Рияшылдық

  • 1  936 рет оқылды
  • «Өсек, өтірік, мақтаншақ,

    Еріншек, бекер мал шашпақ –

    Бес дұшпаның білсеңіз»

    Абай

    Мақтаншақтық, көзбояушылық ізгі амалдарды, жасаған жақсылықтарды бұзады. Себебі, бір нәрсені өзінің барынан керісінше етіп көрсету рияға жатады. Басқаша айтқанда, істеген жақсылықтарын, құлшылықтарын жұрт көрсін деген ниетпен өзін жақсы жағынан көрсету болып табылады.

    Ұлы Жаратушымыз бұл жайында: «..Олар адамдарға рияшылдық жасайды. Аллаһ Тағаланы өте аз еске алады», ( Ниса сүресі, 142)- деп атап өтсе, Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмбетім үшін ең қатты қорқатын нәрсем, ол кіші шірк»,- дейді. Сонда сахабалар: «Ол не, Иә Расулалла?»-деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз «Үмбетімнің Күнге, айға, тасқа табынулары ақылға сыймайды. Бірақ амалдарында рия жасайды»,- деп жауап береді. (Ахмад, Бәйһақи “Зуһд”. Сахих хадис).

    Ал, Абай атамыз: «Өсек, өтірік, мақтаншақ,

    Еріншек, бекер мал шашпақ –

    Бес дұшпаның білсеңіз»,- деп осы мақтаншақтықтың орға жығар, нәпсінің айдауына жетелер дұшпанның бірі екенін білдіріп, бойды аулақ ұстауға шақырады.

    Қазіргі ғаламтордың дамыған заманында әрбір адамның әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Сол парақшаларды қарап отырып, кейбір адамдардың әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қайырымдылық жасағандарын жария еткендіктерін көреміз. Тиынның екі жағы болғанындай бұл мәселені де екіжақты қарауға болады. Біріншіден, жаңалық оқып отырған адамды жақсылық жасауға үгіттейді. Оның жүрегіне бір кішкентай болса да, жақсылыққа деген сәуле ашары хақ. «Жақсылықта жарысыңдар» деген Алланың аятын басшылыққа алып, мен де мұндай жақсылық істей аламын деп, қолынан келгенше көмек қолын созуына жол ашады. Бірақ, оның амалының рия немесе рия болмауы тек ниетіне байланысты. Өйткені, асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Амалдар ниетке байланысты» деген болатын. Бүгінгі таңда таза ниет, шынайы ықыласпен қайырымдылық жасаушы жандар баршылық. Мешітте қызмет еткендіктен көптеген қайырымды жандарды кездестіреміз. Олардың шын жүректен жасаған жақсылықтары істерінен байқалып тұрады. Мысалы, 130 жылдан астам тарихы бар Петропавл қалалық «Нұр» мешітіне кілем, дыбысзорайтқыш, мінбер, терезе ауыстырып берген намазхан азаматтар өз аттары аталмауын сұрап, бір Алладан ғана сауабын күтетіндіктерін айтып, көпшілікке үлгі көрсетті. Мұндай жақсылықтар бүкіл мешіттерде орын алатынына күмәнім жоқ. Себебі, жүректері шынайы Алла деп соққан әрбір жан Жаратушының игілігінен үміттенеді. Құран тілімен айтқанда: «Міне солар жаратылғандардың жақсысы». (Бәиина сүресі, 7 аят).

    Мұндай шынайы ықыласпен амал етушілерді біз Пайғамбарлар өмірінен көрдік. Құранда: «Алла Елшісінде көркем үлгі-өнегелер бар»,-деп, Олардан үлгі алуға шақырады.

    Абай атамыз:

    «Алла бір әуелден Пайғамбар хақ,

    Мүмін болсаң, үйреніп, сенде ұқсап бақ!»,-деп Пайғамбарымыздан үлгі алуға үндейді. Иә, Олардың (ғ.с.) күллі игі амалы мен ниетінде терең ықылас жатыр. Олар пайғамбарлық міндетін атқару барысында бүкіл қиындықтарға мойымай қарсы тұра білді және ізгілікті дәріптеп, жақсылыққа шақыру ісінде ешкімнен де ақы талап етпеді. Бәрінің аузынан бір-ақ ауыз сөз төгілді:

    إِنْ أَجْرِيَ إِلاَّ عَلَى اللّهِ «Менің ақымды тек Алла Тағала ғана береді». (Һуд, 29, 51; Шуара, 106-109; 142-145; 161-164: Саба, 47)1.

    Олардан кейін сахабалар риясыз ықыластың терең үлгісін көрсете білді. Бар мал-мүлік, жан-дүниесін Алла жолында сарп ете білді. Әбу Бәкір (р.ғ.) тіпті Алла жолында бар дүниесін жұмсап, отбасына тек қана Алла ризалығын қалдырғаны тарихтан белгілі. Хазреті Омар, халифа болып тұрып, түндерде көше аралап, тұрмысы төмен жандарға азық-түлік әкеп, есіктерінің алдына қойып, жасаған жақсылығы қара түнге сіңіп кете беретін. Сол саңлақ сахабалардың кейбірі тіпті өмірден өткенде кебіндейтін мата да табылмай қалған кездер болды. Міне, солар амалдарында кіршіксіз, риясыз Хақтың разылығы болған ізгі жандар еді.

    Сондықтан да әрбір мұсылман адам амалдарында рияшылдықты қоспауы, амалда тек Алланың ризалығына қауышу ғана болуы тиіс. Өйткені, Ықылас, ниет кім үшін болса, алғыс содан күтіледі. Пайғамбарымыздың дәуірінде сахабалар дін үшін Мединеге хижрет (көшіп) етіп жатқанда, бір адам Мединеде тұратын өзі жақсы көрген бір әйел үшін хижрет етеді. Сонда оның хижреті тек қана әйел үшін болып қалған-ды. Яғни, сырттай дін үшін мал-мүлкін тастап басқа қалаға көшкендей көрінгенімен ниеті әйелге қол жеткізу болғандықтан амалының нәтижесі де сол болды.

    Иә, көзге көрсету, мақтау күту немесе дүниелік бір мансапқа жету үшін, адамдардан қолпаштау күту үшін істелетін жақсылықтар болса, рия болып, сауабы жойылып кетеді. Рияшылдықтың белгілері ретінде көп нәрсе айтуға болады. Мәселен, бір адам мешітке келгенде басқалардың көзінше өзін шаршаңқы, терең ойдың құшағында жүрген адамдай көрсетуі мүмкін. Сырт көрген адам оның бұл түріне қарап, түнімен ғибадатта болған екен деп ойлап қалуы ғажап емес. Немесе жұрт алдында көп намаз оқып, жеке қалғанында жылдам бітіріп, аз тамақ жеп, тіпті киімін тазалауға құлшылықтан қолы тимегендей сыңай танытуы да көпшілікті басқа ойға салуы мүмкін.

    Сондай-ақ, бір адам жұрт алдында ақылды, қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ оңашада алдына бір кембағал, не өзінен дәрежесі төмен адам келсе, оған мұрнын шүйіріп ісіне қарауы оның шынайы келбетін көрсетеді.

    Бір жомарт адам мешіт тұрғызуы мүмкін. Бірақ «бәленше мешіт салыпты» деп айтсын деген ниеттен туындаса, егер адамдар ол туралы осылай ойласа, ол дүниелік мақсатына қол жеткізгенімен ақыретте амалдары күйіп кеткен топпен бірге болады. Сондай-ақ, қандай да бір амалын жұрт алдында айтып мақтанар болса, ниеті жұрттың мақтауын күту болғандықтан ол да рияға жатады. Өйткені ол нәпсісіне тізгін беріп, Алланың көріп тұрғандығын естен шығарып алды. МәшҺүр Жүсіп бабамыз:

    «Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,

    Міне қалса жортқызып, желгізбей бақ.

    Өзін-өзі бағуға көп әл керек,

    Көш соңында көңілді жүргізбей бақ!»,-дегенде осы нәпсіні еркіне жібермей, амалды Алла ризалығы үшін ғана істеу керектігін баса айтқандай. Осы орайда, Иса (ғ.с.)-нің: «Ораза уақытында өзіңді жігерлі ұста, себебі адамдар сенің ораза екеніңді аңғарып қалмасын»,-деген сөзі, рияшылдықтан аулақ болу үшін айтылған болса керек.

    Істеген ісін мақтанып, жұрттан қолпаштау күткендерге келетін болсақ, хадисте: «Жақсы амал істеген адамның амал дәптеріне жасырын істелген амал ретінде жазылады және сауабы жетпіс есе арттырылады. Ол адам бұл амалын жаятын болса, ашық істелген амал сауабы жазылады. Арттырылған сауаптар өшіріледі. Бұл амалын барлық адамға айтып, атының аталуын және мақтануды ұнатса, ашық істелген амал сауабы да өшіріледі, мақтаншақ, рия ретінде жазылады».(Бәйһақи)

    Ал, төмендегі хадисте Қиямет күні рия үшін істегендердің жағдайы қандай болатынын ұғуға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күнінде алғаш шақырылатындар: Құранды жаттаған қари, Алла жолында өлген адам және көп дүние-мүлікке ие болған кісі. Алла Тағала әуелі Құран жаттағаннан: – Мен саған пайғамбарыма түсірілген Құранды үйретпедім бе? – деп сұрайды. Ол: – Иә, Раббым, – деп жауап береді. Алла Тағала: – Білгендеріңмен қалай амал еттің? – деп қайта сұрайды. Әлгі адам: – Мен оны күндіз-түні оқыдым, – дейді. Алла оған: – Жалған айттың, – дегенде, періштелер де қостап «өтірік айтасың» дейді. Аллаһ Тағала оған: – Керісінше «пәленше Құран оқиды» деп айтсын деген ниетпен оқыдың және ол ниетіңе іс жүзінде қол жеткіздің де, – дейді. Содан кейін дүние-мүлкі көп адам әкелінеді. Алла: – Мен саған көп дәулет бермедім бе? – деп сұрайды. – Тіпті көп бергенім соншалық ешкімге күнің түсіп көрген емес, – дейді. Бай адам:-Иә, солай Раббым, – дейді. – Берілген мүмкіндіктермен қалай амал еттің? – деп сұрайды Алла Тағала. Әлгі бай сонда: – Туыстық қарым-қатынасымды үзбедім, садақа бердім, –дегенде, Алла: – Жоқ, сен «пәленше жомарт» екен деп айту үшін бердің. Бұл да айтылды, – дейді. Содан кейін Алла жолында өлтірілген адам сұраққа тартылады. Алла одан да: – Кім үшін өлтірілдің? – деп сұрайды. Ол: – Сенің жолыңда жиһадқа бұйырылдым. Мен қасық қаным қалғанша, кеудемнен жаным шыққанша аянбай соғыстым, – дейді. Хақ Тағала оған: – Өтірік айтасың, – дейді. Періштелер де «өтірік айтасың» деп

    қосылады. Алла Тағала оған қайтадан: – «Пәленше батыр екен десін» деп іштей мақтау-марапат күттің және дегеніңе жеттің. Солай айтылды да, – дейді. Содан кейін Алланың Елшісі Әбу Һурәйраның тізесінен соғып: – Әй, Әбу Һурәйра! Осы үш адам қиямет күнінде жаһаннам отын алаулататын Алланың мақұлығы, – деді». (Муслим, Имарат 152; Тирмизи, Зуһд 48).

    Хадистен Алланың шынайы ықыласты құлдары ғана азаптан құтылатындығын көруімізге болады. Тіпті намаздың өзінде терең ықылас болмаса жауабы қиын болары хақ. Алла Тағала «Мағун» сүресінде: «Мынадай намаз оқығандардың хәлі қандай жаман!»,-деп яғни, намазға жығылған сияқты көрініп, өздерін мұсылман танытқысы келген адамдар жайлы ескертеді. Келесі аятта: «Олар намаздарын немқұрайлы оқиды». Яғни, намаздарына мән бермей, «жаңылысып оқитындығын» айтады. Тәпсір кітаптарында жаңылысып оқу дегеніміз намаздың қадіріне мән бермей, уақытында оқымай, оқыса да немқұрайлылықпен оқып, көпшілікпен бірге намазға тұрып, жалғыз қалғанда есіне де алмау деп түсіндіреді. Әрі қарай аятта: «Құлшылықтарын рияшылдық үшін жасайды»,-деп жалғастырады. Бұл аяттар Меккелік дінсіздер мен мұнафықтарға қатысты болғанымен мұсылмандарға да қатысы бар. Кей жағдайларда жұма намаздарына келген кейбір адамдар кеш келгеніне қарамастан, адамдарды аттап өтіп, алдыңғы қатарға отырып жұрттың назарын өзіне аударып жатады. Бұл да рияға жақындатады. Себебі, алдыңғы қатарға отырғысы келген адам ертке келіп жайғасуы сауабы мол екенін Алла Елшісі хадистерінде айтқан болатын. Сондықтан ғибадатты Алла үшін жасайтын болғандықтан жұрттың назарын аудармай, шынайы ықыласпен жасау ғана қияметте құтқарады.

    Бұқар Жырау бабамыз:

    «Діл мұсылман болмаса

    Тіл мұсылман не пайда»,-деп, жан дүниесі мұсылман болмай, сырт бейнесі мұсылман болғанның пайдасы жоқ екенін тілге тиек етуі жай емес.

    Рияшылдықтан сақтану үшін не істеу қажет деген сұрақта орынды тууы мүмкін. Ол үшін ақыретті, өлімнен кейінгі өмірді көбірек ойлау керек.

    Сондай-ақ, Иман, Исламмен егіз ихсан тұғырына қол жеткізе білу. Яғни, Алла Тағаланың әрбір ісімізді бағып тұрғанын естен шығармау. Бүгінгі таңда кез келген жұмыс орнында бейнебақылау камералары орнатылған десек артық айтқандық болмайды. Міне, осы бейнебақылау камерасы аясында жұмыс істеп жатқан адамдар аяғын қалт баспауға, басшының көзіне оғаш түспеуге тырысады. Тура осы секілді ихсан тұғырын иеленген жанда рияға аттап баспайтыны хақ.

    Хадисте: «Қияметте басқа пана табылмаған күнде Алла Тағаланың панасындағы жеті адамның бірі – берген садақасын жасырған, оң қолының бергенінен сол қолының хабары болмаған адам»,- деген. (Бұхари).

    Сондықтан да біз қазақ халқы ежелден «оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесің»,-деп өскен елдің ұрпағымыз. Ендеше, көзбояушылық, мақтаншақтық, өркөкіректіктен сақ болайық. Құранда:

    يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُبْطِلُواْ صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالأذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاء النَّاسِ

    وَلاَ يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ صَفْوَانٍ عَلَيْهِ تُرَابٌ فَأَصَابَهُ وَابِلٌ فَتَرَكَهُ صَلْداً لاَّ يَقْدِرُونَ عَلَى شَيْءٍ مِّمَّا كَسَبُواْ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الْكَافِرِينَ

    «Ей, мұсылмандар! Аллаһ Тағалаға, ақырет күніне сенбей, елге (мақтанып) көрсету үшін мал-мүлкін жұмсаған адамдай садақаларыңды міндетсу мен ренжіту арқылы жоймаңдар. Олар үстінде топырағы бар тас тәрізді. Оған қатты жауын жауа қалса, топырағын жуып-шайып кетеді де тасы ғана көрініп қалады. Олардың бар еңбектері еш болады. Аллаһ кәпір елді тура жолға салмайды», – дейді. (Бақара сүресі, 264).

    Сөз соңында, ел мен дін үшін істеген әрбір ісімізді мақтан қылмай Алладан жақсылығын күтейік. Бір жарлыға жасаған жақсылығымызды міндетсімей, жақсылықты риямен өшірмей, Алланың көріп тұрғанын ұмытпай, ықыласпен амал етейік, ағайын!

    Әбілхан ЖӘПШІЕВ,

    Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің

    бас имамы

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲