ : « مَنْ أَصْبَحَ مُطِيعًا لِلَّهِ فِي وَالِدَيْهِ أَصْبَحَ لَهُ بَابانِ مَفْتُوحانِ مِنْ الْجَنّةِ ، وَإِنْ كَانَ وَاحِدًا فَوَاحِدٌ ، وَمَنْ أَمْسَى عَاصِيًا لِلَّهِ تَعَالَى فِي وَالِدَيْهِ أَصْبَحَ لَهُ بَابانِ مَفْتُوحانِ مِنْ النَّارِ ، وَإِنْ كَانَ وَاحِدًا فَواحِدٌ » . قَالَ رَجُلٌ : وَإِنْ ظَلماهُ ؟ قَالَ النّبي ـ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ـ : « وَإِنْ ظَلماهُ وَإِنْ ظَلماهُ وِإِنْ ظَلَمَاهُ »

Ибн Аббас (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бой ұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бой ұсынбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам орнынан тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия, зұлымдық жасаса да» деп үш мәрте қайталады[11].

  • Ата-анаға жақсылық Алла жолында жиһад жасағаннан да абзал:

Мүслім хадистер жинағында:   

 جاءَ رَجُلٌ إِلَى النّبِي ـ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ـ فَاسْتَأْذَنَهُ فِي الْجِهادِ ، فَقَالَ : « أَحَيٌّ وَالِدَاكَ ؟ » قَالَ : نَعَمْ . قَالَ :« فِيهِمَا فَجاهِدْ .

Бірде бір адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, жиһадқа сұранады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан: «Ата-анаң тірі ме?» деп сұрайды. Ол: «ия» дейді. Пайғамабарымыз (с.ғ.с.): «Олай болса, ата-анаңа жиһад жаса (қасында бол, жәрдемдес)»[12] дейді.

  • Ата-анаға жақсылық жасаған адам қажылыққа, умраға барғандай сауап алады:
  •  

عنْ أَنَسٍ ـ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ ـ قَالَ : أَتَى رَجُلٌ إِلَى النَّبي ـ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ـ فَقَالَ : إِنِّي أَشْتَهِي الْجِهَادَ وَلَا أَقْدِرُ عَلَيْهِ ، فَقَالَ : « هَلْ بَقِيَ مِنْ وَالِدَيْكَ أَحَدٌ ؟ » قَالَ : أُمِّي ، فَقَالَ : « قَابَلَ اللهُ فِي بِرِّها ، فَإِذا فَعَلْتَ ذَلِكَ فَأَنْتَ حَاجٌ وَ مُعْتَمِرٌ وَمُجاهِدٌ ».

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Мен жиһад жасағанды қалаймын, бірақ оған шамам келмейді» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-анаңнан біреуі бар ма?» дейді. Ол: «ия, анам бар» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған жақсылық жаса, егер солай жасаған болсаң, сен қажылық, умра, жиһад жасағандай сауап аласың»[13] деді.

  • Ата-анаға жақсы қараған адам өмірін ұзартып, ризығын кеңейтеді.

منْ سَرَّهُ أَنْ يَمُدَّ لَهُ فِي عُمْرِهِ وَيُزادُ فِي رِزْقِهِ فَلْيَبُرُّ وَالِدَيْهِ وَلِيَصِلْ رَحْمَهُ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кім өмірінің ұзарғанын, ризығының кеңейгенін қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туыстық қатынастарды сақтасын»[14] деген.

Мұса пайғамбардың қиссасы:

Бір күні Мұса пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) Алладан жәннаттағы серігін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл келіп: «Сенің жәннаттағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы» деп жауап береді. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) қасапшының дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігіт екенін көреді. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) жігіттің істерін жақыннан бақылап көреді, бірақ ешбір ерекшелікті байқамайды. Түн болған кезде қасапшы аздап ет алып үйіне қайтады. Мұса пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) оған ілесіп барып, қонақ етуін талап етеді, бірақ өзін таныстырмайды… Кең пейілмен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ етеді. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) бақылауын жалғастырады. Әлгі жігіт тамақ дайындап, төбеде ілулі тұрған себетті түсіріп, бір қарт әжені алып шығады. Жуындырып, киімін ауыстырып қолымен тамақ беріп болғаннан кейін бұрынғы жайына жайғастырады. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естиді. Анасын тамақтандырғаннан кейін қонағын күтіп, тағам әкеліп бірге тамақ іше бастайды. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) бұл қария әже жайында сұрайды. Жігіт: «Бұл менің анам. Мен оның қызметіндемін» деп жауап береді. Содан кейін Мұса (Алланың оған сәлемі болсын): «Анаң өз тілінде не деп айтты» дейді. Ол: «Әр кез мен оған қызмет жасаған кезімде ол: «Алла сені кешірсін және сені қиямет күні Мұсаның серігі етсін», дейді. Сол кезде Мұса (Алланың оған сәлемі болсын): «Ей, жігіт мен сені сүйіншілеймін! Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сені байқап едім анаңды ұлықтап, құрмет жасап, жақсылық істегеніңнен басқа амал көрмедім, сенің бұл деңгейің ата-анаңа деген құрметің және жақсылығың» деді.

Ата-анаңа  қалай  құрмет  көрсетсең, өз балаңнан да солай құрмет көресің. Өз балаңыздан қандай жақсылық күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз, не ексеңіз, соны орасыз. Жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе емес пе! «Ата-анаға не жасасаң, алдыңа сол келер» деген. Ақ жаулықты, ақ шашты өз аналарымыз бен данагөй қарияларымызды ардақтайық, көңілдеріне қаяу, жүректеріне  қайғы салмайық!


[1] Ахмад хадистер жинағы.

[2] «Ниса» сүресі, 36-аят.

[3] «Исра» сүресі, 23-аят.

[4] Мүслім хадистен жинағы.

[5] Ибн Хиббанның хадистер жинағы.

[6] Ахмад хадистер жинағы.

[7] Табарани хадистер жинағы.

[8] Бұхари, Мүслім хадистер жинағы.

[9] Тирмизи хадистер жинағы.

[10] Бұхари хадистер жинағы.

[11] Хакім хадистер жинағы.

[12] Мүслім хадистер жинағы.

[13] Табарани хадистер жинағы.

[14] Ахмад хадистер жинағы.

Return to Top ▲Return to Top ▲