Құран Кәрім – ақырзаман пайғамбары Мұхаммедке ﷺ түскен кітап. Ислам дінінің негізі Құран мен Пайғамбардың ﷺ сүннетінен тұрады. Құран Кәрім Алла Тағала тарапынан Жебірейіл періште арқылы уахи етіліп, Мұхаммед пайғамбарға ﷺ жиырма үш жылда нәзіл болды.
Алла Тағала Жүніс сүресінің 57-аятында: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге шипа және иман келтіргендер үшін тура жол бастаушы әрі рахым (ретінде Құран) түсті», – деген. Ал Исра сүресінің 9-аятында: «Расында осы Құран ең тура жолға бастайды», – деген.
Құранның ерекшеліктері:
- Құранның ешбір кітапқа ұқсамауы;
Адамзат тарихында құранға ұқсаған бірде-бір кітап жоқ. Исламды және оның негізгі қайнар көзі Құранды жоққа шығару үшін талай ғасырлар бойы ислам жаулары соның ішінде шығыстанушылар Құранның тілін араб тілін оның мазмұнын зерттесе де Құранға ұқсаған кітап жазып шыға алмаған. Арабтардың көркем өнер сөзінің шарықтау шегіне жеткен заманда Құран түскен. Құран аяттары арқылы Алла Тағала сол кездегі арабтарға Құранға ұқсаған бір кітап жазуды талап етеді, шешендік өнердің жілігін шаққан майталман ақындардың аузына құм құйылып, дәрменсіздік танытады. Ол жайында Алла Тағала қасиетті Құранда:
قُلْ لَئِنِ اجْتَمَعَتِ الْأِنْسُ وَالْجِنُّ عَلَى أَنْ يَأْتُوا بِمِثْلِ هَذَا الْقُرْآنِ لا يَأْتُونَ بِمِثْلِهِ وَلَوْ كَانَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ ظَهِيراً
(Уа, Мұхаммад!) «Ант етемін! Егер күллі адамзат пен жындар дәл осы Құран сияқты бір кітап жазу үшін жиналса, тіпті сол мақсатта бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетіп, күш біріктірсе де, бәрібір, дәл сондай кітап жаза алмайды», деп айт.[1]
Олардың жағдайын жақсы білуші Алла оларға он сүре жазуын талап етеді, алайда мұның өзін жаза алмайды.
أَمْ يَقُولُونَ افْتَرَاهُ قُلْ فَأْتُوا بِعَشْرِ سُوَرٍ مِثْلِهِ مُفْتَرَيَاتٍ وَادْعُوا مَنِ اسْتَطَعْتُمْ مِنْ دُونِ اللَّهِ إِنْ كُنْتُمْ صَادِقِينَ
Оларға: «Егер осы сөздерің рас, барлықтарың шыншыл болсаңдар, қане, сендер де ойдан осыған ұқсаған он сүре құрап көріңдер. Алладан басқа жәрдемге шақыра алатындарыңның бәрін шақырыңдар».[2]
Ең соңында Құран сүрелеріне ұқсаған бір сүре болсын жазуды талап етеді, алайда олардың бұған шамасы келмейді. Құранда Алла Тағала:
وَإِنْ كُنْتُمْ فِي رَيْبٍ مِمَّا نَزَّلْنَا عَلَى عَبْدِنَا فَأْتُوا بِسُورَةٍ مِّنْ مِثْلِهِ وَادْعُوا شُهَدَاءَكُمْ مِنْ دُونِ اللَّهِ إِنْ كُنْتُمْ صَادِقِينَ
«Егер құлымызға түсірген Құранның ақиқаттығына шәк келтірсеңдер, кәне соған ұқсас бір ғана сүрені ойдан шығарып көріңдерші, сондай-ақ егер (Мұхаммед оны өз ойынан шығарған деген) сөздерің рас болса, (онда сол бір ғана сүрені ойдан шығару үшін) Алладан басқа өздерің сенетін бүкіл медеткерлеріңді (шайырлар мен пұттарыңды) жәрдемге шақырыңдар»[3].
- Құран қателіктен ада
Адам ғылым-білімде қарыштап алға жылжыса да қателікке бой алдыруы заңдылық. Егер Құран адамзат тарапынан жазылған болса, талай қателер, келіспеушіліктер, сәйкессіздіктер табар едік. Бұл жайында Алла Тағала Құран кәрімде:
أَفَلَا يَتَدَبَّرُونَ الْقُرْآنَ ۚ وَلَوْ كَانَ مِنْ عِندِ غَيْرِ اللَّهِ لَوَجَدُوا فِيهِ اخْتِلَافًا كَثِ
«Олар Құранға терең ой жүгіртіп, оны лайықты түрде түсінуге тырыспай ма?! Егер ол Алладан басқа біреуден келгенде, онда олар міндетті түрде оның ішінде талай қайшылықтар табар еді»[4].
Құран Кәрім адамзатқа осыдан 14 ғасыр бұрын ғылым-білім дамымаған надандық заманында түссе де, заманауи ғылымға қайшы бір сүре, тіпті бір аят та кездестіре аламаймыз. Бұл Құранның Алладан екенінің дәлелі.
- Құранның қияметке дейін сақталуына Алла өзі кепіл
Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде бұл турасында былай дейді;
إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ
«Шүбәсіз, бұл зікірді (Құранды) біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз»[5].
Ғасырлар бойы Құранның әрбір сөзін, әріпін өзгертпестен мыңдаған адам бір-біріне жаттап қалдыру арқылы жеткізіп отырған. Құран қағаз бетінде ғана емес, адамдардың жүректерінде сақталу арқылы жеткен. Алла бұл кітапқа өзім сақтаймын деп кепіл болуы – Құранға деген ерекше құрмет. Басқа ешбір киелі кітап мұндай шарапатқа ие болмаған.
- Құраннан еш нәрсе қалыс қалмаған
Құран Алланың адамзатқа түсірген соңғы кітабы. Бұл илаһи кітапта адамға қажетті нәрсенің бәрі бар. Ақида негіздері, шариғи үкімдер мен дәлелдерден бастап мұсылман жасауы тиіс әдептерге дейін баян етілген.
- Құрандағы ғылыми жаңалықтар
Құран Кәрімнің кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кетуі көптеген батыс, шығыс ғалымдарын таңғалдырып, Исламға бас идірген. Міне, бұл – Құранның авторы Мұхаммед ﷺ емес, Құранның Алла тарапынан жіберілгендігінің дәлелі. Мысал ретінде бірнеше аят:
- Өсімдіктер де аналық-аталыққа бөлінеді
Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттелген. Ал, Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен:
«Жерден өсіп-өнетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қылып жаратқан Алла қандай пәк»[6].
- Аспан әлемі үнемі кеңеюде
Ең жақын бес-алты галактикадан басқа барлық галактикалар бізден өз қашықтықтарына сай жылдамдықпен тоқтамастан ұзақтап жатқанын 1922 жылы астроном Хабл (HubbIe) зерттеп тапқан болатын. Оның айтуына қарағанда, жарық жылдамдығымен есептегенде, бізден миллион жылдай қашықтықта орналасқан бір жұлдыз бізден жылына 168 км жылдамдықпен, екі миллион жыл ұзақтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш миллион жыл ұзақтықтағы үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстауда.
Иә, 1922 жылы ғана зерттеп білінген «Bigbang» Үлкен жарылыс» заңын Құран осыдан 1400 жыл бұрын, яғни астрономия ғылымының дамымаған, телескоп сияқты құралдардан мақұрым ғасырда «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және оларды үнемі кеңейтудеміз»[7], – деп анық айтып кетуі күмәнсіз толғанған ақыл иесін Құранға бас идірері сөзсіз.
- Жер – домалақ.
Құранның: «Түнді күндіздің үстіне, күндізді түннің үстіне орайды»[8], – деген аяты жердің шар тәріздес екендігін меңзейді. Араб тілінде «такуир» сөзі домалақ нәрсенің сыртына бір нәрсені орау, байлау деген мағынаны білдіреді. «Назиғат» сүресінің 30-аяты жер пішінінің аздап сопақтау екендігін: «Содан кейін жерді түйе құсының жұмыртқасы пішініне келтірді»[9] , – деп айқын білдіреді.
- Жердің айналу бағыты
«Тауларды көріп, оларды тапжылмай тұр деп ойлап қаласың. Ал, олар болса, бұлттардың көшкені тәрізді жылжуда»[10]. Алла Тағаланың адамдар ақиқат аясында өмір сүру үшін шырақ етіп түсірген қасиетті Құранның бұл аятында Жердің тек айналуы ғана емес, сонымен қатар оның айналу бағыты да айтылып кеткен. Қазіргі заман ғылымы қол жеткізген жаңалықтардың бірі – 35 004 000 м биіктіктегі негізгі бұлт жиындарының қозғалыс бағыты әрқашан батыстан шығысқа қарай болатыны. Ауа райын болжау үшін көбінесе батыстағы жағдайға назар аударылуының себебі де осыдан.
- Теңіздердің бір біріне араласпауы
Зерттеушілердің теңіз суының ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның «Рахман» сүресінде былайша баяндалады:
«Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды»[11].
- Адам баласының дүниеге келуі
Құранның көптеген аяттарында адам баласының дүниеге қалай келетіні, Алланың құдіретімен ана құрсағында жатып қандай даму кезеңдерінен өтетіні туралы жиі-жиі сыр шертіледі. Мысалы, «Мүминун» сүресінде: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге (жатырға) орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға) сосын, оны мудғаға (бір тістем ет көрінісіндегі жаратылысқа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын, оны басқа бір жаратылыс жасадық. Алла ең керемет Жаратушы», – делінеді. Осы сияқты мұғжизаға толы аяттар Құранда көптеп кездеседі.[12]
- Құран мен пайғамбар ﷺ хадисінің тілдік тұрғыда айырмашылығы;
Араб тілін бастапқы деңгейде игерген адам Құран аяттары мен хадисті оқығанда екеуінің арасын еркін айыра алады, өйткені Құранның жазылу тәсілі хадистен мүлдем өзгеше.
Құранның құпия сырларына сандық тұрғыдағы кереметін де айтып кетуге болады. Жаратқан Алла Тағаланың құдіретін танып, тура жолдан адаспай, ақиқатты мойындауға медет болары сөзсіз. Оның дәлелі төменгі мәліметтер бола алады.
- Құранда «еркек» сөзі 24 рет, «әйел» сөзі де 24 рет айтылған;
- Құранда «дүние» сөзі 115 рет, «ақырет» сөзі де 115 рет айтылған;
- «Періштелер» сөзі 88 мәрте, «шайтандар» сөзі 88 мәрте айтылған;
- «Өмір» сөзі 145 рет, «өлім» сөзі де дәл солай 145 рет;
- «Пайда» сөзі 50 рет, «зиян» сөзі 50 рет;
- «Адамдар» сөзі 368 рет, «Пайғамбарлар» сөзі 368 рет;
- «Ібіліс» сөзі 11 рет, «Ібілістен Аллаға сыйыну» сөзі де 11 рет;
- «Қайғы-қасірет» сөзі 75 мәрте, «шүкір» сөзі де 75 мәрте;
- «Садақа ету» сөзі 73 рет, «Ризалық» сөзі де 73 рет;
- «Адасқандар» сөзі 17 рет, «Өлілер» сөзі 17 рет;
- «Алтын» сөзі 8 рет, «молшылық» сөзі 8 рет;
- «Сиқыр» сөзі 60 мәрте, «фитна» сөзі 60 мәрте;
- «Зекет» сөзі 32 рет, «береке» сөзі де 32 рет;
- «Ақыл» сөзі 49 рет, «ұйқы» сөзі де 49 рет;
- «Қиындық» сөзі 114 рет, «сабыр» сөзі де 114 рет;
- «ар-Расул» сөзі (яғни, Мұхаммед пайғамбар) 4 рет, «шариғат» сөзі 4 рет айтылған.
Расында Құран Кәрім туралы күні-түні ұзақ әңгімелеуге болады. Оның ғажайыптары да ақырет күніне дейін таусылмайды.
Алла
Тағала бізді Құран Кәрім мен Пайғамбардың ﷺ салып кеткен сүннетіне амал ететін сүйікті
құлдарынан болуды жазсын! Құранды Қиямет күні бізге дәлел әрі шапағатшы етсін.
Пайғамбардың ﷺ
шапағатынан да құр қалдырмасын! Әмин!
[1] «Исра» сүресі, 88-аят.
[2] «Һуд» сүресі, 13-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 13-аят.
[4] «Нисә» сүресі, 82-аят.
[5] «Хижр» сүресі, 9-аят.
[6] «Яси»н суресі, 36-аят.
[7] «Зарият» сүресі, 47-аят.
[8] «Зүмәр» сүресі, 5-аят.
[9] «Назиғат» сүресі.
[10] «Нәміл» сүресі, 88-аят.
[11] «Рахман» сүресі, 19-20 аяттар.
[12] http://muslim.kz/kk/article/899-quran-jane-gylym.html