Адамзат баласының даму тарихы көрсеткендей, дін деген тек жаратушыға деген сенім ғана емес, сонымен қатар, үлкен рухани тәрбиенің тетігі. Әлемде Алланың жаратушы екенін мойындайтын негізгі үш дін бар десек, соның ішінде Қазақстандағы негізгі ең таза, хақ дін Ислам – әлемдік дін. Сонымен бірге ол өркениет әлемі. Ислам қарапайымдылықты нұсқайды. Әдепсіз істерге және заңсыз әрекеттерге тыйым салады. Ислам кішіпейілділікке үндей отырып, жамандыққа жақсылықпен жауап беруді бұйырады. Ислам шариғатының басты мақсаты – адам баласының құқығын, өмірін, отбасы мен дүние-мүлкін қорғау болып табылады.
Ислам сөзінің негізгі мағынасы және түп тамыры бейбітшілік, аманшылық деген мағынаны білдіреді. Қасиетті Құрани кәрімдегі Алла Тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас десек болады. Ұлы Жаратушының Жәбірейіл періште (а.ғ) арқылы Өзінің сүйікті құлы, соңғы елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с) жіберген ең соңғы діні. Ол адам баласына соғыс пен қайғы емес, тыныштық пен бейбітшілікке және де бақытты өмір сүруге жетелейтін асыл дін.
Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде орын алып жатқан бүліктер мен ғаламторда исламға қатысты таңылып жатқан қара дақтардың Хақ дініміз Исламға ешбір қатысы жоқ. Себебі, Ислам діні –терроризм, экстремизммен, соғыспен, қантөгіспен, зорлық көрсетіп, күштеп жаулап алумен байланыспайды. Бұның барлығы сауатсыздық пен надандықтың белгісі. Асыл дініміз исламның атын жамылған жандардың адасуының белгісі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің сахабаларына былай деп айтқан :
«Жаумен кездесуді игі тұтпаңдар, керісінше Алладан амандық сұраңдар» деген.
Кез келген адам дінді өзінің қалауымен, таңдауымен дінге толық сенім арта отыра және оны толық танып зерттей отырып барша ықтиярымен таңдайды. Бұл дегеніміз біреуді күштеп оған дінді қабылдату – Ислам дініне жат әрекет.
Құран – адамзатқа тура жол көрсетуші, ақ пен қараны айырушы кітап. Ислам діні келгелі бері араб түбегінде бұрын-соңды болмаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды. Содан бері 14 ғасыр өтсе де хақ дініміз өзінің асыл құндылықтарын жоғалтқан емес. Адайда кейбір дін дұшпандары тарихты бұрмалап, ислам қылыштың жүзімен таралған деп теріс оқытты.
Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресі 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ»- десе, Нахл сүресі 125-аятында «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр» — деп, адамдарға сыпайы түрде насихат жасау керектігін баян етеді.
Біздің ұлттық мәдениетіміз қазақ халқының басқаға ұқсамайтын болмысын қалыптастырған, оның құндылық бағдарларын айқындаған ханафиттік мазхабтың суниттік бағытындағы исламмен ажырағысыз байланыста. Қазақтың ұлан-ғайыр даласына тараған сайын ислам ұлттық дүниетанымның және мәдениеттің ажырағысыз бөлігіне айналды. Келе-келе ол діни үдерістердің және қазақ дәстүрі мен салтының синтезіне айналды. Бұл ретте бізге өзіміздің исламды қалай қабылдайтынымызға ұялудың қажеті жоқ, ол біздің мәдениетімізді, дәстүріміз бен менталитетімізді ескере отырып бейімделді, ол исламның шынайы қағидаттарын ұстана отырып, табиғи түрде өз ерекшеліктерін сақтайтын болады.
Құранды оқыған, хадисті түсінген адам жаманшылық атаулыдан алыс болатыны айдан анық. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммад с.а.с қашанда адамдарды бауырмалдыққа, ауыз бірлікке, көркем мінезді болуға шақырған.
Алла Тағала тәуелсіз еліміздің тұғырын кашан да биік етіп, халқымызға ауызбіршілік, ынтымақ бергей.