ЮНЕСКО-ның тізіміне Қазақстанның 10 тарихи ескерткіші мен 3 рухани мұрасы енгізілген

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстанның 10 тарихи ескерткіші және Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне 3 рухани мұрасы енгізілген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мәдениет саласына ерекше назарын аударып, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, дамыту, насихаттау жұмыстарын қарқынды жүргізгені барлығыңызға белгілі. Соның мысалы, Елбасының бастамасымен 2004-2011 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылды. Өздеріңізге белгілі, Елбасының тапсырмасымен өткен жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары дайындалып, оны жүзеге асыру жұмыстары қарқынды қолға алынды. Осы жоспардың аясында 2015 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Сонымен қатар, қолданыстағы мәдениет саласындағы заңнамаларды жетілдіру мақсатында бүгінде ҚР Парламентінің қарауында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жатыр. Бұл мәдениет саласының халық қалаулыларының жіті назарында екендігін көрсетеді», – дейді А.Райымқұлова.

Жалпы, оның атап өтуінше, еліміз мәдениет саласын дамыту мақсатында жыл сайын халықаралық және республикалық деңгейде түрлі шаралар ұйымдастырып, Қазақстанның мәдениетін әлемдік деңгейде ілгерілету мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізіп келеді.

«Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау үшін халықаралық конвенцияларға қосылу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, соның нәтижесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімін өз мұраларымен толықтырып келеді. Айталық, бүгінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан 10 тарихи ескерткіш және Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне 3 рухани мұра енгізілген», – деп атап өтті ол.

Яғни, 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, 2004 жылы Алматы облысындағы Таңбалы  петроглифтері енгізілді. 2014 жылы аталған тізім 8 ескерткішпен толықтырылды. Олар – Ұлы Жібек жолының бойындағы Ақыртас, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақтөбе, Талғар, Қойлық, Қарамерген археологиялық ескерткіштері.

Бұдан бөлек, 2013-2022 жылдар аралығын ЮНЕСКО Бас конференциясы Мәдениеттер жақындасуының онжылдығы деп жариялағаны белгілі. БҰҰ Бас Ассамблеясының тарапынан кең қолдау тапқан бұл бастаманы  Қазақстан көтерген болатын.

«Осы ретте халықаралық қауымдастық алдындағы міндетін орындау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық  кәсіпорнын құрды. Бұл орталық жұмысы ұлттық мұраны сақтау және пайдалану саласындағы жобаларды, қолданбалы және ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, халықарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған», – деді А.Райымқұлова.

BNews.kz

muftyat.kz сайтынан алынған

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲