ШАЙТАННЫҢ 10 АРБАУ ТӘСІЛІ

          Адам баласы туғанынан ұлы сапарда. Ол ұлы сапар – адам баласының Алланың рахымына бет алуы. Бұл ұлы сапарда адам үшін жол азығы қажет және ойламаған жерден тап беретін ұры-қарылардан қорғану үшін айла-тәсіл, қару-жарақпен қамдануы тиіс.

Бұл жолда бізден екі елі қалмайтын, бізді қалтарыста қапа қылуға тырысатын  адамның қияметке дейінгі дұшпаны – шайтан. Қазіргі жаһандану заманында, технология ғасырында шайтанның қаруы да жаңарған, қулығы да күшейген. Адам баласын қақпанға түсіру тәсілдері көбейген. Әсіресе ғаламтор желісі арқылы шайтан өзінің жұмысын қыздырып жатыр. Қоқыс жәшігіне үймелеген шыбын-шіркей секілді адамдар лек-легімен осы торға байланып, құтыла  алмауда.

         Әрбір адамның жанында бірге еріп жүретін шайтаны және періштесі болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әрбір адамның жанынан екі елі қалмайтын шайтаны және періштесі бар», сол кезде сахабалар «сізде ше?» дегенде: «Алланың жәрдемімен менің шайтаным мұсылман болды»[1] деген екен. Шайтанның негізгі қызметі – адамды адастыру, оларды күнә істерге итермелеу. Харам істерді безендіріп, Алланың әмірлерін орындауда адамның жолына тосқауыл болу.

 Алла Тағала қасиетті Құранда Нұр сүресінің 21-аятында : «Әй мүміндер, шайтанның басқан іздерін баспаңдар. Кім шайтанның іздеріне ерсе, күдіксіз ол, ұятсыздықты, жамандықты меңзейді. Егер сендерге Алланың игілігі, мейірімі болмаса еді, ешбіреуің әсте ағармайтын едіңдер. Бірақ Алла қалаған құлын ағартады. Алла әр нәрсені естуші, білуші» деген.  Шайтанның адамды алдап түсіру амалдары, өзіндік тәсілдері бар.

Шайтанның адам баласына деген дұшпандығы Адам ата жаратылғаннан бастау алады. Алланың теңдессіз жаратылысы адамды жаратқан кезде шайтан тәкәппарлыққа беріліп адамнан өзін жоғары санайды, тіпті Алланың әміріне бойұсынбай адамға иіліп сәжде қылудан бас тартады. Бұл жөнінде Құранда Хижр сүресінде: (30)  Сонда періштелер тұтас сәжде қылды.(31)  Бірақ, Ібіліс сәжде қылушылармен бірге болудан бас тартты. (32)  (Алла Т.): «Әй Ібіліс! Сен неге сәжде қылушылармен бірге болмадың» деді.(33)  (Ібіліс): «Сен бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан жаратқан адамға сәжде етуіме болмайды» деді.(34) (Алла): “Онда сен жаннаттан шық. Өйткені, сен қуылдың” деді.(35)  “Шынында саған қиямет күніне дейін лағынет бар…”

Бірақ шайтан Аллаға бір өтініш қылды. Ол өтініші адамдарды адастыру, күнә істерге итермелеу еді. Алла бұл өтінішті қабыл етті. Бұл жайында Құранда Хижр сүресінде:

(36)  (Ібіліс): “Ендеше Раббым! Маған қайта тірілетін күнге дейін кеңшілік бер” деді.(37)  (Алла Ібіліске): “Расында саған кеңшілік берілді” деді.(38)  “Белгілі бір мерзімге дейін”.(39)  (Ол): “Раббым, мені қаңғыртқандығың үшін; әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын” деді.(40)  “Бірақ, олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын” (деді).(41)  (Алла): “Маған келетін тура жол осы” деді.(42)  “Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ, саған кім ерсе, адасқандардан болады”.

Шайтан аздырушы болғандықтан, ол нағыз дұшпан. Бұл туралы Қасиетті Құран Кәрімнің «Фатыр» сүресінің 6-аятында: «Әлбетте, шайтан – сендерге дұшпан, сондықтан, оны дұшпан тұтыңдар! Ол өз тобын (яғни, өзіне ергендерді) тозақ иелері болулары үшін уағыздайды», – деп нақты көрсетеді.

       Жәннаттың, тозақтың деңгейлері болғандай құлдардың да деңгейлері болуы заңдылық.  Шайтанның жаратылу хикметі – құлдардың Алланың құзырында деңгейлерін анықтау. Құранда шайтанды мысылға келтіру  мысалы арқылы  құл қанша мәртебелі, білімді болса да, тәкаппарлығы үшін шайтан секілді Алланың мәңгі ашуына ұшырауы мүмкін. Сол себепті адам тым еркінсіп кетпеуі қажет.

       Шайтан бір сәтке де адам баласынан ажырамайды, әрдайым оны тура жолдан тайдыруға тырысады. Алланың әмірлерін орындауға бел буған адамдар үшін шайтанның әрекеті, жұмысы еселене түседі. Ондай адамдарды жақсы амалдан тыюға барын салады. Шайтан тек жындардан ғана емес, сонымен қатар адамдардан да кездеседі. Алла тағала қасиетті Құранда Анғам сүресінің 112-аятында: Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жынның шайтандарынан дұшпан қылдық. Олар алдап бір-біріне жалтыраған сөздерді сыбырлайды. Раббың қаласа еді, олар оны жасамас еді. Оларды жасанды сөздерімен қойып қой.

         1-  Істі көркемдеу, әшекейлеу. Шайтан мүмін құлға жамандықты тікелей әмір ете алмайды. Ол күнә істі тек көркемдеу арқылы адамды жолдан тайдырады. Мысалы,  таң намазының азаны естілген кезде оның құлағына келіп былай дейді: «Дала болса, тастай қараңғы әрі суық, кеше жұмыс істеп біраз шаршадың, біраз тынығып ал. Жылы төсектен тұрудың не қажеті бар?! Жата бер, бір жолға ештеңе етпейді». Осылайша біртіндеп ұйықтауды, демалуды таң намазынан артық көреді.  Шайттанның бұл әрекеті жайында Алла Тағала Әнфәл сүресінің 48-аятында: «Сол кезде шайтан оларға өз істерін «безендіріп» өздеріне жағымды, сондай керемет іс етіп көрсетіп: «Бүгін адамдар арасында сендерді жеңіп, тізе бүктіретін ешкім жоқ. Мен де қастарыңда боламын», –  деп азғырды».

        2.Алдау. Негізі харам болған істі, халал секілді көрсету. Мысалы, адам жалпы өсімнің харам екенін біледі, бірақ жеке қажетіне жұмсауды (мысалы, автокөлік алуды) адалға санайды, өзіне үкім беріп қояды. Өйткені, ол оны қатты қажет деп өзіне сендіреді. Автокөлігім болса мешітке жамағат намазына да барып тұрамын деп өзін алдаумен болады. Бірақ оны алдап тұрған шайтан екенін ол қайдан білсін?!. Ағраф сүресінің 22-аятында Адам атаның шайтанның алдауына ергендігі жайында былай баян етіледі:  «Осылайша (Алланың атымен ант-су ішіп сендіру һәм қызықтыру арқылы) екеуін де алдап соғып, төмен қарай құлдилатты (яғни тұғырынан түсірді).

        3.Бір істі ертеңге қалдыру. Бір істі, яғни салихалы істі ертеңге қалдыру шайтаннан болған кеңес. «Тұра тұр, әлі жассың , қыдырып қал. Намаздың өз уақыты келеді» деген секілді білінбей берілген бағдар. Орамал таққысы келген қыздарымызға «Әлі ерте, жас шағыңда жарқырап жүр. Тұрмысқа шыққасын-ақ тағып алып, парызыңа үлгересің, сосын-ақ намазыңды оқисың» деп қазір керек, қазір мойныңда жасалуы парыз болған әрекетті әріге апарып, әлсіздігіңді әрлеп-ақ жібереді. Күнә жасаған уақытыңда дереу тәубеңе келіп, кешірім сұрауға қадам қылдырмай, кейінге қалдыруға үгіттеп бағады. Сөйтіп ол өзінің жасаған күнәсін ұмытып та кетеді. Жылдам тәубе етудің абзалдығы жайында Алла Ниса сүресінің 17- аятында былай дейді: «Әйтсе де, Алла қабыл алуды уәде еткен тәубе – жамандықты (бір сәт нәпсіге еріп) білместікпен істегеннен кейін (оның күнә екенін білген бойда) дереу тәубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тәубесі. Міне солардың тәубесін Алла міндетті түрде қабыл алады».

      4.Күнәнің дәрежесін түсіру. Байқаусызда, кейде иманның әлсіздігінен күнә жасағанда адамның қасындағы шайтаны немесе  адамдардан болған шайтандары ол ісін қолпаштап, оның бұл күнәсінің дәрежесін түсіріп, басқа адамдардың одан да сорақы істерін мысалға келтіру арқылы, оны барынша ақтауға тырысады.Пенде күнәні кіші санап немесе «ештеңе етпес» деп жасауды доғармаса, Алла оны үлкен күнәға санайды. Абдулла ибн Масғудтан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін күнәларын басына құлайын деп тұрған тау сияқты көреді. Фажир (жаман) адам болса күнәларын мұрнының ұшына қонған шыбын сияқты көреді», – деген (Бұхари мен Мүслім жеткізген).
       5.Істі қиындату. «Дін жолы – қиын жол. Бұл жолға түссең, өмір сүруің қиындайды, аралас-құралас достарың азаяды. Сені адамдар түсінбейді, тіпті кейбірі келеке етеді. Бес уақыт намазға тұруың бар, әр намазда алу керек дәретің бар. Қазіргі сенің жағдайыңда оған мұршаң болмайды. Дінге тыныштық қажет». Міне, тура жолға бағыт алған адамның алғашқы ойлары осылай болады, шайтанның айлалы амалы. Негізі ислам діні жеңілдік діні. Адам дін жолына түсу арқылы өмірі жеңілдейді. Ал шайтан болсын бізді қиын жолмен қорқытады. Ол туралы «Бақара» сүресі, 268-аятында:«Шайтан сендерге  кембағал болып қалуларыңмен қорқытады және бұзақылыққа бұйырады. Алла сендерге Өз жағынан жарылқау және кеңшілік (байлық) уәде қылады. Алла – (байлығы) кеңшілік және шексіз білуші» деген.

      6.Алла рақымынан үмітін үздіреді. Адам құлағына жындардан, не адамдардан болған шайтандар сыбырлауы мүмкін: «Сен үлкен күнәһар адамсың, сенің мына жасаған күнәңді ешкім жасамаған болар. Сені Алла еш уақытта кешірмейді. Сенің жасаған тәубаңды қабыл етпейді. Сен оған лайық емессің» дей отырып жасаған күнәларын алдына тізіп береді. Жақсы жолға енді түспек болып икемделе келген адам осылайша жол жиегінде қалып қояды. Әнастан жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі (с.ғ.с) өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?»– деп сұрады. Ол: «Уа, Расулаллаһ! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын»,- деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды» (Тирмизи, Жанаиз, 11, (983);),- деген.

      7.Ашу шақыруы. Шайтанның адамға үкім жүргізуінің бірден-бір жолы – ашу шақыруы.Ашу үстінде адам өзіне иелік етуден қалады. Айтқысы келмеген сөзді айтқызады, жасағысы келмегенін жасатады. Ашу үстіндегі адам шайтанның ойыншығына айналады. Осындай қиын кезде біз Аллаға сиынып Алладан жәрдем сұраумыз керек. Алла Тағала «Фуссиләт» сүресі, 36-аятында: «Ал, енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші» деген.

Сүлейман ибн Сардтан келген хадисте: Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) отыр едім екі адам бірін-бірі балағаттай бастады. сол кезде бірінің беті қызарып, мойын тамырлары ісініп кетті. Пайғамбарымыз (с..ғ.с.) айтты: «Мен бір сөз білем егер соны айтса, ашуытарқар еді ол сөз «Ағузу билләһи минашшайтанир раджим» (Бұхари жеткізген).

       8.Еріншектік. Еріншектік, тоқшылық адамды аздыратын, шайтанның кіруіне жол ашатын тиімді тәсілдердің бірі. Әрбір істі кемеліне келтіріп істеу үшін ыждаһаттылық қажет. Ыждаһаттылық еріншектікке қарама-қайшы қасиет. Еріншектік – ақыреттік істердің де, дүниелік істердің де хас жауы. Абай атамыз еріншектік, тоқшылық жайында : «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық. Аздырар адам баласын. Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың, деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) еріншектікке қатысты: «Уа, Алла! Расында мен әлсіздік пен еріншектіктен, қоқақтық, сараңдық, хайырсыз кәріліктен және тірілер мен өлілердің бүлігінен бір Өзіңе сыйынамын», деп дұға жасаған(Бұхари жеткізген).

      9.Кәпір қауымының істеріне еліктеу. Шайтан кәпір қауымды мұсылмандардан артық көреді, оларға еліктеуге, солар секілді өмір сүруге бағыт береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұдан қатты тиым салған өз хадисінде:  «Кімде-кім қандай да бір қауымға ұқсаса, ол солардан болады», деген.

      10.Көпшіліктен бөліну. Өзін басқалардан ерекше көру, әрдайым көпшіліктің арасына сызат түсіретін, бүлікке апаратын пікірлерді алға тарту, бауыр мен бауырды араздастыру. Шайтан үшін топтан бөлінген жалғыз адамды азғыры жеңіл. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын» (Тирмизи хадистер жинағы).

       Жоғарыда аталған айлаларға алданып, адамдығын алып қала алмағандар да, сол иығын сілкіп қалып, шайтанын шаңдай қағып жіберіп, иманын қуаттай алатындар да бар. Шайтанның шимайына түсіп шеше алмай қалған сәттерде шайқаса кететіндер де, керісінше дегенге көніп ере кететіндер де бар. Азғырушы тәсілдерін танып тұрып, өзіңе тыйым сала алмау – әлсіздік. Алла иман қамалымызды мықты етіп, өзінің рахымына бет алған сапарымыздағы қадамдарымызды қуатты қылғай, ин ша Алла! 

СҚО БОЙЫНША БАС ИМАМ

 ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ


<div class="clearfix"></div>
Return to Top ▲Return to Top ▲