Бисмилләнің берекесі

          Қазақ болмысында «бисмиллә» сөзінің орны, күнделікті өмірде қолдану аясы өте кең. «Бисмиллә» деп бір істі бастағанда, көлікке мінгенде, жаңа киім кигенде, тіпті қорыққанда, әрбір әрекет алды  айтылады. «Сөздің басы бисмиллә, бисмилләсіз іс қылма» демекші қазақ үшін бұл сөз – киелі сөз.

Жалпы бисмиллә сөзінің мағынасы Алланың атымен дегенді білдіреді, толық айтар болсақ «бисмилләһир Рахманир, Рахим» Рақымды да Мейірімді Алланың атымен бастаймын деген мағына береді.

 Сөздердің ең ұлысы Құран кәрім болса, Құран кәрімдегі ең жиі қайталанатын сөз – «бисмилләһир Рахманир, Рахим». Ұлы Жаратушы Алла осы сөзбен қасиетті кітабын бастайды, әрбір сүрені осы сөзбен бастап оқимыз. Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с) берген әмірі де осы сөзбен басталады. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде: «Сені жаратқан Раббыңның есімімен оқы»[1], деген.

 Жаратушының кәләмі, пайғамбарымызға (с.ғ.с) берген әмірі осы сөзбен басталып жатса, Алланың құлдары біздер үшін істерімізді ол мейлі діни болсын, дүниелік болсын «бисмиллә» сөзімен бастауымыз міндетті, мұсылман құлға жасалуы лайық болған амалдардан.

          «Бисмиллә» сөзінің өзегінде әр ісімді, сөзімді, әрекетімді, ұйқымды, оянуымды, сапарға шығуымды, құлшылықтарымды, тамақ ішкенімді бәрін бисмилләмен бастаймын және осы істерімде Алланың қолдауын, жәрдемін, берекесін үміт етемін дегенді білдіреді. «Бисмиллә» деу арқылы барлық жалған құдайларды жоққа шығарамын, маған зиян да пайда да тигізетін тек Алла екеніне иман келтіремін дегенге саяды. 

          «Бисмиллә» деу арқылы пенденің әрбір бастаған ісі берекеге бөленіп, шайтанның ол іске араласуына тосқауыл болады және әр ісін  Алланың есімімен бастауға дағдыланған адам Аллаға серік қосудан аулақ болады.

«Бисмиллә» айту арқылы адам әр ісінде Жаратушысынан рұқсат сұрағандай. Бұл Рахманға деген керемет әдептің көрінісі. Қонаққа барған адам үй иесінен рұқсат сұрағандай, осы дүниеге қонақ болып келген біз әр ісімізде бисмиллә деп Раббымыздан рұқсат сұрауымыз нағыз мұсылман құлдың сипаттарынан.

Адам баласы әлсіз жаратылыс қалтарыста шайтанның арбауына еріп күнәһар шекпенін киюі әбден мүмкін. Әрбір ісін «бисмиллә» деп бастауы және  жиі еске алуы оны бұл қалтарыстағы қарақшыдан құтқаратын үлкен қару, өйткені Алланың есімі айтылған жерге шайтан еш уақытта жоламайды.

«Бисмиллә» сөзі адам қобалжыған кезде, демеу болатын, оған күш беретін ұлы сөз. Қиындықтар мен сынақтар адамға тап болған кезде, нағыз иман келтірген адам осы сөзбен қуатталып, тығырықтан шығар жолды жылдам табады.   

 Бисмилләға қатысты Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінен мысалға келтірер болсақ:

  1. Құранның  сүрелері бисмилләмен басталуы. Алланың ұлы кітабы бисмилләмен басталса, біздер үшін әрбір отырыстарымызды, дәрістерімізді бисмилләмен бастау – берекелі іс. Адам сөз сөйлер алдында мұқият дайындалуы мүмкін, көркем жеткізуі де мүмкін бірақ адамдардың жүрегіне әр кез жол таба  бермейді. Бұның себебі – істің бисмилләсіз басталуы. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде келгендей: «Бисмилләсіз басталған әрбір іс берекесіз»[2] деген. Аузымызға жақсы сөз салып беретін де Жаратушы Алла болғандықтан отырыстарымызды бисмилләмен бастау – берекелі іс.
  2. Тамақ ішерде бисмиллә сөзін айту. Мұсылман адам күнделікті өмірінде алдына ас келгенде немесе ұсынылған қандай да бір тағамды жеместен алдын «Бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) деп айтуы тиіс. Ішіп-жеп болған соң, «әлһамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп айту сүннет. Себебі ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсірген перзенті Омар бин Әбу Сәләмәға (р.а.): «БаламБисмиллә айт. Оң қолыңмен же. Әрдайым алдыңнан же»[3], – деп тәрбие берген. Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қайсы бірің тамақ жеген кезде бисмиллә айтсын. Егер тамаққа бастар кезде бисмиллә айтуды ұмытып кетсе, есіне түскен кезде бисмилләһи әууәләһу уә аһирәһу – басынан соңына дейін бисмиллә десін», – деген[4]. Демек ұмытқан адам «Бисмилләһи әууәләһу уә аһирәһу» – «басынан соңына дейін бисмилләһ» деу керек екен. Бисмиллә айтпай ас ішу шайтанның бірге ас ішуіне жол ашса, әрі астың берекесін кетіретін болады.
  3. Дәретханаға кірген кезде. Мұсылман дәретханаға кірмес бұрын Раббысына сыйынып, сақтанып кіреді. Ол жайында сахаба Анастан жеткен хадисте:  Алланың атымен Аллаһым,  ластықтан және лас нәрселерден саған сиынамын (сақтай гөр)[5], деп пайғамбар (с.ғ.с) бізге нұсқау жасаған.
  4. Дәрет алу барысында. Дәрет алу – намаз, құран оқу секілді ұлы құлшылықтарға жол ашатын баспалдақ. Сол себепті бұған жету жолы да дұрыс болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Һурайрадан жеткен хадисінде: «Алланың есімі аталмай басталған дәрет толық болмайды»[6] деген.
  5. Мешітке кірген кезде: Алланың үйі мешітке және басқа да ғимараттарға кірер кезде «Бисмиллә» сөзін айту пайғамбар (с.ғ.с) сүннетінен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Алланың атымен бастаймын, Алланың елшісіне Алланың сәлемі мен салуаты болсын, Аллаһым күнәларымды кешіре гөр және мен үшін рақым есігіңді аша көр»[7].
  6. Сапарға шыққан кезде. Сапарға шыққан адам сапарының берекелі болғанын қалап, амандықта, есендікте болғанын тілеп Раббысына жалбарынып дұға жасайды. Пайғамбарымыздан жеткен риуаятта былай делінеді:  «Алланың атымен бастаймын, Аллаға мақтау айтамын, бізге мұны бағынышты еткен Алла пәк»[8].

«Істің нәтижесі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деп Абай атамыз айтпақшы, әр істің алдында «бисмилла» деп айту сол істің сәтті басталып, орнықты жалғасуына, берекеленуіне, жақсылықпен нәтижеленуіне себеп. 

Return to Top ▲Return to Top ▲