Әзілдесу әдебі

        Әзіл — бір адамның екінші адамды ұялту, сөзге тоқтату үшін айтатын ұрымтал да астарлы, көңілді де күлкілі пікірі. Яғни, болмысқа, құбылысқа, нақты оқиғаға қатысты көзқарасты білдірудің, баға берудің бір түрі. Әзілде де сынап-мінеу, іліп-шалып, тәлкек ету ниеті жатады. Тек сол ниет жүрекке ауыр тимейтін етіліп, қалжыңға сүйеп жүзеге асырылады. Сондықтан да қазақ мұны “әзіл-оспақ”, “әзіл-қалжың” деп қосарлап атайды. Орынды әзіл айту кісіні ойлануға апарады. Бұл дегеніңіз кісінің тапқырлығы мен ой-өрісінің жоғарылығына байланысты. Дарақы әзіл мен арзан күлкі кісіні ессіздікке, жүрегінің қараюына алып келеді. Кейде кісіні ренжітіп алуға да себеп болып жатады. Ал әзіл-қалжың түріндегі шымшыма сөз кез келген жерде — отбасы, ошақ қасында, той-томалақ, әр түрлі отырыстарда айтыла салады.

        Исламда да орынды болса тіпті кіммен болса да әзілдесуге еш тыйым жоқ.
Қандай әзіл болмасын өз мөлшерінде болса, яғни, тамаққа қосылған тұздай әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған кезде, тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін. Көпшіліктің түсінігі бойынша ислам тыйымдар мен бұйрықтардан ғана тұрады екен. Жоқ, қателесесіз. Ислам адам өмірін барынша жеңіл, жайлы, мәнді етуге тырысатын жүйе. Исламда да әзілге орын бар. 

        Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірбаянына көз жүгіртсек, салмақты, сабырлылығына қарамастан, үнемі жымиып жүргенін және орнымен әзілдескенін оқимыз. Ол кісі үлкенге де, кішіге де жұмсақ әзілдер айтқан екен. Адамдар одан: «Уа, Алла Елшісі, сіз де әзіл айтасыз ба?» деп сұрағанда: «Иә, мен әзіл айтамын, бірақ арасына өтірік араластырмаймын» – деп жауап берген. (Тирмизи).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әзілдің өзінде өтірікті тастаған адамға жәннаттың ортасынан үй беретіндігін айтқан. (Әбу Дәуіт).

        Имам Науаи айтады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) әңгімелесушінің көңілін орнына түсіріп, оған деген жылы сезімін білдіру үшін әзілдесетін. Мұндай әзілге тыйым салынбайды, керісінше, сүннетке сай келеді» деп жазады.  (әл-Азкар).

«Сахабалар да өзара және Пайғамбармен әзілдесетін. Алла Елшісінің сахабаларының бір-біріне қарбыз қабықшаларын лақтырып ойнайтын кездері болатын, алайда, салмақты мәселеге келгенде олар нағыз жігіттік танытатын». (Бұхари).

       Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмауын талап ететін. Әзілге оңтайлы уақыт, орын таңдай білу – сүннет.

Сол үшін әзілдің әдебін сақтай білгенде ғана құлшылық жасаған болып саналамыз.

        Ендеше, әзіл әдептерін Алла Елшісінің (с.а.у.) хадистері негізінде қарастырып көрейік:

Әзілдің мақсаты – қуаныш сыйлау.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) да сахабаларының көңілін көтеріп, қуаныш сыйлау үшін қалжыңдайтын болған. Демек жаныңдағыларға шаттық сыйлау мақсатында айтылған әзіл де Алла Елшісінің (с.а.у.) сүннеті болмақ. Жөнімен айтылған қалжың әлбетте қуаныш сыйлайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиындатпай, жеңілдетіңдер, кеудеден қақпай, қуаныш сыйлаңдар» дейді.

Өтірік қалжыңнан аулақ болу.

         Кей хабарларда: «Күлкі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып айтатындар неткен бақытсыз!» делінеді.

         Бір күні Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбармыздың (с.а.у.) қалжыңдап отырғанын көріп: «Уа, Алла Елшісі! Сен де қалжыңдайсың ба?», деп сұрайды. Алла Елшісі (с.а.у.) оған: «Иә, мен де қалжыңдаймын, бірақ қалжыңдасам да тек шындықты айтамын» дейді. Демек, біреудің көңілі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып, өтірік әзіл айтудан аулақ болған жөн.

 Қалжың өзгеге зиянын тигізбеуі керек.

        Қызық болады, күлдіремін деген оймен бір жерге жасырынып қалып, оқыстан атып шығып, шошытып немесе аса қажетті затын жасырып қою арқылы бауырыңның үрейін алу дегендей әзілдерді бәріміз жасадық, жасап та жүрміз. Кейбір адамдар тіпті қатты шошып қалғаннан денсаулығына кері әсер етуі бек мүмкін. Сол себепті, әр нәрсе өз орнымен, өз жөнімен болғаны абзал. Исламда әзіл ғой деп те мұсылман бауырыңды қорқытып, шошытуға болмайды деп қатаң ескерткен.

        Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) жолдасының аяқ киімін тығып қойған адамды көреді. Ал ол кісі аяқ киімді іздеп, әбігерге түседі. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім мұсылманның үрейін ұшырса, Қияметте Алла оның үрейін ұшырады», «Мұсылманның мұсылманды қорқытуына тыйым салынған» деген екен. (Әбу Дәуіт). 

        Пайғамбармыз (с.а.у.): «Мұсылман —тілімен де, қолымен де басқа бір мұсылманға зиянын тигізбейтін адам» дейді. Тағы бір хадисінде: «Бауырыңның үстінен күлуші болма, Алла Тағала оған мейірімділік етіп, сені пәлеге ұшыратуы мүмкін» делінген. Демек, өзгенің көңіліне тиетін істен, орынсыз әзілден сақтануымыз қажет.

 Шамадан тыс әзіл-күлкіден сақтану.

       Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Көп күлме, өйткені күлкі жанды өлтіреді» десе, Хәкім Абай өзінің төртінші қара сөзінде: «Әрбір байқаған адам білсе керек; күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалса керек. Әрбір уайым қайғы ойлағыш кісі не дүние…» дейді.

         Расында, орынсыз және шамадан тыс күлкінің ұяты мен зияны көп. «Қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігі, неге күлгеніне қарап – оның ақыл-өрісі танылады» дегендей, шамадан тыс қарқылдап күлу ешкімнің де абыройын үстем етпейді.

 Тыйым салынған тақырыптарға қалжыңдаспау.

          Бұл тақырыптарға дінді және діни нышандарды, әр адамның, әр шаңырақтың сыры саналатын дүниелерді жатқызуға болады.

Наным-сенім сияқты біреу үшін қасиетті дүниелер өзге біреудің мазақ ету немесе күлкі ету тақырыбы болмауы тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» (Бақара сүресі, 256-аят.), – деп баяндаған. Сондықтан да, өзгенің сенімін қорлау – өз сеніміңді қорлаумен тең екендігін ұмытпай, әр адам өз сенімін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттағаны жөн.

 Сол секілді кез келген пенденің, отбасының, қоғамның өз сыры, кішігірім айыбы болуы мүмкін. Сол кемшіліктің артың аңдып, оны әшкере етіп, күлкі қылудан сақтану қажет.

         «Айтылған сөздің атылған оқ» екендігін жақсы білеміз. Сондықтан, адамның намысына тиетін ғайбат сөздерді әзілге қоспаған абзал. Мұсылмандар бір-бірлеріне бауыр емес пе? Және олардың арасын жарастыру ұлы Алланың бұйрығы саналады.  

          Қорыта айтқанда әзілдесу кезінде төмендегі шарттарды әр мұсылман жақсы біліп жүргені абзал: әзілдің түбі шындыққа байлануы; өтірікке жол берілмеуі керек; біреуді мазақ етіп, қор қылуға болмайды; шектен шықпауы тиіс; әзіл кәсіпке айналмауы керек; қарумен, отпен т.б. адам денсаулығына, өміріне қауіпті дүниелермен әзілдесуге тыйым салынады; біреуді әзілдесіп ренжітіп алудан сақтану керек.

 Демек, әр нәрсе өз мөлшерімен, өз орнымен жұмсалса, айтылса, адамдар арасында түсініспеушілік те, араздық та болмайды.

Return to Top ▲Return to Top ▲