Еліміздің діни жағдайын айтқан кезде жастар туралы айтпай кету мүмкін емес. Қазіргі уақытта жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Кез келген діни ғимаратқа кіре қалсақ, ондағы жастардың көп екенін көруге болады. Бұл дінді ұстанушы тұрғындардың басым бөлігін жастар құрайтындығын көрсетіп тұр. Бірақ жастар дәстүрлі діни бірлестіктерге барып тұрса ғана ғой, олардың дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына түсіп кететіндері де бар.
Еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың, соның ішінде жастардың діни сауатын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихаттау топтары әрбір облыста, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 2014 жылы сәуір айында құрылды. Топ құрамына діни қызметкерлер, конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының қызметкерлері, жастар ісі комитетінің мүшелері кіреді. Жастар ақпараттық-насихаттау тобының негізгі мақсаттары – жастардың әртүрлі топтарының дін саласындағы негізгі түсініктерін қалыптастыру, жастар арасында толеранттық пен қазақстандық қоғамның рухани бірлігі идеясын қалыптастыру, қоғамда жалған сипаттағы діндердің және радикалдық ұйымдар мен ағымдардың идеяларының таралуына тосқауыл қою, қоғамда діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын идеологиялардың таралуын жүгендеу.
Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында облыс орталығының және облыс аудандарының орта мектептерінде, жоғары және орта орнаулы оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қатар, топ мүшелері дәрістер оқиды, кездесулер өткізеді, ақпараттық материалдарды таратады, радикалдық діни идеологияны ұстанатындар арасында мақсатты бағытталған түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады және радикалдық-экстремистік идеологияның ықпалына ұшыраған жандарды оңалтады.
Социологиялық зерттеулер өздерін дінді ұстанатындардың қатарына жатқызатын жастардың көп бөлігі дінге отбасындағы тәрбие ықпалымен келгендігін көрсетеді. Екіншісі – жастардың дінге өздерінің рухани ізденістері нәтижесінде келуі. Келесі сатыда – респонденттердің дін жолына өз таныстары мен достарының ықпалымен келгендер. Яғни, жастардың дінге келуін оның қоршаған әлеуметтік ортасымен және басқа да әртүрлі жағдайларға қатысты бірнеше факторлармен айқындауға болады. Осы деректер және күнделікті өмірдегі қарапайым бақылау жастардың дінге келуі мен ұстануында олардың ішкі ізденістерінен гөрі, сыртқы факторлардың ықпалы басымдау екендігін көрсетеді.
Социологиялық зерттеу нәтижелері ел жастарының басым бөлігінің ислам дінін және православиені ұстанатынын көрсетіп отыр. Бұл ел тұрғындарының ұлттық үлес салмағына сәйкес келеді және жастардың дінді таңдауда өз ұлтының сан ғасырлардан келе жатқан сеніміне басымдық беретінін білдіреді. Және де жастар арасында шетелдерден келген жаңа діни ағымдардың таралуы да біршама орын алып отырғаны белгілі. Бұл құбылысқа тұрғындардың сенім еркіндігінен туындайтын таңдау еркімен қатар, олардың діни сауатсыздығы, жаңа діни ағымдардың адам санасына психологиялық әсер етудің тиімді формалары мен әдістерін қолдануы, жастардың әлеуметтік және материалдық тұрғыдан қорғалмауы және өзгелердің көзқарасына тәуелді болуы тәрізді факторлар да үлкен ықпалын тигізіп отыр. Осындай үрдіс келешекте жастардың бір бөлігінің басқа діни ағымдарға өту қаупі барын көрсетіп отыр. Мұндай ағымдардың таралуы елдегі діни ахуалды шиеленістіріп, ішкі саяси тұрақтылыққа қатер төндіретіндігін ескеру керек. Бұл өз кезегінде қоғам тарапынан мұндай факторлардың орын алуына тосқауыл қою қажеттігін естен шығармауымыз керек.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі”, – деп ұлағатты сөз айтқан. Бұл жағдай адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды.