ДЕР КЕЗІНДЕ ЖЕТКЕН КӨМЕК

Тілсіз жаудан жапа шеккен Тоқмағанбетовтер жанұясының бүгінгі жай-күйі жан баласы қызығарлықтай емес. Бір пәсте үйі өртке оранып, бес баламен бірге баспанасыз қалған отағасының ойы сан-саққа кетіп, шарқ ұрады. Жылдар бойы жинаған дүние-мүлкі, барлық құжаттарға дейін отқа отын болғанын, үйінің күл-талқаны шыққанын ойласа, өз көзіне өзі сенбейді. Тек жұбайы екеуі жұмыста болған кезде орын алған опатты жағдайдан балалары бас сауғалап қашып шығып, аман қалғанына Аллаға шүкір дейді.

Ақжар ауылының саяжайында тұрған жас отбасының жағдайы жерлестерін бей-жай қалдырмады. Көмек қолын созуға асыққан абзал жандар азық-түліктей, басқа да жәрдемдерін жеткізуде.

Кеше облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің қайырымдылық шараларына басты жауапты қызметкері Мәжит Әбішев пен мешіт ұстазы Кенжегүл Қошқарова Тоқмағанбетовтер жанұясымен тікелей кездесіп, тілдесіп қайтты. Мешіттің «Сен де үлес қос!» акциясының атынан оларға киім-кешектер, көрпе-төсек, 2 дана кілем, 4 дана төсеніш және ыдыс-аяқ апарып берді. Сондай-ақ, 18 кг азық-түлік берілді.

Отағасының ең әуелгі алаңдайтыны – баспана. Себебі жаз аяқталуға таяды. Қара суық күздің қатты желі соғып, одан қала берді көзді ашып-жұмғанша қылышын сүйретіп қыс та келіп қалар. Сондықтан баспана мәселесін шешу – басты орында.  Осы орайда, мұсылман бауырларына көмек ретінде мешіт жамағаттары алдағы сенбі күні үме ұйымдастырмақ. Қаңқасы қалған үйдің орнын тазартып, бірінің қаржылай, енді бірінің құрылыс материалдарымен әкелген көмегі арқылы шама келгенше шатыр көтеріп, шағын там салуға көмектеспек.

Қайырымды іске үлес қосамын деушілеріңіз болса, қалыс қалмаңыздар!

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲