Сөзді көбейту

         Кіші жүздің ұлы биі Әйтеке би сөз көбейтіп, езбеліктің дұрыс еместігін бір ауыз сөзбен жеткізеді: «Даналардың әр сөзі шілдедегі құс жолындай сайрап жатады, әманда. Аз сөйлесек, біз төре сөзімізге, бөсіп кетсек, сөз төре өзімізге деп ескертеді екен олар. Өзіміз аз сөз – алтын, көп сөз – көмір деп отырып, езіңкіреп кетсек, езбе атанғанымызды білмей қалармыз», деген. Сөйлеу барысында сөздің қысқа әрі нұсқа болуы – сөйлеу әдебінің негіздерінен. Тамақ қандай дәмді болсын асыра жеп шамадан тыс қабылдаса, дәмдеуіштерді шамадан тыс қолданса, астың дәмі кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолдану, сөздің мәнін  жояды. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші адамның сөзінің қысқалығы мұсылманға лайықты. Екі әлем сардары Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын), оның сахабалары мен ізгі салихалылардың өмір жолдарына көз жүгіртсек, баршасы көп сөзден аулақ еді. Атақты сахаба Әбу Дарданың «Кімнің сөзі көбейсе, өтірігі көбейеді»[1] деген сөзі бар. Расында көп сөйлеу арқылы негізсіз сөздер айтып, өтірікші болуы мүмкін. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам өзіне және айналасына пайдалы тақырыпта ғана сөйлеуі тиіс. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ  وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

         «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қайырлы нәрсе айтсын немесе үндемесін»[2], деген.

         Сөздің қадірі жайында Асан қайғы бабамыз:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады -деп жырға қосқаны осының дәлелі болса керек.

Сөзіңіз айналадағы адамға Асан қайғы айтқандай «Таза, мінсіз асыл» болғанын қаласаңыз, сөзді орынсыз шұбыртпай, тиісінше порциясын беру нағыз даналықтың белгісі.     

«Жақсы ой, жарым ырыс» деген қазақ атамыз мүлдем үндемей қалуды да құптамаған. «Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді», «Сөйлей білмеген кісіден үре білген ит артық. Сөйлей білмес жаманның –cөзі өтпес бір пышақ», Сөз білетін адамның –  әр сөзіне бір тұсақ»,  дей келе сөйлейтін жерде орынды тоқтам айта білу де асқан шеберлік.


Return to Top ▲Return to Top ▲