Әр заманда Құранды Аллаһ құзырынан адамзатқа жіберілген соңғы кітап екеніне күмән келтіріп, орынсыз мiнеушiлер аз болмаған. Құран түскен кездегі Мекке мүшріктері де, кейінгі дәуiрлердегi Ислам дұшпандары да: «Құран – Аллаһ Тағаланың сөзi емес, ол бар болғаны Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ойынан шығарғаны» – деп дәлелдеуге тырысқан. Алайда дәлел келтіре отырып, оның хақтығын ешкім жоққа шығара алмады. Қасиеттi Құран Кәрім Хақ Тағаланың адамзатқа түсiрген соңғы кiтабы. Ол жөнінде Аллаһ Тағала Құран Кәрімде:
«نَحْنُ نَقُصُّ عَلَيْكَ أَحْسَنَ الْقَصَصِ بِمَا أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ هَـذَا الْقُرْآنَ وَإِن كُنْتَ مِن قَبْلِهِ لَمِنَ الْغَافِلِينَ»
«(Мұхаммед Ғ.С.) саған бұл Құранды уахи етуімізбен өзіңе қиссалардың ең жақсысын баян етеміз. Негізінде сен бұдан бұрын әрине хабарсыз едің» [1] – деп айтады. Демек, Құран – әлем жаратылғаннан бері жазылып келген кітаптардың ең жақсысы. Құранға дейін де Аллаһ тарапынан парақтар, кітаптар түскен еді, бірақ олардың ешбіреуін қиямет күніне дейін сақтауына Аллаһ Тағала уәде бермеген. Уақыт өте олар өзгертулерге ұшырап, осы уақытта олардың түпнұсқасы сақталмаған. Ол жөнінде Құран Кәрімде былай баян етілген:
فَوَيْلٌ لِلَّذِينَ يَكْتُبُونَ الْكِتَابَ بِأَيْدِيهِمْ ثُمَّ يَقُولُونَ هَذَا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ لِيَشْتَرُوا بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا فَوَيْلٌ لَهُمْ مِمَّا كَتَبَتْ أَيْدِيهِمْ وَوَيْلٌ لَهُمْ مِمَّا يَكْسِبُونَ
«Сондай Кітапты қолдарымен жазып, сонан соң аз ақшаға (дүниелікке) сату үшін: «Осы Алланың қасынан келгені» дегендерге нендей өкініш! Және олардың қол жазғандарына нендей өкініш! Сондай-ақ олардың табыстарына нендей өкініш!»[2].
Бұл аяттар Кітап иелерінің Аллаһтың сөзін жеке мүдделері үшін өзгерткендігін дәлелдейді. Ал 14 ғасыр бұрын түсірілген Құранның осы уақытқа дейін өзінің түпнұсқасынан бір әрпі де өзгермегеннің сыры неде?! Бұның жауабын Құран Кәрімнен табамыз:
إنا نحن نزلنا الذكر وإنا له لحافظون
«Шынында Біз Зікірді (Құран) түсірдік, және оны біз қорғаушымыз»[3], – деп, Аллаһ Тағала Құранның өзгеріссіз сақталуына Өзі кепілдік берген.
Бұл Құран аяттарын әрбір мұсылман келесі бір мұсылманған айғақ, дәлел ретінде көрсете алады. Ал Құранға иман келтірмейтін басқа дін өкілдеріне, тіпті Құранға күмәнмен қарайтын мұсылман сымақтарға қалай дәлелдемекпіз?! Құран аяттарын оқып, оның мағыналарына ой жүгіртіп, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір баянын оқыған адам бұған жауап табары сөзсіз. Құранның Аллаһ тарапынан жіберілген кітап екеніне дәлелдер көп солардың негізгілеріне тоқтала кетсек:
Бірінші: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) умми (сауатсыз) болуы. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оқи да, жаза да бiлмегендiгiне тарихтың өзi куә. Сол себептен Ол (с.ғ.с.) Аллаһ Тағала тарапынан түсiрiлген аяттарды жазу үшiн хат танып, жаза бiлетiн бiрнеше сахабаны тағайындаған едi. Оқи да, жаза да білмеген адам Құран секілді кітапты жазуы мүмкін емес, өйткені Құранда бұрынғы өмір сүрген қауымдар жайлы, оған дейінгі пайғамбарлар жайында сөз қозғайды. Сондай-ақ Құранда өмірдің барлық тұстары қамтылып, адамға қалай өмір сүру керектігін үйретеді. Оқу да жазу да білмеген адам бұл мәліметтерді қайдан білмек. Сауатсыз болуының тағы бір хикметі Құранды жоққа шығарушы адамдар айтар еді: «Мұхаммед (с.ғ.с.) Құранды басқа біреуден көшіріп алған» деп. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) умми болғанын білген мүшріктер бұның сырын түсіне алмай аң-таң еді.
Екінші: Араб жарты аралының әлемдік өркениеттерден алшақтығы. Жалпы пайғамбарлықтың, Құранның араб тілінде, араб жарты аралына түсудегі хикметі оның сол кездегі әлемдік мәдениеттерден әсер алмағандығын көрсету үшін. Сол дәуірде үстемдік құрған Индия, Парсы, Византия, Қытай өркениеттері араб жарты аралынан алшақ еді. Нақтырақ айтқанда Араб жарты аралының географиялық орналасуына көз жүгіртсек, бүкіл сырқы әлемнен тыс қалғандай үш жағын бірдей су басқан. Бұл өз кезегінде басқа мәдениеттердің араласуына тосқауыл болды. Аллаһ Тағаланың Құранды жабайы өмір сүрген арабтарға түсіруі бір қауымды Құран арқылы үстем қылуының айқын мысалы.
Үшінші: Құрандағы ұйқас тәсілінің ерекшелігі.Құран аяттарының байланысуы, ұйқасуы қара сөзге де, өлең тәсіліне де ұқсамайды. Осы уақытқа дейін Құранға ұқсаған кітапты жазу ешкімнің қолынан келмеген. Қазіргі дін дұшпандары сияқты сол дәуірдің ақын, шайырларының Пайғамбарымызға: (с.ғ.с.) «Құранды өзің ойдан жазып жатырсың» деген жалаларына қарсы Алла Тағала:
«(Мұхаммед Ғ.С.): “Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды” де» [4] – деп аят түсіріп, олардан Құранға ұқсас бір кітап жазуларын талап етеді. Алайда араб ақын-шешендері Құранға ұқсас бір кітап жазу қолдарынан келмегендіктен ауыздарына құм құйылып үн-түнсіз қала берді.
Алла Тағала басқа бір аятта:
«Жоқ, әлде олар (кәпірлер) Құранды өзі құрастырып алды деп жатыр ма? (Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға айт: Егер айтқандарың рас болса Алладан басқа шақыра алатындарыңды (жәрдемге) шақырыңдар, (бәрің бірігіп) сендер де сол сияқты құрастырылған он сүре жазыңдар!» – деп, олардан құрастырылған он сүре жазуларын талап етеді. Бірақ шайырлар дәрменсіздік танытты. Ең соңында: «Егер құлымызға түсірген Құранға күмәндансаңдар, қанеки, бір сүресіне ұқсас сүре жазып әкеліңдер және Алладан басқа сенетіндеріңнің барлығын шақырыңдар, егер айтқандарың рас болса. Бұны жасай алмасаңдар, – ешқашан жасай алмайсыңдар да – Ендеше, отыны адамдар мен тастардан болған, кәпірлерге әзірленген тозақ отынан сақтаныңдар»[5]. Ақындық өнердің шыңырау шыңында тұрған арабтардың Құран сүрелеріне ұқсас бір сүрені жаза алмауы – Құранның Алла Тағала тарапынан жіберілген хақ кітап екендігінің айқын дәлелі және бұдан кейін де ешкім жаза алмайтыны сөзсіз.
Төртінші: Құранның хадиске ұқсамауы. Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінің арасында сөз тәсілі тұрғысынан жер мен көктей ерекшелік бар. Кез келген арабша білетін адам мағыналары бір болып келетін Құран аяттары мен хадистерді, «мынау – аят», «мынау – хадис» деп оп-оңай ажырата ала-ды. Себебі, Құранда арабтардың қолданған қара сөздеріне де, өлеңдеріне де ұқсамайтын, жалпы барлық адами сөйлеу тәсілдерден мүлдем өзгеше өзіне ғана тән иләһи (құдайлық) тәсіл бар.[6]
Бесінші: Жатталуы жеңіл. Аллаһ тағала Құранда былай дейді:
ولقد يسرنا القرآن للذكر فهل من مدكر
«Шүбәсіз Құранды үгіт үшін оңайластырдық. Қане сонда түсінуші бар ма?» [7]. Аллаһ Тағала өзінің құдіретін Құран арқылы көрсетуі оның тез жатталуында. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінен бастап, осы уақытқа дейін құран жатталуы үзілген емес. Заманымызда 6-7 жасар сәбилердің 600 беттік Құранды толық жаттап шығуының өзі ол кітаптың Аллаһ тарапынан түсірілгеннің дәлелі. Кез келген тартымды әдеби кітапты оқыған адам оны үш мәртеден артық оқи алмайды. Ал Құранды адам қайта-қайта оқыса да жалықпайды.
Алтыншы: Құранның аяттары ғылыми жаңалықтарға қайшы келмеуі. Егер Құран Аллаһ Тағаланың емес адамның сөзi болса, аяттардың өзара үкiм және мағыналық жағынан қайшылықтары болар еді. Өйткенi адамның ақыл-ойы қаншалықты жетiк болғанымен жиырма үш жылдың өзінде-ақ ешбір кемшіліксіз, барлық жағынан да үйлесiмдi нәрсенi жазуы мүмкiн емес. Бұл айтылғанға тарихтың өзi куә. Аллаһ Тағала адам баласының осы мәселедегi әлсiздiгiне қатысты:
وَلَوْ كَانَ مِنْ عِندِ غَيْرِ اللهِ لَوَجَدُوا فِيهِ اخْتِلاَفًا كَثِيرًا
«Егер Құран Аллаһ Тағаладан басқа бiреуден болса, адамдар одан көптеген қарама-қайшылықтарды тапқан болар едi»[8]–деген.
Құран ғылыми кітап емес, алайда заманымыздағы ғалымдардың кейбір жаңалықтары Құранда көрініс тапқан.
– Жапонияның тауларды зерттеуші, геолог-профессоры Сиеведа: «Материктік және су астындағы таулардың ерекшелігі мынада: олар бейне жерге қағып кіргізілген қазықтар сияқты. олардың жер астында жалғасы бар» – деген ғылыми жаңалығын жария еткенде, оған Құранның: «Сендер үшін біздің төсеніш етіп Жерді, оған қазық етіп тауларды жаратқанымыз өтірік пе?» [9], – деген сөздерді оқып бергенде Құранның ақиқаттығын мойындаған екен.
– АҚШ профессоры, атақты геолог Альфред Кронеге «Әнбия» сүресінің 30-аятындағы: «Әуелде Көк пен Жер бір тұтас еді ғой. Біз екеуінің арасын ажыраттық. Жанды мақұлықтардың барлығын судан жараттық. Кәпірлер осыны қалай білмейді? Оған неге сенбейді?»[10] – дегенді оқып бергенде, қатты таң қалыпты. «Бәдәуи мұны қайдан алған? Бұл жақында ЭВМ мен техниканың көмегінің нәтижесінде белгілі болды» деп таң қалыпты.
– Қазіргі заманда рентген сәулесі арқылы ғана ана құрсағындағы нәрестенің даму процесін ашып, ғылыми тұжырым жасауда. Ал, бұл Құран аяаттарында тап қазіргідей суреттелген.
«Адамды топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға – жатырға орналастырдық. Ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік, одан соң сүйекке ет қондырдық, оған жан кіргізіп басқадай жаратылысқа айналдырдық. Аса шебер Жаратқан Иең барынша ұлы!«[11] (Мүминүн:12-14)
– Токио абсервоториясының директоры, профессор Ешиди Крзан жұлдыздардың газ тәрізді зат пен түтіннен пайда болғанын айтады. Және де ол Құранда келген: «Сосын көкке жөнелді. Ол, бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: “Екеуіңде ерікті немесе еріксіз түрде келіңдер” деді. Екеуі де: “Бой ұсынған түрде келдік” деді. (11) Оларды жеті көк етіп, екі күнде жасады. Сондай-ақ әр көктің міндетін өзіне білдірді. Жақын көкті жұлдыздармен әшекейледік әрі, қорғауға алдық. Осы тым үстем, толық білуші Алланың межесі» [12].
– Дүниежүзіне белгілі океанограф Жак Кусто талай теңіздер мен мұхиттардың тұңғиығына сүңгіп, зерттеген ғалым. Теңізді зерттеп ашқан жаңалықтарының бірі – теңіз астында өзеннің бары, ол бір бағытта ағып жатқандығы және теңіз астында бір-бірімен қосылмайтын екі судың бар екені. Құранда бұл жөнінде: «Ол қосылып кету мүмкіндігі бар екі теңізді қатар ағызып қойды. Бірақ араларында тоспа тастады да, қосылмайды» деген[13].
Иә, шынымен де, Құран Аллаһ Тағаланың сөзі екендігінде күмән жоқ. Ал Құранды жан-жақты зерттеген адам одан ешқандай кемшілік таппайтыны сөзсіз. Өйткені бұл – адам өміріндегі мәселелерді ұсақ-түйегіне дейін айырмай толық қамтыған, адам баласының ақ пен қараны ажырату үшін, жамандықтан тыйып, жақсылыққа бұру үшін Жаратушы иемізден түскен соңғы иляһи кітап.
Хамзат Қажымұратұлы,
«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы.
[1] Юсуф сүресі, 3-аят
[2] Бақара сүресі, 79-аят
[3] Хиджр сүресі, 9-аят
[4] Исра сүресі, 88-аят.
[5] Бақара сүресі, 23-24 аяттар
[6] www.muslim.kz сайтынан
[7] Қамар сүресі, 32-аят
[8] Ниса сүресі, 82-аят
[9] Нәба сүресі 6-7 аяттар
[10] Әнбия сүресі 30-аят
[11] Мүминун сүресі, 12-14 аяттар
[12] Фуссилат сүресі, 11-12 аяттар
[13] Рахман сүресі, 19-21 аяттар