Басшыға бағыну – парыз

Мұсылман үмметінің алға басуының, оның күшеюінің алғы шарттарының бірі – басшыға бағыну, өзара бірлікте ынтымақта болу. 

Адамның табиғаты жаманшылыққа, бұзғыншылыққа бейім болғандықтан әр кез оларға тиісінше жаза беріп, үкім шығару үшін бір адамның кез келген бір қоғамда басшылық қамытын киюі міндетті амалдардан. Өйткені қоғамда басшы болмау күштілердің әлсіздерге, байлардың кедейлерге үстемдік қылып, қанауына жол ашады. Басшысы жоқ бұл қоғамға  Құран аяттарының үкімдері, пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті немесе мемлекеттік заңдары еш әсерін тигізе алмайды. Бұл үкімдер мен заңдар тек атқарушы орган, мықты басшылық болса ғана жүзеге асады. Қарапайым бағдаршамның өзін мысалға алсақ, егер ол жоқ болған кезде немесе бір сәт істен шығып қалса, көліктер кептелісі пайда болып, жол апаттарының орын алуына апаруы мүмкін.  Бұл жай қарапайым бағдаршамның ісі егер бір сәт мемлекет басшысыз қалса не болмақ, әлбетте ол елде тәртіпсіздік орнары айдан анық, өйткені мемлекет басшысының қызметі тек елді тәртіпке келтірумен бітпейді. Оның қызметік функциясына елдің басқа елдермен қарым-қатынасы, экономикасы, қауіпсіздігі, сауаттылығы, заңдардың атқарылуы, елдің кеңшілікте өмір сүруі кіреді. Жеке қасиеттеріне келер болсақ, парасаттылық, ақылдылық, көшбасшылық, ұшқыр ойлылық, ұлтжандылық  негізгі қасиеттерден болып табылады.

Әрине бұндай ұлы жауапкершілікті тек бір адам мойнына алғандықтан оған айтылар сын, наразылық та сан-алуан болуы мүмкін. Дегенмен басты назар аударатын мәселе басшы бір, халық көп. Бір басшының бойында халыққа ұнайтын барлық қасиеттер болуы мүмкін емес, сондай-ақ мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі бұзғыншы топтардың да болуы мүмкін. Тарихтан белгілі болғандай ізгі халифалардың  кезінде де кейбір топтар арасында басшылыққа кінә тағып, қарсы шыққандар кездескен, бірақ тарихтан мәлім оның ешқайсының түбі жақсылыққа апармаған. Сол себепті басшы ол патша болсын, президент болсын немесе сол басшының тағайындағы өкілетті адамы болсын бағыну – міндет.

Басшыға бағыну – әрбір мұсылман үшін парыз амал. Бұл амалдың парыздығы Құран кәрім мен хадистерде бекітілген. Алла тағала Құран кәрімде:

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ فَإِن تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللّهِ وَالرَّسُولِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلاً}

Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы.[1]

         Алла тағала басқа бір аятта әмірге бойұсыну турасында :

{وَإِذَا جَاءهُمْ أَمْرٌ مِّنَ الأَمْنِ أَوِ الْخَوْفِ أَذَاعُواْ بِهِ وَلَوْ رَدُّوهُ إِلَى الرَّسُولِ وَإِلَى أُوْلِي الأَمْرِ مِنْهُمْ لَعَلِمَهُ الَّذِينَ يَسْتَنبِطُونَهُ مِنْهُمْ وَلَوْلاَ فَضْلُ اللّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ لاَتَّبَعْتُمُ الشَّيْطَانَ إِلاَّ قَلِيلاً}

 

Қашан оларға (мұнафықтарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны, Пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Алланың кеңшілігі, мейірімі болмаса еді, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді.[2]

         Басқа бір аятта Алла тағала пенделеріне дінге мықтап жабысуға бөлінбеуге шақырады:

{وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ }

         Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. [3]

Егер мұсылмандардың арасында бір басшы шығып, бірлікке татулыққа шақырмаса, ол қоғамның тоз-тозы шығып, құрдымға кетері анық Алла ондай қауымдар жайында:

{وَلاَ تَكُونُواْ كَالَّذِينَ تَفَرَّقُواْ وَاخْتَلَفُواْ مِن بَعْدِ مَا جَاءهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَأُوْلَـئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ}
          Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар.[4]

Пайғамбарымыздың мүбәрак хадисінде:

» من أطاعني فقد أطاع الله ومن عصاني فقد عصى الله ومن أطاع أميري فقد أطاعني ومن عصى أميري فقد عصاني »
«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынып-ты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсұнбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны»,[5] – дейді.

Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.а.у):
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :»اسْمَعُوا وَأَطِيعُوا وَإِنِ اسْتُعْمِلَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ حَبَشِيٌّ وَإِنِ اسْتَعْمَلَ عَلَيْكُمْ عَبْدًا حَبَشِيًّا كَأَنَّ رَأْسَهُ زَبِيبَةٌ» رواه البخاري

«Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да»[6].

         Адамның дүнелік, ақыреттік өмірің түзелуі тікелей басшыға байланысты ол жайында:

وقال سهل بن عبد الله التستري: » لا يزال الناس بخير ما عظموا السلطان والعلماء، فإن عظموا هذين أصلح الله دنياهم وأخراهم، وإن استخفوا بهذين، أفسدوا دنياهم وأخراهم» «الجامع لأحكام القرآن»للقرطبي

Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады»,[7] -деген.

Кезінде хазреті Әлидің билік құрған заманында мін іздеумен болған хауариждер[8] өзінің арам пиғылын іске асырмақ болып, Құрандағы:

﴿إِنِ الْحُكْمُ إِلَّا لِلَّهِ يَقُصُّ الْحَقَّ وَهُوَ خَيْرُ الْفَاصِلِينَ﴾

«Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…», – делінген,[9] «Әнғам» сүресінің 57-аятын елдің бірлігін бұзу үшін пайдаланбақ ниетте: «Үкімді тек Алла шығарады», – деп ел билейтін кісінің үкіміне бойұсынбайтындықтарын жариялады. Хазреті Әли: «Иә, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын, яки, тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ аспау қажет», – деп жауап беріп, бұл аяттың түп мағынасын елге түсіндіріп, хауариж ағымының теріс пиғылын паш етіп берді.[10]

Тағы бір хадисте:
وعن أبي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه و سلم : أنه قال: «من خرج من الطاعة ، وفارق الجماعة ، فمات ، مات مِيْتَة جاهلية »  .
Пайғамбарымыздан (с.а.у) Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша «Кімде-кім бағынуға қарсы шықса және жамағаттан бөлінсе, надандық дәуірінің өлімімен өледі.[11]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисінде:

« إِنَّهَا سَتَكُونُ بَعْدِى أَثَرَةٌ وَأُمُورٌ تُنْكِرُونَهَا ». قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ تَأْمُرُ مَنْ أَدْرَكَ مِنَّا ذَلِكَ قَالَ « تُؤَدُّونَ الْحَقَّ الَّذِى عَلَيْكُمْ وَتَسْأَلُونَ اللَّهَ الَّذِى لَكُمْ ». رواه البخاري و مسلم

Ибн Масғуд Пайғамбардың () былай деп айтқанын жеткізген: «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Ол кісіден: «Уа, Алланың Елшісі, сол уақытты көретіндерімізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», – деп жауап берді. [12]

 

Басшыға құрмет көрсету жайында Пайғамбарымыз (с.а.у):
و عن أبي بكرة رضي الله عنه قال : قال رسول الله صلى الله عليه و سلم – « من أهان سلطان الله في الأرض أهانه الله »
Пайғамбарымыздан (с.а.у) Әбу Бәкірден жеткен хадис бойынша «Кімдекім Алланың жердегі сұлтанын кемсітсе, Алла оны қорлайды.[13]

Тіпті шынайы мұсылман үшін басшының қыспағына сабырлық жасауы міндетті амалдардан ол жөнінде:
وعن ابن عباس رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم « من رأى من أميره شيئا يكرهه فليصبر عليه ، فإنه من فارق الجماعة شبرا فمات إلا مات ميتة جاهلية » البخاري ومسلم .
Ибн Аббастан жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Кімде-кім басшысынан ұнамсыз әрекет көрсе, сабыр етсін! Кім егер жамағаттан бір қарыс алыстаса, надандық дәуірінің өлімімен өледі»[14].
Сахабалар мен табиғиндердің және ислам ғалымдарының басшылық жайында сөздері:

Анас ибн Мәликтен жеткен хабар бойынша: «Біздерге үлкендеріміз Алла елшісінің (с.а.у) сахабалары: Басшыларыңды сөкпеңдер, оларға опасыздық жасамаңдар, Алладан қорқыңдар сабыр етіңдер» дейтін.[15]

Атақты сабахаба Әбу Дарда: «Екі жүзділіктің алғашқы белгісі басшыға қарсы шығудан басталады» [16]деді.

Бұхаридің «Китабу әт-Тарих» кітабында Ибн Аббастың көзінше қағбаны жаққан әл-Хаджажды балағаттағанда: «Шайтанға жәрдемші болма дегені» бар.

Әл-Хафиз ибн Ражаб: «Басшыларға бойұсынып, тағаттылық жасауда өмірдің бахыты, құл өмірінің реттілігі, сол арқылы діні байқалып, Раббысына итағаттылығы көрінеде[17].

Ибн әл-Мубарак: «Кімде-кім ғұламаларға немқұрайлы қараса, ақыретін жоғалтады, ал кім басшыларға немқұрайлы қараса, дүниесін жоғалтады, кім бауырларға немқұрайлы қараса, тақуалығын жоғалтады.[18]

Бадру әд-дин ибн Джамағаның ат-Тартушиден жеткізген хабары бойынша Құранның мына аятын: (Алла (Т.) адам баласының бірін-бірі арқылы қорғамаса, жер жүзі бұзылар еді. Алла, бүкіл әлемге кеңшілік иесі.[19] Бұл аяттағы бірін-бірі қорғау деген сөзді басшыларды жіберу арқылы Алла тағала жерде әділдік орнататынын жеткізеді, өйткені басшыларсыз әлемде тыныштық орнамайды, тек олардың болуы арқылы күшті әлсізге әлімжеттік қылмайды.[20]

Атақты фиқһ ғалымы Әбу Абдолла әл-Қалғи әш-Шафиғи: «Егер басшылар болмаса, Алланың үкімдері іске аспас еді, жетімдер пана таппай, халық бір-бірін жер еді,[21] деген.

Басшыға бой ұсынудың Алла алдында мәртебесі өте жоғары сонадай-ақ жеке өз тұлғасы үшін халық алдында пайдасы көп  солардың ішінен жекелей айтар болсақ:

Бірінші: Басшыға Алланың харам еткен нәрсесінен басқа әмірге бой ұсыну – ол Алла тағалының әміріне бой ұсынғанмен тең. Жоғарыдағы хадисте келгендей:

» من أطاعني فقد أطاع الله ومن عصاني فقد عصى الله ومن أطاع أميري فقد أطاعني ومن عصى أميري فقد عصاني »
«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бой ұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны»[22].

Екінші: Басшыға жақсы іске бойұсыну мемлекет тұрақтылығына, тыныштығына апарады. Егер мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі бірнеше топтар болса, олардың арасында болып тұратын дау-жанжалдардың нәтижесінде қарапайым халықтың тыныштығы бұзылып, үнемі қауіпті жағдайда күн кешеді.

Үшінші: Бір басшыға бағыну арқылы мемлекеттегі адамдардың бірлігі күшейіп, өзара сүйіспеншілігі артады.

Төртінші: Бір басшыға бағынған елді сыртқы жаулар ала алмайды. Кез келген сыртқы жау бір мемлекетті жауламас бұрын ішкі мемлекет басшылығына қарсы топтармен мәмілеге келеді. Бұл ерте заманнан бері ислам жауларының қолданып келе жатқан әдісі.

Бесінші: Мемлекеттердің гүлденуі, өркендеуі басшыға бағынуда жатыр. Әлемде болған барлық өркениеттер, мәдини ошақтар бір басшыға бой ұсынған тұрақты, тыныштық үстемдік құрған жерлерде болған, өйткені тұрақтылық адамды ғылым-білімнің дамуына, ғылыми жаңалықтардың ашуына апарады.

Басшыға бағынбаудың зардаптарын айтар болсақ, алысқа кетпей-ақ Қазақстан тарихына-ақ көз жүгіртсе болады. Қазақ бір тудың астына жиналып, бір басшыға бағынған кезде сыртқы жаулар баса-көктеп кіре алмаған. Жүз-жүзге бөлініп, әр жүз, әр ру өз мақсатын көксегенде ғана жаудан ойсырай ұтылған екен. Соның бір мысалы 1723 жылы орын алған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қырғыны. Қазақ руларының бір басшыға бағынып, бас қоса алмағанының нәтижесінде қазақ халқының жартысы қырғынға ұшырады. Бүкіл қазақ елін жауламақ болған жоңғарларға тойтарыс тек аңырақай шайқасында бір тудың астында жиналғанда ғана жүзеге асты. Бұл тарихтағы қырғындар келесі ұрпаққа сабақ болу керек, бұл басшылыққа бағынбағанның зардабынан туындаған қасірет. Кәзіргі замандағы ислам мемлекеттеріндегі соғыстар, ондағы тұрақсыздық басшыға бағынбағанның кесірінен туып отыр. Египет, Тунис, Либия, Ауғанстан, Ирак, Сирия және басқа мемлекеттердегі қарапайым халықтың тоз-тоз болуы басшыға бағынбағанның нәтижесі. Бір мысал өзім тәлім алған, әрі қызмет атқарған Либия Жамаһириясын айтар болсақ, бір басшыға бағынып өмір сүрген кездері мен кәзіргі кездерін салыстыру мүмкін емес. Әртүрлі руларды біріктіріп, халықты ортақ билікке бағындырып отырған басшыларының қасақана өлімінен кейін Либия халқы әр ру өз пайдасын көксеген майдан алаңына айналды.[23] Африкада ең бай мемлекет болып саналатын Либияда кәзіргі кезде жоқшылық, азық-түлік жетіспеушілігі байқалуда. Бұл тек басшыға қарсы шыққанның бір көрінісі, келешекте Либия деген мемлекеттің әлемдік картадан жойылып кету қаупі бар. Бұл тізімге тек Либияны ғана емес Ирак, Ауғаныстан, Сирия тағы да басқа мемлекеттерді мысалға келтіруге болады.

Мұсылман үмметінің бірлікте ынтымақта өмір сүруінің өзіндік алғышарттары бар олардың ең маңыздысы:

1-Ақида сеніммен бір болу:

         Мұсылмандар арасында өзара ынтымақ бірлік болу үшін ең алдымен бір ақидаға иман келтіруден басталады, өйткені исламның іргетасының негізі болған ақидада әртүрлі жол ұстанса, ондай мұсылман қоғамында бірлік орнамайды. Бұл ақида Адам атадан бастап соңғы пайғамбар Мухаммад (с.а.у) ға шейінгі бүкіл пайғамбарлардың ақидасын қамту керек. Алла тағала құран кәрімде:

{آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ وَقَالُواْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ}

Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді.[24]

Бұл барлық мұсылмандардың ақидасы осы негізге Пайғамбарымыз (с.а.у) сахабалары және мұсылмандардың алғашқы ғалымдары сүйенген. Ал егер осы таза сенімді кірлету мақсатында Алланы басқаша сипаттай бастаса, мұсылмандар арасындағы ауызбіршілікке сызат түсіреді.[25] Ондай қауымға Алла тағаланың азабы, қаһары болары анық. Алла тағала құран кәрімде:

{يَكْفُرْ بِالإِيمَانِ فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ}

Кім иманға қарсы шықса, Сонда оның амалы жойылды және ол, ақыретте де зиян етушілерден болады.[26]

         Екінші: Бір шариғатпен үкім ету.

Ақида негіздерінде бір болған секілді  шариғат заңдарында да бір болуы тиіс. Бұл жерде шариғат заңдарына бір орталыққа бағынуды айтады. Егер әрбір мұсылман жеке өзі пәтуә шығаратын болса, оның соңы ел тұрақсыздығына апарады. Бұл орайда ислам мазһабтарының орны ерекше өйткені олар елді бірлікте, ынтымақта ұстауда басты күш болып саналады.

Үшінші: Ортақ негізге қайту.

Әрбір жеке мұсылман мемлекеттерінің діни мәселеде үкім беретін орталықтары жұмыс істейді. Оны пәтуа беру орталығы немесе мүфтият деген атаулармен атайды. Сол елдегі мұсылмандар өздерінің діни ұстанымдарын осы орталықтарға қарап бағыт алуы керек. Осылай жасау арқылы ғана мұсылмандар арасында бірлік орнайды. Ал егер кез келген мәселеде шетел ғалымдарына жүгіну ол қателік, өйткені бір мәселеде үкім шығарушы адам халықтың ерекшелігін, климаттың саналуандығын ескеруі қажет.

Төртінші: Білімсіздіктен құтылу.

Ислам үмметіндегі бөлінуге бүлікке апаратын негізгі себеп ол – білімсіздік.  Алла Тағала Құран кәрімде былай деп айтқан:

قُلْ هَـٰذِهِ سَبِيلِي أَدْعُو إِلَى اللَّهِ ۚ عَلَىٰ بَصِيرَةٍ أَنَا وَمَنِ اتَّبَعَنِي

«Менің жолым – осы. Мен және маған ілесушілер сендерді Аллаһқа білімге сәйкес  шақырамыз», – де».[27]

Имам әш-Шаукани бұл аятқа қатысты былай деді: “Яғни айқын дәлелге сәйкес шақырамыз. Әл-Басыйра – бұл ақиқатты жалғаннан ажырататын түсінік, білім!” . [28]

Әли ибн Әбу Талиб: “Білімсіз жасалған ғибадатта қайыр жоқ және дұрыс түсінік болмаған білімде де қайыр жоқ!” – деп айтатын.

Мұсылман адам дін туралы бір нәрсе айтпастан бұрын немесе дінде бір нәрсені істеместен бұрын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп алмайынша, сөйлемеу керек, істемеу керек, себебі білімсіз жасалған амал өзіне де, өзгеге де орасан зор зиян әкеледі. Расында, білімсіз амал ететін адам – қараңғылықта адасып жүрген адам сияқты. Омар ибн Әбдул-Әзиз былай деген: “Кімде-кім Аллаһқа білімсіз құлшылық етсе, онда ол пайдадан гөрі, зиян көп әкеледі” [29].

Кәзіргі уақыттағы кейбір жат ағым өкілдері өздерінің уағыздарында мұсылмандарды басшыға, әмірге бой ұсынуға шақырғанмен ақиқатында олардың әрекеттерінде бұл байқалмайды, өйткені басшыға бағыну ауызбен айту емес іспен дәлелдеумен болатын іс. Басшыға бағыну ол оның барлық істерде (шариғатта харам амалдардан басқа) әмірлеріне бой ұсыну. Және оның қарамағындағы тағайындаған қызметшілеріне, өкілдеріне бойұсыну. Егер оның өкілдеріне бой ұсынбаса басшының өзіне қарсы шыққанмен тең.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы текелей мемлекеттің елбасының салихалы саясатын сәйкес ислам шеңберінде жұмыс істейтін діни мекеме. Оның бағыт-бағдары мемлекет тарапынан жіті қадағалануда және үлкен қолданысқа ие. Негізгі мақсаты елімізді имандылыққа үйіріп, ынтымақ-бірлігін асқақтату. Діни үкімдер беру, халықты діни тұрғыда сусындандыру  – тек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына тиесілі әрекет. Осы діни басқармаға қарсы ислам бағытындағы кез-келген ағым ол заңсыз болып саналады. Демек, діни басқарма тарапынан бекітілген имам-молдаларға халық діни мәселеде бағынып, құлақ асуы міндетті. Олай істемеген жағдайда тікелей Діни басқармаға қарсы болып саналады бұл өз кезегінде мемлекетке қарсы әрекет.

Қорыта келе, ислам бірлікке, ынтымаққа негізделген дін. Кез келген бұзғышылық, топтан бөліну исламда қатты сынға алынады және Алланың қаһарына душар болуға апаратын себеп, өйткені басшыға, жамағатқа қарсы шығу ол өмірдегі тепе-теңдікті бұзады. Бұның исламдағы айқын көрінісі – жамағатпен бірге болу керектігі жайында келген жүздеген хадис дәлел. Исламдағы адамның жеке намазынан жамағат намазының 27 есе сауабы көп болуы, оны әр кез мешітке исламдағы бауырларымен бірге болуға үндейді. Бес уақыт намазда бірге болу арқылы олардың арасында бауырмашылық сүйіспеншілікті күшейтеді. Бір қалада бір мешітте мұсылмандардың жұма уағызына жиналуы барлығы ұйып имамның уағызын тыңдауы әлбетте бір жеңнен қол бір жағадан бас шығаруға итермелейді. Бұған тағы да мысал айт намаздарын, жаназа намаздарын келтіруге болады.  Жылына бір рет ұлтына, нәсіліне, түсіне қарамай қажылық парызын өтеу мақсатында мұсылмандардың басы Мекке қаласында қосылуы Ислам дінінің нағыз ынтымақ  бірліктің діні екенін көрсетеді. Ислам дінінің негізі бірлікке үндегенмен бұл жүйені реттеуші, бақылаушы әмірлер болмаса, ол жүйе іске аспайды.

«Көш басшысы жоқ ел оңбайды,
Құралай бастаған киік оңбайды» демекші,  әр елдің әл қуаты, өсіп-өркендеуі  басшының елмен, елдің басшымен қарым-қатынасына тікелей байланысты. Іргесі берік, егеменді ел болайық десек, басшыларымызға бағынып, халықты бірлік пен ынтымаққа үндейік.

 

 

 

 

 

[1] Ниса сүресі, 59-аят

[2] Ниса сүресі, 83-аят

[3] Әл- Имран сүресі, 103-аят

[4] Әл- Имран сүресі, 105-аят

[5] Муслим хадистер жинағы №1865

[6] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари №6723.

[7] Имам Қуртубидің «Ахкаму әл-Құран» тәпсірінде

[8] Исламның алғашқы дәуірінде исламнан бөлініп шыққан жат діни ағым

[9] «Әнғам» сүресінің 57-аяты

[10] http://www.muftyat.kz/kz/article/view?id=623

[11] Шарх ән-Науауи әла Муслим №1848

[12] Бухари хадистер жинағы №3408

[13] Тирмизи хадистер жинағында № 2224

[14] Бұхари, Муслим хадистер жинағында, «Нәйлу әл-Аутар» №3193

[15] Байхақи хадистер жинағы

[16] Байхақи хадистер жинағы

[17] Әл-Хафиз ибн Ражабтың «жаамиғ әл Улум уә әл-Хикам»

[18] Ибн Әсәкирдің «тариху димашқ» кітабы

[19] Бақара сүресі, 251-аят

[20] Бадру әд-дин ибн Джамағаның «Тахрир әл-әхкәәмф тадбир әһли әл-Ислам» кітабы

[21] Әбу Абдолла әл-Қалғи әш-Шафиғидің «Тахзиб» кітабы

[22] Бұхари хадистер жинағында келген

[23] Каддафидің кезінде Либияның жағдайы: ВВП әрбір адам үшін 14192$,  жұмыссыздарға жәрдемақы 730$, медбикелердің жалақысы 1000$, жаңа туылған нәрестеге 7000$, жаңа үйленгендерге тегін пәтер, үлкен ауқымдағы салықтар тыйым салынған, оқу, емделу тегін, шетелдерде білімін шыңдау мемлекет қаражатымен, жеке кәсіп ашу үшін мемлекеттен көмек, көп балалы отбасыға жеңілдіктер, жалған дәрі жасаған үшін – өлім жазасы, пәтер, автакөлік алу үшін процентсіз несиелер,  мемлекеттік қызметтегі адамдарға автокөлік бағасының жартысын мемлекет өз мойнына алады, бір литр бензин 0,14$, электр энергия, су, нан бағасы символикалық бағамен.

[24] Бақара сүресі, 285-аят

[25] Кәзәргі кезде елімізде кейбір жат ағым өкілдері Алланы адам кейпінде сипаттап, оның қолы, көзі, беті бар деп сиапттап, қарапайым мұсылмандар арасында арандатушылық туғызуда.

[26] Мәида сүресі, 5-аят

[27] Юсуф сүресі 108-аят

[28] “Фатхуль-Қадир” 1/298.

[29] Ахмад “әз-Зуһд” 365

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Хамзат Әділбеков

Return to Top ▲Return to Top ▲