Неке қиып, үйленіп үй болу жас жұбайлар үшін өмірдегі ең маңызды әрі жауапты істердің бірі. Ал отбасын құрып, отау тіккеннен соң жұбайлардың сүйеніші, мақтанышы мен қуанышы – сәби. Яғни, ата-ана үшін бала өмірдің сәні. «Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай хәкім айтқандай, бала – біздің басты байлығымыз. Жасыратыны жоқ, бізде өмірдегі бүкіл қызықты тек балаға тіреп тастайтын кез аз емес. Жоқ, өмірде қызық көп. Бірақ соның ішінде аса маңыздысы – ұрпақ, бала. Абай хәкім әр нәрсенің шынайы, нақты бағасын береді. Сондықтан да, бар қызығы демейді, бір қызығы дейді. Өйткені Құран Кәрімде: «Мал-дүние мен бала шаға дүние тіршілігінің сәні ғана …» («Кәһф сүресі, 46-аят) делінген.
Кез келген ата-ана Аллаһ тағаладан жақсы перзент беруін тілейді.Ал перзент отбасының шайқалмауында үлкен рөл атқарады. Расын айту керек, кейде кейбір отбасында сәби дүниеге келмей, балаға зар болып, бармақтарын тістеп жатса, кейбір ата-ана баласының болғандығына кейіп қарғысын жаудырып жатады. Десе де, ата-ананың жақсылық жасауына бірден-бір құқылы адамдарының бірі – перзенті. Өйткені, бала – Аллаһ тағаланың аманаты. Рабыммыз олардың тәніне де, жанына да жақсы тәрбие беруді өсиет еткен.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп кемеңгер ақынымыз Абай айтқандай, дүниеге әндетіп, өлеңдетіп жаңа келген жас нәрестеге жақсы күтім жасап, дұрыс тәрбие беріп өсіру әрбір ата-ананың азаматтық борышы.
Алайда бала тәрбиесіне жас күнінен жөнді мән бермей, кейін баласы ержеткен соң опық жеп жүрген ата- аналар аз емес. Сәбиге тән бір нәрсе естігені мен көргенін есте сақтағыш, тез қабылдағыш, мейлінше сенгіш, еліктегіш барынша таза, адал көңілді білуге, тануға құмар келеді. Сонымен қатар қаталдықты, өрескелдікті, қайырымсыздықты, тағы басқа жағымсыз жайттарды баланың жаны жақтырмайды. Неғұрлым жылы сөйлеп, көңілін аулауды жақсы көретіндігі де осы қасиетке байланысты. Баланың жас кезінде әр нәрсені білгісі келіп, ата- анасын көп мазалайтыны белгілі. Ондайда бала сұрағына дұрыс жауап бермей, баланың бетін қайтарып тастайтын ата-аналар да кездеседі. Ол баланың білуге деген құмарлығына нұқсан келтіреді. Үнемі балаға зекіп ұрысу, бұйыра сөйлеу бала мінезіне теріс ықпал етіп, дөрекілікке жетелейтін бірден бір жол екендігін де ескерген жөн. Кейбір отбасындағы балалардың мінезі бір- біріне ұқсамайды. Оларға берілетін тәрбие бірдей. Алайда бала мінезіндегі ерекшеліктердің себебі, әдетте тұңғыш балаға ерекше күтім жасалынып, көбірек көңіл бөлінеді, оның әрбір қимылы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті ескерусіз қалмайды. Сондықтан ересектердің ілтипатына, мейіріміне бөленіп, әр нәрсеге көбірек араласқандықтан көңіл- күйі сергек, мінезі ашық, белсенді, жігерлі көрінеді. Ал көп сөйлемейтін тұйық жуас мінез бұдан гөрі көңіл аз бөлінгендіктен, көбінесе өзімен-өзі болып, ескерусіз өскен сәбиге тән.
Әркімнен табыла бермейтін жақсы қасиеттердің бірі — кішіпейілділік пен әдептілік. «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» деген мақалдың өзі де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігінен туып отыр. Ересек адамдар көбінесе сәбидің ісіне балалықтың әсері деп қарайды да, оның кейіннен әдетке айналатындығына онша мән бермейді. Мысалы: бала мақтағанды ұнатады деп орынды-орынсыз мақтай берсе, ол кішіпейілділіктен жұрдай, мақтаншақ, даңғой болып өседі. Бала бойындағы жаман-жақсы қасиеттердің бәрінде бір жақтан тауып алмайды, ол көбінесе от басында көргенін қайталайды. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген халық даналығының бәрі де тәжірибеден өмірден алынған. Бала ата-ана өскен ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгі өнегесіне қарап тәлім тәрбие алады.
Сондықтан, ата-ана баласына жақсы тәрбие берерде, ең алдымен, ықылас ниетін дұрыстап, әрі мұны Аллаһ разылығы үшін орындау қажет. Дегенмен мұнда екі жаққа да маңызды, яғни ата-ана мен бала арасындағы қатынаста аса назар аударатын жәйттар бар. Айталық, перзенті алдында ата-ананың мынадай міндеттері бар:
Бірінші, ата-ана перзенттерінің арасын алаламай, әділ көңіл бөлуі қажет. Әсіресе оларды жақсы көрген кезде барлығын бірдей жақсы көру керек. Кей уақытта ата-ана ұл-қыздарын бір-бірінен артығырақ жақсы көріп жатады, тіпті біреуін сүйіп иіскеп жатса, екіншісін жекіп ұрсып тұрады. Алайда бұл дұрыс емес. Қай уақытта, қандай жағдайда болмасын ата-ана балаларының арасын бөле жармай не берсе де әділ болып, ешқайсысының көңілін қалдырмауы тиіс. Әрине, балаларға деген сүйспеншілікпен мейірімділік әрдайым болу керек.Бірақ қайткен күнде де орта жолды ұстанған жөн.
Бірде бір кісі Пайғамбарымыздың ﷺ қасында отырған кезінде, жанына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының бетінен сүйіп, оны алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы келеді. Қызын да шақырып, алдына отырғызады. Бірақ оның бетінен сүймейді. Бұны байқаған Пайғамбарымыз ﷺ: «Екеуін теңдей көрмейсің бе?» – деп, әркез отбасында балаларды бір-бірінен алаламауға шақырып, «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер», «Бала алдындағы ата-ана міндеттеріңнің бірі – оларды алаламау», – дейтін.
Екінші, ата-ана ұлы мен қызына бірдей қарауы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-ана балаларының арасын бөліп жармай, әрқайсысының өз орнын біліп, әділетті болуы тиіс. Кейбір отбасында жұбайы ұл емес қыз босанғандықтан, көңілдеріне қаяу түсіп, ренжіп жатады.Нәрестенің ұл немесе қыз болуы біздің еркімізде емесін Құран Кәрімде: «Көктер мен жердің иелігі Аллаһқа тән. Аллаһ қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдісіз Ол толық білуші, аса күшті» («Шұра» сүресі, 49-50 аяттар).
Пайғамбарымыз ﷺ балаға «Алла тағаланың берген сыйы» деп қарағандықтан, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қоғамды қыз баланы жек көрмеуге шақырып, «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім» деген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Қызды қор көрмеуге шақырып, «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді» дейтін. Қыз балаға мейіріммен қарауға шақырып, оның сауабы зор екенін білдіретін. Ата-бабаларымыздың «ұл туса – ізің, қыз туса – өзің» деуі де бекер емес.
Үшінші, ата-ана перзентіне жақсы тәрбие беруі ләзім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде былай дейді: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық мирас қалдырған емес» (Тирмизи,33).
Өзің үлкен, қылығы бала-шаға,
Балаша мәз болады тамашаға,
Әкесі ұрысса балаға ол да достық,
Баласы ұрысса әкеге жараса ма? – дейді Абай хәкім. Мысалы, өзі үлкен, қылығы баладай әке балаға не тәрбие беріп жарытуы мүмкін? Оның «балам, өйт, бүйт» дегені оған жұға ма? Үйіңде кешкілік бір кітаптың бетін ашпасаң, өзіңнің біліммен шаруаң болмай, «балам, оқы, қазір білімнің заманы» деп көсемсігенің кімге тәрбие? Өзің бажылдап ұрсып, ақкөз боп ашуланып жатсаң, «балам, сабырлы бол, байыпты бол» деп айтқаның қандай нәтиже береді?
Абай тағы да: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» дейді. Демек, балам жақсы болсын десек, алдымен өзіміз жақсы болуымыз керек. Бірінші өзімізді тәрбиелеп, кейін соны баланың бойына сіңіре білсек, Пайғамбар айтқан мирас осы болмақ.
Төртінші, ата-ананың тағы бір міндеті балаларының материалдық қажеттіліктерін өтеу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «бір адамның қайыр жолында жұмсаған
ақшасының ең жақсысы – отбасына жұмсаған ақшасы», – дейді.
Сол үшін оларды дұрыстап ішкізіп-жегізіп, өмірлерін баянды етуі
керек. Ата-ана бұл үшін Аллаһтың алдында жауап беретін болады.Ал өз
кезегінде ата-анамыз бізді мәпелеп, өсіріп, ер жеткізіп, азамат болуымыз үшін
қолынан келген барлық мүмкіншілігін жасап тәрбиелегені үшін біз де ата-анамызға
құрмет көрсетіп, қартайған шағында олардың көңілін қалдырмай соңғы деміне дейін
аялап қарауымыз міндет әрі шексіз сауап.
Бесінші. Қызықтырып, ғылым, білімге үйір қылу кажет. Абай отыз сегізінші қара сөзін бастағанда «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып қалдырайын«дейді. Жүрегіндегі ең қымбат нәрсесін адам әдетте баласына арнайды. Өйткені, өзінің қолы жетпеген бүкіл нығмет атаулыға баласы жетсе деген ниет – кез келген әкеде болады. Ары қарай: «Әуелі Алланы таны«деп келеді де, одан кейін:»адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен» деп айтады. Енді соны қалай үйретеміз дегенде: «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша«деп кеңес береді. Сол үшін ғылым біліммен қатар рухани ілімнің де бала тәрбиесінде атқаратын орны зор. Тілі шыққан баланың алғашқы сөзі Алла болса, оның жүрегі иманға толы болмақ. «Балаларыңа алғаш үйрететін сөздерің «Лә иләһә иллалаһ» болсын. (ибн Әби Шәйбә). Жақсы мен жаманды, сауап пен күнә дегенді үйретіп, әрбір әрекетті ақылмен жасауға дағдыландыру қажет. Бала есін біліп, оң-солын таныған шақтан бастап, оған Құран жаттатып, намазға үйрету сүннет. Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз оқу туралы: «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды бұйырыңдар», – деген (Әбу Дәуд, Тирмизи). Алла және оның құдіреті, пайғамбарлар мен періштелер, осы дүние мен о дүние, мұғжизалар мен Алланың нығметтері туралы да мол ілім алу абзал.
Бала тәрбиесі – ата-анаға міндет. Сол себепті оған немқұрайлылық танытпайық.