Жомарттық- жәннатқа жетелейді

Жомарттық-кемелдікке ұмтылған әрбір мұсылманның бойында болуы тиіс қасиет . Ризық беруші Алла көптеген аяттарда мұсыльман пенделерін сарандық жасамай, жомартыққа үгіттеп ,жақсылық жасауға шақырады.

(Қандай қайыр-садақа берсеңдер де, пайдасы өздеріңе тиеді. Тек Алланың разылығын тілеп қана беріңдер. Өз игіліктеріңнен не жұмсасаңдар да, сендерге толық қайтарылады, ешқандай әділетсіздікке ұшырамайсыңдар.)

«Бақара» сүресі, 272-аят

Жомарттық амалды жасайтын адам тек Алла Тағаланың ғана разылығын көздеу қажет. Мұқтаж жанға көмектескен адам одан сыйлық немесе марапат ,жақсы сөз күтпеуі тиіс. Халұымызда Кең болсаң-кем болмайсың деген қанатты сөз бар . Өзіне қажет бола тұра өзгенің қажетін өтеген адамды Алла Тағала үлкен нығметке бөлейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) сұрап келген адамның көңілін қалдырмайтын.Тіпті жоқдеп айтуға ұялатын.Бірде бір кісі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) мал-мүлік сұрайды .Пайғамбарымыз (оған Алланаң салауаты мен сәлемі болсын ) сұрағанын береді. Тағы сұрағанда ,тағы береді . Үшінші рет сұрағанда ,қолында ешнәрсе болмағандықтан оны тауып беруге уәде етеді. Бұған шыдай алмай кеткен Омар (Алла оған разы болсын ): Неге өзіңізді сонша қинайсыз ? – дейді . Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын )Омардың бұл сөзіне қабағын шытып , ренжиді . Сол кезде Абдулла ибн Хузайфа : Уа , Алланың Елшісі бер ! Жаратушы Иеміз сені аш қалдырады деп қорықпа ! – дейді . Бұл сөзді естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлімсіреп : Мен осылай жасау үшін жіберілдім , –  деп жауап береді .

Қазақ халқы жомарттық қасиетті ерекше ардақтап, балаларына «Жомарт» деген есім беріп жатады. Тіпті халық арасында дарқандылығымен танылған адамды «Атымтай Жомарт» бейнесімен ұштастырып жатады.

Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл үстiне ескi-құсқы киiм киiп, отын кесiп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:

– Жомарт, құдай бергей дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.

Жомарт айтты дейдi:

– Төрт түрлi себеп бар. Әуелгiсi: әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын. Екiншiсi: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн. Үшiншiсi: күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен. Төртiншiсi: құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын, – дедi.

Халқымыздың дəстүр тəрбиесі ел ішіндегі білікті адамдар мен билер, мектеп-медреселер арқылы жүргізілген жəне олар үлгі-өнеге болып, салт-дəстүрдің мазмұнын байытып, халықтық сипатын арттырған. Алайда, отбасы тəрбиесі басты орында тұрған яғни халықтық салт-дəстүр тəрбиесінде əрбір ата-ана ертелі-кеш ұрпақтарына жомарттық, кешірімділік, обал-сауап, ар-ұят, адал-арам,  əділет-шапағат,  ізгілік пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, бұзақылық пен жанашырлық сияқты істердің бəрін егжей-тегжейлі ұғындырып, көпшіл, халықшыл болуға, салт-дəстүр мен наным-сенімге түсінікпен қарауға жəне оны құрметтеуге; ел намысы мен Отан даңқына дақ салатын жаман істерден аулақ болуға; «малым – жанымның садағасы» дейтін үлкен кісілік қасиет қалыптастыруға жетелеп, өмір бойы ізгілік, ізеттілік, тектілік, ұлылық, даналық танытып, ұсақшыл, бықсықтық, пендешілік сияқты нашар қылықтардан аулақ болуға тəрбиелеген. Сондай-ақ, əрбір ұрпақтың, тіпті күллі адам баласының бойында төмендегідей бірнеше жомарттық қасиет сөзсіз, болу керек деп қараған.

Көз жомарттығы

Қазақ халқы адам баласында көз жомарттығы, сөз жомарттығы, көңіл жомарттығы, қол жомарттығы, жол жомарттығы сынды бес жомарттық болу керек деп қараған. Сондай-ақ, көз жомарттығы жоқ адамнан ешқашан жақсылық күтіп, ұлылық туады деп есептемеген, қайта, күллі жомарттық пен ізгілік көз жомарттығынан бастау алады деп есептеген.

Сөз жомарттығы

Сөз жомарттығын қалыптастыруда қазақ халқы адам баласының аузынан үнемі жақсы сөз, жарасымды əзіл шығуы, айтқан сөз, түрлі əзіл-қалжыңдардан адамгершіліктің, ізгіліктің, адалдықтың,  кеңпейілдік пен кешірімділіктің лебі есіп тұруы керек деп қарап, əрқашан жақсы сөз бен жарасымды қалжыңға жомарт болуды дəріптейді.

Көңіл жомарттығы

Көңілді кең ұстау, барға қанағат ету, шүкірлік қылу, қызғаншақтық пен озбырлықтан, орынсыз бəсеке мен өлермендіктен аулақ болып,  барлық  адамды  тағдырлас,  тыныстас  жақыным  деп  қарап, алыс-беріс, барыс-келіс істерінде кеңпейіл, кешірімді болу, басқаға үнемі жақсылық, қуаныш, бақыт-байлық қонса екен деп ойлау; басқаға жол беру, қол беру сияқты ізгі қасиеттер «көңіл жомарттығы» есептеледі.

Қол жомарттығы

Жомарттықты ең ізгі, ең асыл қасиеттер қатарына қойып, «қол жомарттығын» адамгершілік пен ізгіліктің нақты көрінісі деп бағалаған қазақ халқы: «қолы ашық адам – өмірге ғашық адам, сараң адам – пасық адам» деп ұрпағын қолы ашық жомарт, ақкөңіл, ашық-жарқын болуға баулыған. Ұрпақтар бойына «қол жомарттығын» сіңіруде, өнегелі ата-аналар перзенттеріне өзінде бардың барлығын көпке бөлісу, қолындағы барды елден аямау, қиналғандар мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беру, түрлі апаттар мен ауру-сырқауға кіріптар болғандарға көмек беру; жылу атау, қамқорлық жасау, алдына бір нəрсе сұрай келгендерді құрқол қайтармау, яғни бүтін нан болса бөліп, жарты нан болса жарып жеу керегін мұқият ұғындырып, ұрпағын қолы ашық жомарт болуға, қолынан келген жақсылығын адам баласынан аямауға баулиды

Жол жомарттығы

Ақыл-есі дұрыс барша адам баласы жүрген-тұрған жерінде елге жақсы қылық, жарасымды мінез, жылы шырай көрсетіп, үлгі-тағы лым таратып, әртүрлі сəтте алдымен өзгеге жол беру, өлермен болмау, басқаларға жақсы əсер, үздік өнеге көрсету, сондай-ақ, жолда жатқан бір кесек тас болса да ерінбей алып тастап, басқа адамдардың жəбір-жапа көрмеуіне жағдай тудырып жүрудің барлығын қазақ халқы жол жомарттығы деп атайды əрі жол жомарттығының барша адам баласының адамгершілігін, азаматтығын, адалдығы мен ізгілігін сынайтын жауапкершілігі күшті қасиетті ұғым екенін жанды мысалдар арқылы ұрпағының құлағына құйып, көкейлеріне ұялатуға ерекше күш салады.

Менің ойымша, жомарттық отбасы тәрбиесінен басталады. Мысалы, біздің анамыз үнемі бізге «бір тілім қара нан болса да, бөліп жеңдер», «өзгелермен бөлісіңдер» деп жадымызға құйып отырады, сондықтан біздің қолымызда бір қампит болса біз бөліп жеуге тырысамыз, ешкімнен қолымыздағы нәрсені аямай, кеңпейіл болуға тырысамыз.

Return to Top ▲Return to Top ▲