«Әй, иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді араларыңда арам жолмен жемеңдер. Егер ол табысыңыз әрбіріңіздің ризашылығымен болған сауда заты болса да» (Ниса сүресі 29-аят.)
Алла тағаланың құлына деген мейірімділігінің көрінісі ризық-несібесін молынан беруінде. Алайда адамдардың көбі осы ризық-несібені табуда оның қандай жолмен келгеніне мән бере бермейді. «Ең бастысы жанұямды асырасам болды» деп, харам жолға парақорлыққа, біреуді алдап-арбауға баратынын көреміз. Алайда Алла тағала бізге тек адал жолмен мал табуды харамнан алыс болуға әмір етеді. Нәпақаны түрлі жолдармен табуға болатындықтан Ислам діні мұсылмандарға тапқан табыс, нәпақаның тек қана адал болуын талап етеді. Қайшы жағдайда табылған табыстың харам екендігін, ондай табыс пен күнкөріс пендені тозаққа жетелейтін амал деп қатаң ескертеді. Ықылым заманнан бері күнкөрістің негізгі кәсібі сауда болғандықтан, Ислам оны біздерге халал етті. Бірақ, адал, өсім араласпаған сауда ғана халал болып табылады. Алла тағала қасиетті Құранда:
وَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلَالًا طَيِّبًا وَاتَّقُوا اللّهَ الَّذِي أَنتُمْ بِهِ مُؤْمِنُونَ
«Әй, адамдар! Жер бетіндегі
нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп
берген ризықтарынан жеңдер!»[1]
Басқа бәр аятта:
يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا
«Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер»[2]
Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. [3]
Яғни кәсіптегі адалдық ол Алла тағаланың мұсылмандарға бекіткен бұлжымас қағидасы.
Пайғамбарымыз (с.а.у) басқа бір хадисте:«Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде»[4] деген.
Ислам адам баласына салауатты шариғат шеңберінде өмір сүруге бұйырады. Бұл өмірдің әр тұсын қамтиды соның ішінде сауда-саттыққа ерекше орын бөлген. Алла тағала Құран кәрімде:
وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا
Алла сауда-саттықты халал, өсімді арам етті, [5] деді.
Ал пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарақ хадисінде: (Әділ саудагер қиямет күні сыншылдармен, шахидтермен тіріледі) [6]деген.
Сауда жасаудың және оның берекесі мол екені жайында пайғамбарымыздың мына хадисі дәлел: (Саудамен айналысыңдар шын мәнінде ырыстың оннан тоғысы саудада)[7].
Саудамен айналысу ол адамның дүниелік қажеттілігі болғанымен негізінде оның ниетінде, адалдылығына байланысты.
Сауданың әдептері мен міндеттеріне келетін болсақ, кіршіксіз таза дініміз келесі әдептерге меңзейді:
Бірінішi – cатқанда және сатып алғанда жеңілдік таныту. Сатушы сатып алушының жағдайына оның қажеттіліге мән беру керек. Мүмкіндігінше қарызға беруге күнделікті қажетті заттарға жеңілдік жасауда бар күшін салуы міндетті. Сатып алушы да сатушының ақшаға мұқтаждығын пайдаланып, бағасын тым түсіруден аулақ болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде: (Сатқанда және сатып алғанда, қарызға бергенде және қарыз қайтарғада жеңілдік танытқан адамға Алла да мейірімділік танытады)[8] деген.
Екінші – cаудадағы сыншылдық. Тауардың түрін оның сапасын, кем-кетік тұстарын ашық баян етуі тиіс. Оны шамадан тыс асыра сипаттау ол мұсылман саудагеріне жат қылық. Пайғамбар хадисінде: (Әділ саудагер қиямет күні Алланың аршысының көлеңкесінде болады) [9], деген.
Үшінші – ант-cу ішу. Мұсылман саудагері өз тауарын сипаттағанда оны сатарда сөзін сенімді қылу үшін ант-су ішуден аулақ болуы ләзім. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде:
وَلَا تَجْعَلُوا اللَّهَ عُرْضَةً لِّأَيْمَانِكُمْ أَن تَبَرُّوا وَتَتَّقُوا وَتُصْلِحُوا بَيْنَ النَّاسِ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ
Жақсы іс істемеуге, тақуалық етпеуге, татуластырмауға ант ішу жолымен (Алла атымен ант ішу арқылы) Алланы көлденең тартпаңдар[10] деген. Пайғамбарымыздың хадисінде: (Алла атымен ант ішу (саудада), тиімді, бірақ берекені жояды)[11] делінген.
Төртінші – cадақаны көбейту. Сауда Алланың адал еткен кәсібі дегенмен адам сауда барысында қателікке, кемшілікке бой алдыруы мүмкін. Тауар дер кезінде сатып алушыға жетпей бұзылып, немесе сатушыға байқалмай қалған ақаулар болуы мүмкін. Сол себіпті қате-кемшіліктердің орнын толтыру үшін садақаны көптеп беруі керек. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: (Шын мәнінде шайтан мен күнә әрекет саудада бірге жүреді, сол себепті садақаларыңды көбейтіңдер)[12].
Бесінші – таразыға мән беру. Таразыдан жеу немесе таразының дұрыстығына мән бермеу ол Алланың қаһарына ұшырататын амалдар.
Құранда Алла тағала:
وَيْلٌ لِّلْمُطَفِّفِينَ الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُوا عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ وَإِذَا كَالُوهُمْ أَو وَّزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ أَلَا يَظُنّ أُولَـٰئِكَ أَنَّهُم مَّبْعُوثُونَ لِيَوْمٍ عَظِيمٍ يَوْمَ يَقُومُ النَّاسُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَ كَلَّا إِنَّ كِتَابَ الْفُجَّارِ لَفِي سِجِّينٍ
Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады»[13], – деп, оның соңы өкінішке ұласатынын ескертеді. Қазақта «Көп асқанға бір тосқан» деген осыған саяды.
Сауда жасаушы адам дүние тіршілігіне беріліп, Алланың парыздарын орындауда немқұрайлық танытпауы тиіс. Қазіргі кезде саудада жүрген кейбір бауырларымыздың намазға, оразаға қатысты айтатын уәжі «уақытымыз жоқ, жағдай жоқ» деп ақталады. Алайда шынайы мұсылмандарды дүниенің бұл алдамшы сынақтары басқа арнаға бұра алмайды. Алла тағала Құран кәрімді олар жайында:
رِجَالٌ لَّا تُلْهِيهِمْ تِجَارَةٌ وَلَا بَيْعٌ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ يَخَافُونَ يَوْمًا تَتَقَلَّبُ فِيهِ الْقُلُوبُ وَالْأَبْصَارُ
«Алланың есімін еске алудан, намаз оқудан, зекет беруден ондай адамдарды сауда-саттық істері де тоса алмайды. Олар жүректері де, көздері де орнында тұрмайтын тауқыметті (қиямет күнінен) қорқады»[14], – дейді.
Саңлақ сахабалардың сара жолдарына үңілсек, хазіреті Омар (р.а.) заманында сүтке су қосып сатпау жайында жарлық шығарады. Бір күні халифа қала көшелерімен түнде келе жатқанда бір үйдің ту сыртынан анасы мен қызының әңгімесін құлағы шалып қалады. Сонда анасы қызына: «Қызым, ертең базарға шығарып сататын сүтке су қоса сал көбірек болсын» дейді. Мұны естіген қызы: «Жоқ, анашым, сіз хазіреті Омардың «Сүтке су қоспау» туралы жарлығын естімеп пе едіңіз? Мен суға сүт қоса алмаймын» деп жауап береді. Анасы: «Тәйірі, сол Омар сені көріп тұр деймісің?», – дейді. Сонда қызы: «Омар көрмесе де Алла көріп тұр ғой, анашым», – деп ұтымды жауап береді. Демек, әрбір саудагер халықты алдағанымен Алланы алдай алмайтынын естен шығармаған жөн.
Мұсылмандар сауда-саттыққа шариғат тұрғысынан рұқсат етілгендігі турасында ортақ көзқараста. Ақылда осыны қажет етеді. Өйткені, адам кейде басқасының қолындағы нәрсеге мұқтаж болады. Ол адамның бұл мүлікті әрдайым тегін беруі мүмкін емес. Осы жайт адамдарды мүлікті мүлікпен айырбастауға итермелейді. Адам баласы жаратылыс тұрғысынан мәдени қарым-қатынастар жасауға бейім. Бірқатар мәмілелер іспетті сауда-саттық та қоғам халінде өмір сүру үшін қажетті нәрсе дегенді меңзейді.
Бір нәрсенің болмысы өзіне тәуелді болған және оның құрылымының бір бөлшегін құрайтын негізге «рүкін» деп айтылады. Ал, шарт болса, бір нәрсенің болмысы өзінің болмысына тәуелді болумен қатар, оның құрылымының бір бөлшегін құрамайтын іс яки сипат. Мәселен, намаздағы рүкүғ пен сәжде сияқты. Намаздың негізін құрайтын басты элементтер пен парыздар рүкін саналып, бұлардың біреуі кем болған жағдайда, намаз дұрыс болмайды. Сауда-саттық келісім-шартында да ижаб (ұсыныс) пен қабул (қабылдау) рүкін саналады. Екі жақтың бірінің ұсынысы, екіншісінің осыған сәйкес қабыл етуінсіз сауда-саттық жүзеге аспайды. Ижаб пен қабулдің баяндалуы сөзбен яки іс-әрекетпен болады.
Ханафилардың тұсындағы көпшілік бойынша сауда-саттық келісім-шартының рүкіндері төртеу болып; сатушы, алушы, келісім-шарттың тақырыбы және қолданылатын қалыптан (сиға) тұрады. Бұйрық рай қалыбымен сауда-саттық келісім-шарты жүзеге аспайды. Мәселен, алушы сатушыға «мына мүлікті маған сат» десе, сатушы «саттым» деп жауап қайырса, алушының «сатып алдым» деп айтуы қажет. Дәл осындай ұсыныс сатушы тарапынан да жасалуы мүмкін. Оның «мына мүлкімді сатып ал» ұсынысына қарсы жақтағы кісі «сатып алдым» деп айтса, сатушының «саттым» деуі қажет. Бұл жерде бұйрық рай қалыбымен айтылған алғашқы ұсыныстар, келер шақ мағынасын да қамтығандықтан ижабтан (ұсыныс) гөрі «ижабқа шақыруды» білдіреді. Себебі, адамдар көп жағдайда «мына мүлікті маған сат», яки, «мына мүлікті сатып ал» сияқты ұсыныстарға күмәнмен қарайды. Яғни, олар «мүліктің бір кемшілігі болмаса, мұндай ұсыныс жасамайтын еді» деп ойлайды. Негізгі қағида бойынша мүлікке алушы сұраныс білдіруі керек. Бірақ, бұйрық рай қалыбы келісім-шартты сол сәтте іске асыру ниетімен қолданылатын болса, ижаб жүзеге асады
Жоғарыдан көргеніміздей, Ислам діні белгілеген өлшемдері бойынша жасалатын сауда, ғибадаттың бір түрі. Намаз, ораза секілді ислам парыздарының шарттары, рүкіндерін әрбір намаз оқитын мұсылман білуі керек болғандай, сауда жасайтын адам да дініміздегі сауданың шарттарын, негіздерін біліп, үйренуі ләзім. Хазіреті Омар (р.а.) халифа болған дәуірінде «Ислам ережелеріне сай сауда-саттық жасауды білмейтін адам біздің базарымызда сауда жасамасын. Өйткені ол өзі де білмей, өсім алып береді» – деген жарлық шығарғаны риуаяттарда келген[15]. Сауда-саттықта Алла Тағала алдындағы әдебіміз Оның белгілеген шектеулері мен тыйымдарынан қашып, жүктеген міндеттемелерін бұлжытпай орындау арқылы болмақ.
СҚО бойынша өкіл имам,
«Қызылжар» орталық мешітінің Бас имамы
Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы
[1] Маида сүресі, 88-аят
[2] Мүминун» сүресі, 51
[3] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[4] Дәйләмидің хадистер жинағы
[5] Бақара сүресі, 275-аят
[6] Тирмизи хадистер жинағы
[7] Ибрахим, аль-Харби, Саид бин Мансур
[8] Бұхари хадистер жинағы
[9] Дәйләмидің хадистер жинағы
[10] Бақара сүресі, 224-аят
[11] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[12] Тирмизи хадистер жинағы
[13] Мутафифин сүресі, 1-7 аяттар
[14] Нұр сүресі, 37-аят.
[15] Тирмизи, Уитр 21