Қоғам – өз қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында өзара байланысудың тарихи қалыптасқан формасында біріккен адамдар жиынтығы. Сәйкесінше, адам – қоғамның бір бөлшегі. Бұл қоғам жақсы болсын десек, ортамыз оңалсын десек, өзгерісті ең әуелі әрбір адам өзінен бастау керек. Қоғам әрдайым өзгеріп, үздіксіз даму үстінде болады. Қоғам – әлеуметтік өзгерістерді тудыратын күш. Үздіксіз дамуды қолға алу үшін ақылды ата мен жігерлі жас керек, ол үшін жүрек сау, жанымыз бай болу керек.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кеңейтілген Төралқа мәжілісінде үстіміздегі жылдың «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп аталып, ізгі қоғам құру жолында жоспарлар қойып, арнайы бес бағытқа басымдық берілетінін баса айтты. Сонымен қатар «IMAN» діни-танымдық журналының 2023-жылғы бірінші басылымында «Ізгі қоғам құндылықтары» тақырыбында мақала жариялады. Мақалада біз қойған «Ізгі қоғам қандай болмақ керек?» деген сұраққа жауап болып, ізгі қоғам құруға негіз болатын кейбір құндылықтарға тоқталып өтті. Атап өтелік, уәдеге берік болу. Алла Тағала Құранда: «Уәдені орындаңдар. Сөз жоқ уәде сұралады» деп ескерткенін ұмытпау керек. Уәдені бұзу, сөзінде тұра алмау жалпы азаматтық сипатты опат қылып, қалпыңызды құртады.
Сөз жауапкершілігі. «Тіл қоса алар жер мен көктің арасын, тіл айырар анасының баласын» деген қазақта мағыналы сөз бар. Тілдің құдіреттілігі сондай, тіл – көңілдің кілті. Қазіргі кезде адамдарды жағымсыз етіп көрсететін сөйлеген сөздері. Өтірік сөз,ғайбат, жала, өсек, одан қалды ұрыс-керіс. Көбіне адамның жүрегі қандай болса, тілінен сондай сөз шығады деп адами қасиетке сын айтып жатады. Өтірігі жоқ, дәл солай. Сөйлеу әдебі дұрыс, өзінен басқада шаруасы жоқ жан болғанға не жетсін . Көп сөйлеген емес, дөп сөйлеген білімді. Айтып қана қоймай, әуелі әрекетпен әдепкілердің бірі болу жақсы нәтиже береді.
Жалқаулықпен күрес. Бүгін де біршама адамның бойындағы жалқаулығына шағымы бар. Адамды қор қылады. Қолынан келетін істі, ертеңге қалдырып, ертеңнен тағы ертеңге қалдырып, дамуын тежейді. Ал осы жалқаулықпен күрес жүргізушінің жігері жетістікке жетелейді.
Аманатқа қиянат жасамау. Бізге берілген нығметтің барлығы дерлік аманат. Отбасы, кәсіп, дін мен діл, тіл, ел мен жер, барлығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аманатқа қиянатшылдың иманы жоқ, серттен тайғанның діні жоқ» деген. Имансыз, дінсіз қалудан қорқамын десе, әрбір адам өзіне табыс етілген аманатты сезініп, соған сай әрекет ете білсе керек.
Міне мақалада жоғарыда аталған құндылықтар сатылай көрсетілген. Санамызға сақтап алып, бойымызға жақсыны дарытамыз десеңіз, мақаланы толықтай оқып алуды ұсынамын.