Жазғы демалысты тиімді өткізейік

Жаз мезгілі жыл бойы күткен демалысқа шығумен қатар деннің саулығын жақсартуға және өзін-өзі дамытуға көңіл бөлуді талап ететін уақыт. Үлкендер демалыстарын отбасымен бірге өткізуді армандаса, балалар, керісінше, демалыс күндерін  басқа қалада, жаңа достарының арасында, ерекше өткізуді қалайды. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дегендей, әрбір ата-ана баласы үшін қатты уайымдайтыны рас. Бірақ баланың өсіп-дамуына, өмірге деген жеке көзқарасының қалыптасуына қоғамның әсер етпей қоймайтыны анық. Қоғаммен қарым-қатынаста болмаған адам жеке, әлеуметтік тұрғыдан қиыншылықтарға тап болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: «Адамдармен араласып, олардан келген қиыншылықтарға сабыр еткен мұсылман, шетке шығып олардан келетін қиыншылықтарға сабыр ету сауабынан махрұм қалған мұсылманнан үстем болады», – деген[1]. Алайда, ата-ана баласының кіммен араласып жүргенін, уақытын қалай өткізетінін білуі міндетті.

Осы орайда, жазғы демалыс мезгілінде мешіт жанынан ашылатын лагерьлердің маңызы орасан зор. Өйткені онда баланы жақсы әдепке үйретіп, ұлттық тәрбие берумен қатар инабаттылық, имандылық, тазалық, шыншылдық сияқты сипаттарды дәріптейтін сабақтар өтеді. Сонымен қатар демалыс күндері ұмытылмастай қызық өту үшін балалар арнайы бекітілген қызметкермен бірге қаланың көрікті жерлеріне барып, экскурсия жасалынады, мешіт ауласында спорттық ойындар өткізіледі. Балалар күнделікті тамақпен қамтамасыз етіледі.

Сондықтан балаларыңыздың жазғы демалыс күндерін рухани һәм пайдалы өткізулерін қаласаңыз, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде ұйымдастырылатын лагерьге жазылыңыздар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағанына байланысты мешіт ұстаздары балалардың жас ерекшеліктері мен денсаулығын, қабілеттерін ескере отырып, діни дәрістермен қоса, әдеп, тәрбие, ұлттық құндылықтар туралы сабақ береді.

Аллаһ тағала Қасиетті Құран кәрімде білімді мен білімсіздің аражігін ажыратып, білімге ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін мына аяттарда ашық көрсеткен: «Сондай білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?»[2], «Аллаһ иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді»[3]деген. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде ілім алудың әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз екені айтылады. Сонымен қатар қазақ зиялылары Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ірі тұлғалардың алғашқы дәрістері медресе қабырғаларынан алынғаны баршамызға мәлім. Сондықтан ата-бабаларымыздың жолын ұстанып, салт-дәстүрлерімізді сақтай білсек үлкен жетістіктерге жететініміз сөзсіз.

Қорыта келе айтарымыз, Алланың үйінде рухани тәлім-тәрбие алып, діни ілімнен сусындаймын деген ниеті бар жандарға есігіміз әрдайым ашық. Лагерь маусым айының 2 жұлдызынан жұмысын бастайды.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

 

 

 


[1] Тирмизи, И. Мажә, Ахмед, Бәйһақи

[2] Зумар сүресі, 9-аят

[3] Мужадала сүресі, 11-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲