Бүгінде ислам дінін бұрмалау арқылы экстремистік, радикалды топтардың қарапайым мұсылмандарды шырмау оқиғалары Орталық Азия елдеріне тән ортақ тауқыметке айналды. Арбауға түсушілер арасында әсіресе әйелдердің үлесінің арта бастауы алаңдатарлық. Осыған сәйкес Қырғыз Республикасындағы «Мутаккалим» прогрессивті қоғамдық әйелдер бірлестігі мұсылман қыз-келіншектер мен аналарды ата-бабаларымыздың шариғи жолын берік ұстануға шақырды.
Екі күнге созылған «Мұсылман әйелдерінің Орта Азиялық форумы зорлықшыл экстремизм мен радикализмге қарсы күрес» басқосуында Қазақстан, Тәжікстан,Қырғыз елдеріндегі ислам діні саласында қызмет етуші нәзік жандар басқосты.
«Армысың, ер Манастың ел-жұрты» деп қырғыз бауырларды елең еткізген қазақстандық делегацияның басшысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірасілқызы еліміздегі діни ахуал жайлы жан-жақты сараптама жасады. Соңғы дерек бойынша 26 000 діни кітап, мағлұматтар мен 7 000 сайтқа мониторинг жасалып, 400-ден астам діни уағыз кітаптары мен 200 сайтқа сот арқылы тыйым салынған. Ал теріс ағымдардың ығына көбіне орта біліммен шектелген отандастарымыз ілінсе,жоғары білім иелерінің үлесі 18% құрайды екен. «Бүгін анасынан тәрбие көрмеген баланы ертең бүкіл ел жөнге сала алмайды»,-деген Айнұр Әбдірәсілқызының қорытынды сөзіне сәйкес, елдегі діни ахуалдың негізгі тетіктері отбасындағы аналардың қолында екенін нақтылай түскендей.
Қазақстанның теріс ағымдармен күрес тәжірибесі көрші елдерге үлгі боларлық. Өйткені қазір қырғыз ағайындарды Шам елдеріне аттанушы әсіре діншілдер арасында әйелдердің күрт көбейуі қатты алаңдатуда. Өткен жылмен салыстырғанда биыл 23% өсіп, экстремистік қылмыспен ұсталушылардың әрбір төртіншісі де нәзік жандар үлесіне тиіп отыр. Сондықтан айыр қалпақты ағайындар қапасқа қамалған қылмыскер әйелдердің радикалды әрекеттеріне тосқауыл ретінде түрмедегі уағыз-насихат, дәрістерді жоспарлы түрде жүйеге қойған. Ал экстремизм мен радикализмге қарсы тәжік ағайындар әйелдердің шариғи киімдері мен ерлердің сақал қоюуына дейін қатаң тыйым салған.
Осындай ортақ және жекелеген түйткілдерді ортаға салып, діни алауыздыққа қарсы жұмыла күресу үшін Мұсылман әйелдерінің Орта-азиялық форумы бүгін қасиетті жұмада арнайы резолюция қабылдады. Бұл бастама тұрақты түрде жұмыс жасап, келесі басқосу тәжірибе алмасу мақсатында өзге әріптес елдерде өткізу туралы ұсыныс жасалды. Бүгінде 35 елде бейбітшілік жолында қызмет етуші «Search for Common Ground» Халықаралық үкіметтік емес ұйымы қаржылық қолдау жасауға әзір екендіктерін білдірді.
Айша Кеңесбай