Хижрат дегеніміз не және оның үкімі мен шарттары қандай?

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

«Хижрат» – араб тіліндегі «хажара» деген түбірден шыққан «тәрк ету, қалдыру» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы мұсылмандардың діни сенімдері (мұсылман болғандықтары) үшін дінсіздер тарапынан қысым, зардап көріп отырған бір жерден басқа бір жерге қоныс аударуды білдіреді.

Ислам ғұламалары хижрат етуді екі түрге бөліп қарастырған. Ғұламалардың сұлтаны деген атаққа ие болған Әл-Ғиз бин Абдуссалам хижраттың осы екі түріне былайша тоқтаған:

1. Рухани хижрат. Ол, дінсіздікті тастап исламға келу, бидағатты тастап сүнетке жету, серік қосуды тастап Алланы бір деп білу, күнәлардан арылып Аллаға бой ұсынуға көшу. Хижраттың осы түрін ғұламалар ең абзал және маңызды хижрат деп санап, әрбір мұсылманмын деген пендеге хижраттың осы түрін жасауды уәжіп деді. Мына хадис бұған нақты дәлел болып табылады:

عن عبد الله بن عمرو ـ رضي الله عنهما ـ عن النبي صلى الله عليه وسلم قال :»المسلم من سلم المسلمون من لسانه ويده، والمهاجر من هجر ما نهى الله عنه».

Сахих Бұхариде риуаят етілген Абдулла ибн Амрдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деді: «Мұсылман деген оның тілінен және қолынан ешбір мұсылмандар зардап шекпесе сол нағыз мұсылман, ал нағыз хижрат етуші ол Алланың тыйған нәрселерін тәрк етуші». (Бұхари риуаяты).

2. Шынайы хижрат. Ол бір жерден екінші жерге көшуді айтады. Хижрат етудің бұл түрінің үкімдері көшетін мемлекеттен көшіп баратын мемлекеттің діни нанымдарына байланысты өзгеріп отырады.

Пәтуа шығару Қазақстан халқының мұсылмандарына байланысты болғандықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ғұламалар алқасының пәтуа бөлімінде талқылап шығарған пәтуасы ұсынылады.

Үкім:

Хижрат жасаудың негізгі шарттары, ол мұсылманның тәрк ететін отаны дінсіз қоғам болып, сонымен қатар сол елдің басшылығы мұсылман емес, ислам дінінің негізгі құндылықтарына қарсы келіп, мұсылмандарға исламның маңызды рәміздері мен рәсімдерін атқаруға тыйым салып, қысым көрсету жағдайы орын алуы шарт. Атап айтқанда: мұсылмандардың негізгі құндылығы исламның бес парызына (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасауды) тыйым салынуы, азан айттырмау, мешіттерді түгелімен жабу және мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қойылған жағдайда ғана мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуі міндет етіледі.

Мұндай жағдайға мысал келтірер болсақ: Кеңес өкіметінің алғашқы атеиістік биліктің қысымына, зорлық-зомбылығына ұшыраған ата-бабаларымыз өзінің дінін, тілін, дәстүрін сақтап қалу үшін басқа жұрттарға қоныс аударуға мәжбүр болғандығы тарихтан мәлім.

Ал, қазір Аллаға сансыз шүкір, еліміз егеменді, басшымыз мұсылман, мешіттеріміз ашық, құлшылықтарымыз емін-еркін, діни мейрамдарымыз көңіл толтырарлықтай аталып өтілуде.

Жоғарыдағы хижрат амалының шариғаттағы ұғымы мен шарттарын ескере келе, кейбір қателескен ағымдардың «Елімізден басқа елдерге хижрат жасауды міндет деп санауы» хижрат амалының бастапқы шарттарына қайшы келеді. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Бұхари мен Муслимде риуаят еткен хадисінде:

«لا هجرة بعد الفتح»

«Меккені ашқаннан кейін хижрат жасау жоқ«- деді.

Бұл хадистен мұсылман елінен өзге бір мұсылман елге хижрат жасаудың қажеті жоқ екенін түсінеміз. Өйткені Мекке қаласын мұсылмандар алғаннан кейін мұсылман өлкесіне айналып Мединеге және басқа мұсылман өлкелеріне көшу тоқтатылды. Осы хадиске сүйене отырып, исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен хижрат жасаудың ешбір қажеттілігі жоқ деген шешім шығарылады.

والله اعلم بالصدق و الصواب

ҚМДБ,Шариғат және Пәтуа бөлімі

Return to Top ▲Return to Top ▲