Еуразия Ұлттық Университетінің Отырар кітапxанасында «Қазақстандағы ислам мәдениеті (Науан Хазрет, Момақан Әлиев)» атты Берікбол Жанақ және Бекболат Әділбектің монографиялық еңбектерінің тұсау кесері өтті.
Қазақстанда аласапыран қиын-қыстау күндері болып өткен елеулі тарихи оқиғалар мен сол оқиғаларда жетекші рөл атқарған жеке тарихи тұлғалардың есімі назардан тыс қалып, ұмытыла бастағандығы жасырын емес. Сондықтан, ұмыт болған құнды дүниелерді жаңғырту, қазіргі күн тәртібіне енген күттірмейтін өзекті мәселелердің біріне айналды. Солардың негізгісі: Қазақстанның тарихы, діні, дәстүрі мен мәдениеті, қоғамдық-саяси жағдайы, қайраткерлердің өмірі мен қызметтері жөнінде ғылыми зерттеулер жасау аса қажетті.+
Осы уақытқа дейін тарихта Қазақстанның рухани-мәдени дамуына зор үлес қосып, өшпес ізін қалдырған талай майталмандарды білгенімізбен, әлі де тани алмаған тұлғалардың бар екені рас. Солардың бірі XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басында өмір сүрген Наурыз-Мұхаммед Таласов.
«Қазақстандағы ислам мәдениеті: Наурыз-Мұхаммед Таласұлының мұрасы» атты моногорафияда Науан Хазіреттің өмірі мен атқарған мысалында Қазақстандағы XIX екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси өмірдегі исламның рөліне кешенді талдау жасалды.
Сонымен қатар, Көкшетау өңірінде өмір сүрген Кеңестік кезеңде Қазақстан қазисы Сәдуақас Ғылманидің орынбасары болып қызмет атқарған Момақан Әлиевтің (Оразхалық Абдолжаппарұлының) өмірі мен атқарған қызметтерін сонымен қатар Қазақстан аумағындағы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси өмірдің дін қызметкерлеріне тигізген ықпалы және кері әсері жайында кешенді талдау жасалған.
Еңбекте отаршыл билік тұсында дінге және дін қызметкерлеріне жасалған демонизациялау (күйе жағу) саясаты қарастырылған. Осы тұрғыда дін қайраткері Момақан Әлиевтің өмірінен мысалдар келтіре отырып салыстырмалы талдау жасалған. Сондай-ақ бүгінгі таңға дейін зерттелмей келген, жаңа тұлғаны тарих сахнасына әкелу, зерттеу жұмысының негізгі мақсаты болған. Кітап исламтану, дінтану, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану және тарих саласындағы ғылыми ізденушілерге және кең оқырман қауымға арналған.
Muslim.kz сайтынан