Ихсан– сопылық дүниетанымда ең жоғары құлдық мақамы. Аллаһты көрмесең де көріп тұрғандай құлдық ету. Бұл мақамда адам Аллаһтың есімдері мен сипаттарын көз алдында елестетіп, терең ойға батып, оған бар ынтасын жинап қарау арқылы ішкі ашылуға, рухани шабытқа қауышады. Осы мақамда құл Хақтың сипаттарымен сипатталғандай, басирет нұры арқылы Жаратушының мақамын көреді. Бұл көру – Аллаһты хақиқат жолымен емес, йақин (ішкі таным) арқылы көру. Ихсанға жетудің бірінші мәртебесі Ислам, екіншісі Иман, үшіншісі Ихсан Ислам – форма, Иман – мән, Ихсан – ақиқат болып табылады.
«Ихсан» – бағзы заманнан мұсылмандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын ілім. Осы ілімді қалыптастыруға Түркістан діни мектебінің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның ізбасарлары ерекше еңбек сіңірді. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін тақуа адам болғанын байқаймыз. Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы жергілікті халықтың 20 жыл бойы зорлық-зомбылығына сабыр етіп, баласы Ибрахимді қастандықпен өлтірген адамға мінген атын беріп, қызын үйлендіруі оның аса төзімді, дегдар жан екенін көрсетеді. Ғұлама бабамыз бейбіт ұстанымының арқасында ескі түркілік дәстүрлер мен Исламды қабыстыра білді. Осы арқылы ол діни һәм мәдени қақтығыстардың арасынан жол таба алды.
«Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта шынайы болуға тәрбиелейді. Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.
Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұхбаттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау» деп жауап береді. Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» дейді.
Қортындылай келсек жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жандарға тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Бұл дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақыретте жауап беретіндігінен қорқады, жасаған жақсылығының бақытқа, ал жамандығының зиянға себепкер болатындығын жадында ұстайды.
Есіл ауданы Петровка ауылдық
«Мәдениет-дәстем» мешітінің бас имамы Ахметчеев Асхат