«Хизбут-Тахрир» ұйымы жайлы пәтуа

 بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

91f73f0a0511f99001645c692ff1c232

Соңғы жылдары Аллаһ Тағаланың рахымымен Исламның қарқынды дамуы жэне мұсылмандар санының арта түсуі байқалуда. Әлбетте, бұл жәйт бізді қуантады. Бұл үшін Жаратқан иемізге шүкірлік етеміз.
Әйтсе де Аллаһ Тағаланың рахымын қабылдамай Қасиетті Құран мен хадистерге қайшы іс-әрекеттері арқылы ислам ілімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүрген Ислам атын жамылған діни ағымдардың белсенділігі қынжылтады. Сондай ағымның бірі «Хизбут-Тахрир» партиясы. Арабша «Хизб»- ұйым, партия, ал «Тахрир»- азаттық мағынасын білдіреді. «Хизбут-Тахрир» партиясының негізін Таки ад-Дин Набахани 1952 жылы Палестинада қалаған. Өз мүшелерінің санын көбейту мақсатымен ол партия атауына исламды да қосып, алдарына 13 жылда халифат құру міндетін қойды. Бірақ көрсетілген мерзімде партия мүшелерінің саны өспеді, бірде бір араб мемлекетінде халифат қүрылған жоқ. Тіпті араб елдерінің өзі «Хизбут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын құптамайды. Хизбутшылар ислам атынан таратқан әдебиеттерді де (кітапшалар, парақшалар) мұсылман әлемінің ғүламалары мен діндарлары мойындамайды, теріске шығарады. Шынында да олардың «Әл-Мавсуату эл-муяссара фи-л-адиян….» кітабындағы:

• Қабір азабын теріске шығаруы;

• Жалаңаш бейнелерді, суреттерді (порнография) көруге рүқсат етуі;

• Солтүстік полюстегі адамдардың намаз оқымауына, ораза ұстамауына рұқсат беруі;

• Мұсылман еместер (кәпір) мен әйелдерді аталмыш партияға мүшелікке қабылдайтыны;

• Мұсылман емес кісінің мұсылман елін басқара алады деуі және т.с.с. шариғатқа қайшы келеді.

«Хизбут-Тахрир әл-Ислами» партиясы біздің мемлекетіміз мұсылмандары арасына да жік салуда. Өкінішке орай кейбір жастарымыз мәселенің мән-жайына бармай теріс уағызға көзсіз көбелектей ілесіп, олардың қатарына қосылып қалғанын аңғармай жүр. Қазақстан халқының көпшілігі мұсылмандар (70 пайыз) екеніне қарамастан олар жұртымызды «кәпірлер елі» деп атайды.

Жоғарыда аталған деректерге сүйеніп «Хизбут-Тахрирді» Исламды бет перде еткен, халифатты аңсаушы, саяси кертартпа партия деуге толық негіз бар.

Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) халифат туралы: «Мен дүниеден өткеннен кейін халифат 30 жылга созылады, содан соң әмірлік пен патшалық басталады»,-деген. (Имам Тирмизи мен Имам Ахмад ибн Ханбал риуаят еткен). Хадис шәріпте: «халифат құру Исламның басты мақсаты емес»,-деп атап көрсетілген. Осындай хадистердің бірін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қасиетті Меккеде исламды насихаттап жүргенде мүшіріктер Әбу Тәліпке келіп: «Ей, Әбу Тәліп, бауырың Мұхаммедке айт, біздің құдайларымызды қорламасын, егер байлық пен билік қаласа, біз оған ондай мүмкіншілікті береміз»,-дейді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Маған байлық та, билік те керек емес. Тіпті, менің оң қолыма күнді, ал сол қолыма айды берсе-дағы мен өзімнің жалғыз Аллаһ жолындағы уағыз-насихатымнан бас тартпаймын»,- деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам мемлекеті мен билікті немесе халифат кұру туралы емес, тек бір Аллаға иман келтіріп, шариғат заңдарын сақтау қажеттігін айтты. Мұнан көрініп тұрғанындай «Хизбут-Тахрир» партиясының мақсаты Исламға кереғар, бұл ұйым қандай жолмен болса да саяси билікке жетуді көздейді. Баршаға белгілі Ислам діні бір Аллаға сенуге және ынтымақ пен бірлікке шақырады. Құран Кәрімде: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап айырылмандар»,-деген (Әли Имран сүресі, 103-аят).

Мұсылман бауырлар!

Біз сіздерді «Хизбут-Тахрир» партиясының үгітіне құлақ аспауға, соңынан ермеуге шақырамыз:

1. «Хизбут-Тахрир» партиясының қызметі Ислам қағидалары мен ұстанымдарына сәйкеспейді. Ол мұсылмандар арасына жік салу үшін арнайы қүрылған партия;

2. «Хизбут-Тахрир» партиясының үгіт-насихаттық әдебиеті (кітапшалар, парақшалар) исламдық ілімге қайшы, кертартпа болуы себепті пайдаланылмасын;

3. Барлық мешіттің иамамдары еліміз түрғындары арасында «Хизбут-Тахрир» партиясы насихатының мұсылмандар үшін жат екендігі туралы түсінік жұмыстарын үнемі үзбей жүргізсін;

4. Әрбір имам мешіт жамағатымен бірлесе отырып мұсылмандар арасында «Хизбут-Тахрир» партиясы үгітінің таралуына жол бермесін;

Алла Тағала баршамызды өзінің хақ жолына салғай! Түрлі бәле-жала, қауіп-қатер, кесапаттан, ақырзаман пітнәсынан сақтағай. Халқымыздың ынтымағы мен бірлігі артып, еліміз күннен-күнге гүлдене бергей! Әмин!

ҚМДБ, Шариғат және пәтуә бөлімі

Return to Top ▲Return to Top ▲