بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Мәйiт биіктеу орынға жатқызылады. Жуу кезiнде жуатын және оларға көмектесетін кiсiлерден басқа ол жерде өзге адамдар болмауы сүннет. Жуатын кісі қолын шүберекпен орап немесе медициналық қолғап киіп сумен мәйiт әуретiнiң алды-артын жуып истинжа (үлкен және кіші дәрет секілді ластықтардан тазарту) жасайды.
Әбу Ханифа (р.а.) үкімдері бойынша мәйітке алдымен истинжа жасап, содан соң дәрет алдырады. Ал егер мәйіт туылғанда дауыс шығармаған шарана болса, дәрет алдырмайды, жаназа оқылмайды.
Мәйітті жуғанда екі қолынан емес бетінен бастап жуады.
Абд ар-Рахман әл-Жазиридің (р.а.) «әл-Жазири» атты кітабында: «әдетте адам денесін өзі жуатын болғандықтан екі қолының таза болуы қажет. Сондықтан да дәрет алу үшін адам алдымен екі қолын жуады. Ал мәйітті басқа адам жуатындықтан әуелі оның бетін жуумен бастайды. Жуушы сулы шүберекке оралған саусақтарымен мәйіттің аузы мен мұрнын сүртеді. Кейін мәйіттің сақал немесе шашы бар болса, оны сабынмен жуады»,-дейді. «Ат-Табиин» және ат-Тахауи «Шархында»: «егер мәйіттің шашы болса тірі адам секілді жуындырылады. Егер мәйіттің шашы жоқ болса, сабынсыз таза сумен жуу жеткілікті»,- делінген. Мәйіт басына мәсіх тартылады. Оң жағынан бастап жуу үшін мәйітті сол жағына жатқызып, басынан аяғына дейін 3 рет су құяды. Мәйіттің арқасын жуу үшін етпетінен жатқызуға болмайды. Су екінші жағына жету үшін әрі-бері қозғайды
Мәйiттiң бүкiл денесiне бiр рет су тисе, парыз кифая болады. Тағы екi рет жуу (үшке толтыру) мүстахаб. Кейiн мәйiттi оң бүйiрiне жатқызып, бастан-аяқ әуелдегідей сол бүйіріне үш реттен су құйып жуып шығады. Содан соң оны сүйеп отырғызып, жай iшiн басып сипау керек. Егер нәжіс шықса жуып тастайды. Содан кейiн мәйiттiң сол жақ бүйiрiне жатқызып, оң жақ бүйірінен су құю керек. Бастапқы 2 ғұсылда мәйiттi жылы сумен сабындап жуу қажет. Үшiншi рет жуғанда, иiс су немесе иiс май қосылады. Кейiн мәйiт денесi құрғатылады. Сосын иiс май жағу мустахаб.